НАҚТЫ ІС ОҢ НӘТИЖЕ БЕРЕДІ
2017 ж. 31 тамыз
2157
0
Елімізде халықты әлеуметтік жағынан қорғау бағытында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Осы орайда бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, аймақтарда, жергілікті жерлерде іске асырылуда. Тұрғындарды жұмыспен қамту, атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындалып, тұрақты төленіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да осы бағдарламалардан шет қалмайды. Осының бәрі бір мақсатта - халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған. Бағдарламалар өздігінен орындалмасы белгілі. Бөлінген қыруар қаржыны мақсатты және тиімді жұмсау да мамандардан үлкен іскерлік пен біліктілікті талап етеді. Сол үшін мемлекеттік қызметкерлерді оқыту мен бүгінгі күн талабына сай дайындау, нақты бағыт-бағдар беріп отыру аса қажет.
Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы ағымдағы жылдың 22-тамызында аудандар мен қалалардағы жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмдерi, халықты жұмыспен қамту орталықтары үшiн Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң аталмыш саладағы Бiрыңғай ақпараттық жүйе жұмысы жөнiнде оқу-семинар ұйымдастырды. Аталған шарада ақпараттық жүйе арқылы мемлекеттiк қызметтер көрсету тақырыбы кеңінен қозғалды. Жұмыссыз азаматтарды тiркеу, сондай-ақ түрлі қызметтер көрсету, атаулы әлеуметтiк көмек және 18 жасқа дейiнгi балаларға мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар, ақшалай көмек тағайындау секілді негізгі мәселелер сөз болды. Семинар барысында аймақтағы жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмдерi, халықты жұмыспен қамту орталықтарының ақпараттық жүйелерi жұмысындағы бiрқатар кемшiлiктер де аталды. Осы олқылықтар бойынша алдағы кезеңде сәйкес шаралар қолдану қажеттігі атап көрсетілді.
Сол сияқты әкiмдердiң кеңесшiлерi және түрлі мүгедектiгi бар адамдардың қоғамдық бiрлестiктерiнiң басшылары үшiн кеңейтiлген отырыс та өткiзiлдi. Шара барысында мүгедек адамдардың оңалту құралдарын және кейбір қызмет көрсету түрлерінiң орнына ақша төлеуге ауысу қажеттiлiгi туралы мәселе талқыланды. Отандық өндiрушiлер тауарларын бiрiктiру жолымен «Атамекен» ҚР ҰКП қызметтерiн бөлу жөнiнде бiрыңғай бағытты қалыптастыру туралы мүгедектер ұйымдарының бiрегей тiзiмiн жүргiзу, мүгедектердiң оңалту құралдарын техникалық көмекшi тiзбесiн кеңейту жөнiндегі жұмысты күшейту қажеттiлiгi туралы көптеген ұйымдастыру мәселелерi талқыланды. Мұндай iс-шаралар мүгедек адамдардың сенiмдiлiгiн арттырады, олардың өзгелер сияқты қоғамда алар өз орны бар екенiн сезiнедi, ұжымда да жұмыс қабілетін арттырады.
2015 жылдан бастап облыс аумағында аз қамтылған отбасыларға әлеуметтiк көмек көрсету үшiн «Өрлеу» жобасы iске асырылуда. Жобаның iске асырылу кезеңiнен бастап 597 әлеуметтiк келiсiмшарт жасалды. 2623 адам жобаға қатыстырылды және олар кедейлiк жағдайынан шықты, соның iшiнде 2017 жылы 340 отбасы (1520 адам) жобаға енді. Осы кезеңде 364 адам жұмыспен қамтылды. Бүгiнгi күнi 316 жоба қатысушылары тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Шартты ақшалай көмек 1225 адамға (277 отбасы) 25,1 млн. теңге көлемiнде төлендi. 2017 жылы қатысушылардың жан басына шаққандағы орташа табысы 3,7 есе (5450,2 теңгеден 20030,8 теңгеге дейiн) артты. Ағымдағы жылы 4 және одан да көп балалары бар 62 көпбалалы отбасы «Өрлеу» жобасының қатысушылары қатарына кірді.
Солтүстiк Қазақстан облысының өңiрлiк коммуникациялар қызметi базасында ағымдағы жылдың 10 тамызында жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мәулетбаеваның, «ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтiк қорғау және көшi-қон комитетiнiң Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша департаментi» РММ МӘС әдiстемелеу және бақылау бөлiмiнiң басшысы Бегайым Мейманованың және «Республикалық протездiк-ортопедиялық орталық» АҚ Петропавл филиалының бас инженерi Роман Емелиннiң қатысуымен брифинг өткізілдi. Спикерлер мүгедектердi техникалық көмекшi құралдарымен қамтамасыз ету жөнiндегi жүргiзiлген жұмыстар туралы баяндады, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтiк оңалту жүйесiндегi жаңалықтар туралы, қазiргi заманғы протездеу және инновациялық құралдар әзiрлеу, медициналық-әлеуметтiк комиссияға жүгiну тәртiбi туралы түсiнiктер бердi.
Отырыста мүгедектерді жұмыспен қамтамасыз етуге, мүмкiндiктерi шектеулi адамдардың мәдени және спорттық өмiрге қатысуы, бос уақытын және демалысын мазмұнды өткiзуге қатысты бiрқатар мәселелер қаралды. Әлеуметтiк және көлiк инфрақұрылымы нысандарында мүмкiндiктерi шектеулi адамдар үшiн кедергiсiз орта құруға ерекше көңiл бөлiндi. Отырыс қорытындысы бойынша Үйлестiру кеңесiнiң мүшелерiне, мемлекеттiк органдар мен үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерiне қаралған мәселелер бойынша тапсырмалар берiлдi.
Жоғарыда аталған шаралар жұмысты дұрыс және нәтижелі жүргізуге септігін тигізері сөзсіз. Оның нәтижесін осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардан-ақ байқауға болады. Мысалы, 2017 жылғы 1 тамызға дейінгі жағдай бойынша 16882 адам жұмысқа орналастырылып, 9182 жаңа жұмыс орны құрылыпты. 2845 жұмыссыз ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Халықтың экономикалық белсенді тұрғыдан тіркелген жұмыссыздар үлесі 0,9%-ды ғана құрады.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, облыстық кәсіподақтар кеңесі және жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер бірлестігі арасында 2015-2017 жылдарға арналған облыстық келісім жасалды. Келісімде үш жылға әлеуметтік әріптестікті дамытудағы негізгі басымдылықтар және облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуының кешенді бағдарламаларын іске асыруға жәрдемдесу және қызметкерлерді еңбек саласында қорғау және әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту жөніндегі бағыттар айқындалған.
Тараптарының мүдделерін барынша ескеру, еңбек қатынастарын қамтамасыз ету мақсатында қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мәселесі жайлы меморандумдар жасасу жұмысы жүргізілуде. Сөйтіп 2017 жылғы 1 тамызға дейін облыстың 1952 кәсіпорындар мен ұйымында меморандумдар қолданысқа енгізілді.
2017 жылға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының іс-шараларын жүзеге асыруға 4,5 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде 2,8 млрд. теңге – республикалық бюджеттен, 1,7 млрд. теңге – жалпы сипаттағы трансферттер.
Бағдарламаның бірінші бағыты аясында 2017 жылы техникалық және кәсіби мамандықтар бойынша 426 қатысушыны оқыту жоспарланған болатын. Еңбек нарығындағы сұранысқа байланысты жұмысшы кадрларын қысқа мерзімді кәсіби оқытуға 637 адам оқудан өтті.
2017 жылы Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» деген екінші бағыты бойынша жалпы сомасы 2,0 млрд. теңгеге 288 несие беру жоспарланып отыр. 2017 жылғы 1-тамыздағы жағдай бойынша 459 млн.теңге сомасында 129 несие берілді. Бұдан басқа Бағдарлама іс-шараларымен қарыздарын субсидиялау және кепілдендіру қаралған. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 416 қатысушы оқудан өтті.
Бағдарламаның үшінші бағыты аясында 29 инфрақұрылымдық жобаны жөндеу қарастырылған, оларда 280 жұмыс орнын құру, соның ішінде Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 147 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні 28 жобада жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 257 жұмыс орны, соның ішінде Бағдарламаға қатысушылар үшін 137 жұмыс орны құрылды.
Халқы саны жағынан аз орналасқан солтүстік аймаққа республиканың өзге облыстарынан азаматтарды көшіру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру жұмысы қарқынды жалғастырылуда. 2017 жылдың 1-тамыздағы жағдай бойынша облысқа 420 адам бар 94 отбасы көшіп келді. Олардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан. Келген 420 адамның арасынан 190 адам еңбекке жарамды жастағы адамдар, 215 бала, 12 студент және 3 зейнеткер көшіп келді. Қоныс аударушыларды қабылдау өңірлік квотасына 76 отбасы (356 адам) енгізілді.
Сол сияқты алыс шетелдерден 2017 жылғы 1-тамызға дейінгі есеп бойынша Қытай, Өзбекстан, Монғолия, Ресейден жалпы 57 этникалық қазақ отбасы келіп, оралман мәртебесін алды. Оларды жұмыспен, түрлі әлеуметтік қызмет түрлерімен қамту жүргізілуде.
Тұтастай алғанда облыс бойынша 2017 жылғы тіркеуге сай аз қамтамасыз етілген азаматтар саны 6,6 мың адамды құраған-ды. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 2017 жылы 1295 азаматқа беріліп, жалпы мөлшері 32,1 млн. теңгенің жәрдемақысы тағайындалды. Облыс бойынша 1 атаулы әлеуметтік көмек алушы жәрдемақысының орташа мөлшері орта есеппен 2751,1 теңге көлемінде. 2017 жылғы 1 тамызға 18 жасқа дейінгі балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар тұтастай алғанда облыс бойынша 3,8 мың балаға (1,5 мың отбасы) жалпы мөлшері 50,2 млн. теңгенің мемлекеттік жәрдемақысы тағайындалды. Оған қоса үйде білім алатын 316 мүгедек балаға 9,3 млн. теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек беріледі. Сонымен қатар облыстың 1469 аз қамтамасыз етілген отбасына тұрғын үйді ұстау және коммуналдық төлемдерді төлеу жөніндегі шығындарды өтеуге жалпы мөлшері 24,8 млн. теңгенің тұрғын үй көмегі белгіленген.
Халықты әлеуметтік қорғау саласына жататын ұйымдар жүйесінің мемлекеттік құрылымына 1,7 мыңнан астам азамат тұратын және бүгіндері жұмыс істеп жатқан қарттар мен мүгедектерге арналған 8 үй-интернаты және мүгедектерді сауықтыру орталығы бар. 2012 жылдан бастап Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жанынан 10 орынға 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар мүгедектерге арналған күндізгі болу бөлімшесі жұмыс істейді. Балалар әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жанынан 45 орынға мүгедек балалар үшін күндізгі бөлімшесі ашылған. Медициналық-әлеуметтік мекемелерде арнаулы әлеуметтік қызметтер қамқорлықтағылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып стандартта қарастырылған көлем және түрлері бойынша ұсынылады. 2017 жылғы 1-тамыздағы жағдай бойынша облыс аумағында 35 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі жұмыс істейді, олар 3 мыңнан астам қарт азаматтар мен мүгедектерге, кемтар балаларға және психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан жоғары тұлғаларға қызмет көрсетеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес облыс мүгедектері жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес протездік-ортопедиялық құралдарымен, сурдо-тифлотехникалық құралдарымен, жүріп-тұру арнайы құралдарымен, міндетті гигиеналық құралдарымен, санаторлық-курорттық емделумен, жеке көмекшінің қызметтерімен, ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.
Ағымдағы жылы 1226 мүгедек 1961 оңалту құралымен қамтамасыз етілді, Ақмола облысының «Алмаз» санаторийінде 348 адам емделді, 1 мүгедек бала кохлеарлық имплантыға сөйлеу процессорын ауыстыру қызметімен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылдың басынан бастап 1563 мүгедек міндетті гигиеналық құралдарымен қамтамасыз етілді, 500 мүгедек әлеуметтік қызметпен қамтылды, соның ішінде 1 топтағы жүріп-тұруында қиындық бар 318 мүгедекке жеке көмекшінің қызметі және естуі бойынша 182 мүгедекке ымдау тілі маманының қызметі көрсетілді. Халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған солтүстік аймақтың атқарып жатқан игі шаралары баршылық. Ең бастысы осы бағыт пен қарқынды жоғалтып алмаса болғаны.
Ия, мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, қарапайым тұрғындар үшін жасалып отырған мүмкіндіктерді іске асыру үлкен ұйымдастырушылықты талап етеді. Ол тек қана мінберден айқайлап айтылып, қағаз бетінде жазылып қана қоймай іс жүсінде жүзеге асырылуы қажет, нақты іс қана оң нәтиже береді.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz