Үкіметте әкімдер көмір тапшылығына халықты кінәлап есеп берген
2017 ж. 11 қазан
2657
7
ҚР Үкімет басшысы көмірге байланысты барлық жауапты тұлғадан жауап алды. Бақытжан Сағынтаев көмірлі өңір — Қарағандының өзінде ұзын-сонар кезектің болуы жаға ұстатарлық жағдай екенін айтып, әкімді орнынан тұрғызды.
Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
«Көмір жеткілікті өндіріліп жатыр, толықтай жеткізіп те жатырмыз. Облыста көмір тапшылығы деген мәселе жоқ. Өткен жылы халық көмірді қазан айынан бастап ала бастаған. Биыл қыркүйектен басталып кетті. Содан соң аз-кем мәселе болғаны рас», — деп оңай құтылуға тырысты Қарағанды әкімі.
Бірақ бұл жауапқа Үкімет басшысы қанағаттанбады:
«Ерлан Жаханұлы, сонда не халық кінәлі дегіңіз келіп тұр ма? Бұрын қазанда алған, қазір қыркүйекте алып жатыр дейсіз бе? Бар мәселе осында ма?».
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те әріптесінің сылтауын қостай жөнелді.
«Бакытжан Әбдірұлы, білесіз бе, жағдай бақылауда ғой. Көмір жоқ емес, бар. Біздегі проблема — Шұбаркөл көмірі. 10 күннің ішінде бір айдың нормасындағы көмір сатылып кетті. Сұраныс 3 есеге өсті. Ертең 5 мың тонна көмір келеді, мәселе шешіледі. Негізінде, сұраныс әдеттегіден ерте басталып кетті, біз мұны есепке алмадық, сондықтан бүкіл графикті қайта қарау керек болды, тасымал графигін де қайта түздік».
«Әй, өткенде не дедіңдер, жылыту маусымына бәрі дайын„ дедіңдер емес пе? Осы ма дайындықтарың? Көмірлерің әлі жоқ. Бұл арада өз ісіне жауапсыз адамдар бар, басқа түк те емес. Бұл сөзімді ескерту деп есептеңдер„ — деді премьер әкімдерге қаратып айтқан сөзінде.
Дереккөз: kaz.365info.kz