Қазақы төбеттер құрып барады
2017 ж. 10 қазан
4677
2
Елімізде қазақы төбеттердің саны азайды. Бұл туралы республикалық «Қан-сонар» қауымдастығының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный Яр кентінде өткен аңшы иттер көрмесінде мәлімдеді, - деп хабарлайды 24.kz.
Ал аңшылыққа таптырмайтын тазы тұқымының қазақ жерінде қазір 500-і есепке алынған екен. Бүгінде оларды іздестіріп, тіркеу жұмыстары жалғасуда.
Көрменің де мақсаты – асылтұқымды аңшы иттерді бір жерге жинап, оларға баға беру саятшылық өнерін насихаттап, сирек кездесетін ит түрлерін сақтап қалу. Шараға итбегілер төбет, тазы секілді қазақы тұқымдардан бөлек, шетелдің аңшы иттерін де әкелді. Барлығы 80-нен астам ит жиналды. Көрме соңында оларға асылтұқымды деген арнайы құжаттар тапсырылып, аталған иттерді көбейту ұсынылды.
Жалпы аталған көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында республикалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Оралбай Әбдікәрімов, «Қансонар» республикалық қауымдастығының төрағасы:
– Төбетке байланысты биыл 6 экспедиция жіберіп, облыстардан соны іздеп жатырмыз. Мынау әсіресе, алыстағы даладағы ауылдарда сондай сирек кездеседі. Осы Батыс Қазақстан облысында 200 төбет бар деп, сарапшылар оны қарап, солардың 14-ін ғана таза төбет деп таныды.