Қазақстанда өгейлік деген сөз маған жат

зиябекЗиябек Қабылдинов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры т.ғ.д., профессор:

– Аға, өзіңіз жайлы, жалпы халыққа қысқаша таныстырып өтсеңіз?

– Менің есімім Зиябек Ер­мұқанұлы.Омбы облысында туып өстім. Менің ата бабаларым осы өнірге 13 ғасырдың басында Шынғысханның билікке келген тұсында келген. Өзім 1986-1991 жылдары Омбы мемлекетінің тарих факультетіне түсіп, үш жылдай үздік оқыдым. Сондықтан болар, ректорымыз Омбы университетінің археология және этнографя музейінің директор қызметіне тағайындады.

Жалпы, студент кезімде тарихи этнографиялық экспеди­цияларға жиі қатысып, облыс­тың қырық шақты ауылдарын қоғамдық көлікпен аралап тарихи материалдарды, жергілікты фольклор, топонимика, шежіре­лерді жинадым. Жаныма пат­риот­тық рухта тәрбиеленген бес алты қазақ жігіттерінің басын қосып елге, болашаққа керек құнды дүниелерді жинадық. Атап айтсақ, Байтұяқ, Қоянбай, Қабул, Қасқат, Тұрат, Караңғы арал, Сулу терек, Кегентай, Ортақшыл, Шахат, Кұдықшілік, Бараба, Басағаш, Бозан, Қаратал, Алкөл, Караман, Караөзек, Жарағаш, Сегізбай, Кызылағаш, Тұмба т.б.

Бір қызығы бір ғасыр бұрын Омбы уезінде 800 ге жуық ауылдар болған. Кеңес үкіметінің кезінде олар жоспарлы түрде жоғалтылған. Қазірде сол күйде деп айтар едім. Сондықтан «Мәдени мұра» бағдарламасын осы жаққа бұрып біздің басымызға келмейтін, Қазақстанда жоқ құнды дүниелерді жинап алуға мүмкіндік бар.

Бүгінгі таңда, елімізде Омбы облысындағы 100 мың қазақтың ұлт болып қалуына жергілікті билік тарапынан ешқандай жағдай жасалмаған. Себебі, қазаққа арналған қазақ тілінде бірде, бір мектеп, театр, газет, телеканал, радиохабар жоқ. Қазақтың мұңын айтатын бірде, бір қалалық және облыстық думада депутат жоқ. Тіпті, қалалық немесе облыстық әкімшілікте үлкен қызметте жүрген қазақты көрмейсің. Біздің ұлт өкілдерімізге кейбір кезде тазартушылардың қызметінде бермейді. Оның үстінде скинхед деген пәле шығып, жылма-жыл он, жиырма шақты қандастарымызды жоспарлы түрде өлтіріп жатыр. Бір қуантарлығы осының біршамасын қылмыс кодексінің басқа бабтарымен келтіріп скинхеттерды соттап жатыр.

Омбы қаласы қазақ зиялыла­рының қаймағын тудырған өлке ғой. Әлихан, Смағұл, Сәкен, Асылбектер оқыған қала. Сол жақтағы, жүз мың қазақтың оқымағаны жоқ. Әр адамда кем дегенде қос-қос дипломы бар мамандарды біз Қазақстанға тарта алмай отырмыз. Өздері келсе жақсы ғой. Бірақ оларға жұмыста, қызметте ұсына алмаймыз, пәтер мен үйде жоқ.

«Болашақ» бағдарласына миллиондаған ақшаны кұрдымға жібергенше, Омбының, Ресейдің бір миллион оқыған азаматтарын көшіріп әкелсек, Қазақстанды жақсы мағынада төңкеріп жіберуге болады. Елу мемлекеттің қатары былай тұрсын, әлемнің үштігіне кіріп кетуге болады.

Ресейдің қазақтары, оның ішінде Омбы қазақтары, бір жағынан қазақи, діни қаймағы бұзылмаған. Екіншіден, коррупция схемаларынан және трайбализмнен аман. Үшіншіден, білімі және кәсіптік жағынан мықты болып келеді. Себебі ресейде орыспен тең болу үшін олардан бір бас жоғары болу керек. Мен ойлаймын, басқа елдерде де тұратын қандастарымыздың да осындай ұтымды қасиеттері бар.

– Шеттен келген қазақтың өз отанына қосып жатқан үлесі жайында не айтасыз?

– Қандастарымыздың өз отанына қосатын үлесі көп. Атап айтар болсам:

Біріншіден, біз қазақ ұлты болып қалу үшін пайыздық жағынан 75 % жетпесек, болашағымыз екіталай. Шеттен келген ағайын біздің санымызды да, сапамызды да көтереді. Біз Кеңес империясынан әзер құтылғанымызға жиырма жыл өтті, бірақ тағыда олардың «ыстық құшағына» тап болдық кеден одағын құрамыз деумен. Сондықтан жоқ болып кетпеу үшін елімізде қазақтардың санын да сапасын күшейтуіміз керек. Бір жақсысы Елбасы соңғы құрылтайда осы бағытта жақсы ойларды айтты. Енді осы айтылғандарды жүзеге асыру керек. Билікте отырған азаматтар өз қалтасын ойламай, арасында елдің қамын да ойлап отыру керек. Елбасының нағыз «солдаттары» болып ол кісінің бүкіл тапсырмаларын орындаған жөн.

Екіншіден, олар келіп қазақ тілінің кеңістігін кеңітіп қазақ тілінің жағдайын дұрыстауға әсер етеді.

Үшіншіден, экономикаға, бюджетті толтыруға еңбек етеді. Себебі олар бір тиын тапсада өзімізде қалдырады, гатарбайтерлер сияқты басқа мемлекеттерге тапқан ақшаны аудармайды.

Төртіншіден, шетте жүрген адамда ерекше патриоттық сезім пайда болады. Олар отансүйгіш болып келеді. Егерде ертең елдің егемендігіне қауып төнсе ең бірінші ел қорғаушы азамат болып, солар келеді.

Бесіншіден, олардың спортқа, мәдениетке, өнерге басқа да салалар­ға қосар үлесі ұшан теңіз.

Мысалы, 1992 жылы болашақ Қазақстанның Елтаңбасын қандасымыз Жандарбек Малибеков Өзбекстаннан арқалап әкелген. Осы кісі конкурсқа елтаңбасын дайындап жүріп бір қызық оқиғасын айтқан еді. Бір орыс жолдасының екі бөлмелі пәтерінің балконында қонып жүрген. Балкондағы төсектің астында Санта деген ит жатады екен. «Бір күні балконда екеу болып жатып, таңертең тоғыз болып тұрдық» дейді. Себебі әлгі ит күшіктеген. Мінекей осындай жағдайда жүріп жоғары патриоттық сезіммен бізге елтаңбаны силады!!! Ол аз ба!?

Құранды ең бірінші араб тілінен қазақ тіліне аударған Түркиядан көшіп келген Халифа Алтай ғұлама ағамыз еді. Қанша қазақты намазға жығылтты!

Әлемге қазақтың атын аспандат­қан таэквондадан әлемнің сегіз дүркін жеңімпазы Түркиядан көшіп келген Мұстафа Өзтүрік еді. Қаншама жас спортшыларға үлгі болды!

Соңғы Бейжің Олимпиадасында 2008 жылы Қазақстаннан жалғыз қазақ алтын медаль алды. Ол қолғапшы үш жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келген Бақыт Сарсекбаев бауырымыз.

Қазір кәсіптік бокста «Астана арландары» командасының құрамында, бүкіл әлемнің боксшыларының тізесін бүктірген. Сонымен қатар, қазақтың намысы үшін жұдырықтасып кешегі Бейжің Олемпиадасының қола жүлдегері қытай елінен көшіп келген қандасымыз Қанат Сләм. Осы жігітті көргенде Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бегельдиновтарды көргендей боламын.

Монголиядан көшіп келген ежелгі түрік жазуларын көзін жауып оқитын қазақ ұлтының мақтанышы профессор Каржаубай Сартқожа.

Ресейдің Астрахан мектебін алтын медалмен бітірген, «Мир» телеарнасын құрып, 13 жыл басқарған ақын Ғаділбек Шалахметов

Ауған жерінде кеңес Одағының батыры атағын алған, жалғыз қазақ азамат Ресейдің тумасы.

Сіз Ресейде туып есейдіңіз, отаныңыз-Қазақстаннан өгейлік көрген кездеріңіз болды ма?

– Ондай болған жоқ. Павлодарға 1994 жылы отбасым мен көшіп келдім. Бір айдай трамваймен және жаяу жүргенді жақсы көрдім. Өйткені, өзімді осы елдің қожайынындай сезіндім. Жатырқамай ешкімнен каймықпай егеменді елдің азамтындай еркін болдым. Омбыдағы бүкіл дос туыстарыма осы ойымды айтып, Қазақстанға көшіп келуге болатынын жеткіздім. Павлодардағы милиция мектебінде қамқорлығын көрсеткен нағыз қазақтың батыры Боранбай Скаков деген азамат үлкен жақсылық жасады. Бес жыл ішінде, лейтенанттан майорға дейін көтеріп милиция мектебінің бірінші орынбасырына дейін көтерді.

Сондай-ақ, алты жылда Ресей қазақта­ры туралы кандидаттық пен докторлық диссертацияны қорғатқан мықты тарихшы Жанұзақ Қасымбаев ағам камқорлығын аямады.

2004 жылы Астанаға көшіп келіп, Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істедім. Жеті жылда екі ректормен қызметтес болдым. Сарсенғали Абдыманаповта, Бахытжан Әбдірайымда жұмысымды оң бағалап, екі мәрте проректорлық қызметтерге көтерді. 2010 жылы Еуразия университетінің 12 факультетінің ішінде, «Әлеуметтік ғылымдар» факультетін үздік деп бағалап бірінші орынға көтерді. Посткеңестік республикаларының ішінде жалғыз маған қызметтік көлік сыйлап құрметтеді. Осыдан кейін Қазақстанда өгейлік деген сөз маған жат.

«Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп біздің дана халық тегін айтпаса керек. Сондықтан еш ренішім жоқ.

Кейбіреулер мені мазақтайды «Егерде ақшаң болса, крышаң болса министр болатын жігітсің» деп, мен мұндай сөзбен келісе алмаймын. Өйткені, оларда құлдық психология. Осы елдің көшесін сыпырып жүрсемде, жаңа ғимараттардың кірпішін қалайтын құрылысшы болсамда, өзімді өгей сезінбеймін. Себебі мені ешкім «колбит немесе киргиз» деп айта алмайды. Мықты болсаң бір жерден шығасың, елдің бір үлкен тесігін жабасың.

Бір қызығы Омбыда жүргенде, қазақ жастарының ішінде спортшы болу «мода» болды. Мен самбо күресінен спорт шебері болдым. Бес сағатта 300 мықты жігіттерді жинайтын жағдайларымыз болды, қарсыластарымызға тойтарыс беруге мүмкіндігіміз жетті. Бірақ біз көбінесе студенттер Омбының Кировский ауданының қазақтарымен боксшыларымен жұдырықтасып, жекпе-жектерде шыңдалып қалдық. Ол балалық қой. Дегенмен қазақ кештерін ұйыдастырып, бір жұмада бір рет 1500 студент жастарының басын қосып біріктіруге тура келді. Биден басқа қазақ газеттерін кітаптарын таратып қазақтың салт дәстүрлерімен таныстырып насихаттап отырдық.

– Бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп нені айтар едіңіз?

– Біріншіден, жемқорлықты тоқтату немесе оны азайту керек. Оны жасамасақ мемлекет құлайды. Қарапайым халықта билікке сенімсіздік пайда болады. Бір ғана «Хоргос» оқиғасы осыны білдіріп отыр. Менің ойымша, Елбасы кадр мәселесіне басқаша караса екен. Бізге жаңа күш керек, бірақ жас емес. Ары да, колы да таза және білікті де кәсіпті болғаны жөн. Жасына көп қарамау керек. Үлкендерді итеріп, жастарды олармен ауыстырсақ Әлихан Бөкейхановтың өзі тіріліп келсе де жұмыссыз қалушы еді. Бірақ Смағұл Садуақасұлындай немесе Асылбек Сеитовтей таза және білімді азаматтар болса, қызметке тарту керек!

Тартатын Жас дегеніміз ол кім? Кешегі жемқорлардың балалары немесе туыстары емес.

Екіншіден, білім саласын басқаша реформалауға тиіспіз. Мектеп және ЖОО дағы ұстаздардың еңбек ақысын кем дегенде 3 - 4 есеге көбейту керек. Сонда сапа да, дарынды ұстаздарда білім саласына келеді. Сонымен қатар, ЖОО да профессор окытушылардың сағатын 4-5 есе азайту керек. Себебі біздің адамдар жылына 850 сағат жұмыс істесе, шетелде анағұрлым аз. Мысалы Ұлыбританияның ЖОО да әрбір ұстаз жылына 120 сағат сабақ жүргізеді. Ең өкініштісі, ЖОО да қазақ тілінде оқулықтар жоқтың қасы. Қазақ тобын бітірген жастар қандай сападағы маман болатынын өздеріңізде білесіздер. Осындай түйіткілді мәселелерді дер кезінде қолға алмасақ, құрдымға кетеміз.

Үшіншіден, халық байлығын яғни шикізатты және стра­тегиялық бағыттағы объектілерді үкіметке мүмкіндігінше қайтару керек. Оны жасамасақ өз халқымызға кысылғанда көмек жасай алмаймыз.

Төртіншіден, ауылдың жағда­йын жедел түрде дұрыстау керек. Ол үшін баяғы колхоз, совхоздарды госхоз кылып тірілткен дұрыс. Әйтпесе ауыл жері босап халықты асырайтын адам қалмай, қытай қаптаған сонда болады.

Бесіншіден, жолды кеңітіп сапалы түрде бүкіл республикада жөндеу керек. Себебі, халық қойша жолда қырылып жатыр!

– Ұстаздық салада еңбек етуіңізге байланысты жастар тәрбиесіне көңі­ліңіз толмайтын қандай істер бар?

– Идеология жоқ. Халықты біріктіретін Ұлттық идея жоқ! Басқа діни ағымдар қаптап жастарды бұзып жатыр.

– ЖОО-дарындағы бүгінгі оқулықтарға көңіліңіз тола ма?

Толмайды. Сапасы былай тұрсын қазақ тіліндегі оқулықтардың пайыздық жағынан онға да жетпейді, әсіресе жаратылыстану техникалық бағытта. Онымен жүйелі түрде үкімет дұрыс араласып та жатқан ешкім жоқ. Еуразия университетінде 40-қа жуық оқулықтар жасалды, бірақ республика бойынша олар бір ортадан жасалмай келеді. Қазақ тобында оқитын студенттердің обалына қалып жатырмыз.

– Жалпы қоғамға не беріп, не алу керек деп ойлайсыз? Қоғамға жақсылық ойлап, жақсылық айтып, жақсылық қана беру керек. Қоғам рухани жағынан байлық алу керек!

– Тәуелсіздіктің 20 жылдығы жайында не айтасыз? Осы уақыт көптеген шаруа атқарылды деп айта аламын. Дегенмен әлі де кезек күттірмейтін мәселелер өте көп.

Менің арманым Қазақ империясын құруымыз керек. Бірақ ол басқа империя, білім, ғылым, спорт, адамгершілік, кісілік, бүкіл халықтың тұрмысы мықты, халықаралық татулығы бар, 15 миллион қазағы бас қосқан, діні ежелгі ислам, қазақтың салт дәстүрі сақталған ,бүкіл байлығы өзінде әлемдегі 206 мемлекеттің ішінде бірінші империялы – мемлекет болу.

Соған барлығымыз жұмылып жұмыс жасауымыз керек. Еркегі де әйелі де, үлкені де жасы да, биліктегі оппозицияда, қазағы да қазағы емесі де, мұсылманы да мұсылман емесі де, қырдағы да іштегі де қазақ!

Жаса мәңгі Алаш елі!

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әсел Рзаева