Экстремизмге ғылым мен білімді қарсы қою керек

Замана жолы өрден-өрге оздырып, белестен-белеске шығарған сайын ел келешегі, ұрпақ тағдыры туралы ойлар әр қияға жетелейді. Ұстаздарымыздан үйренген ғадетпен сол ой-қиял-қияларды жіліктеп, сұрыптап, сөрелерге бөліп тастаймыз ғой. Әлқисса, білім мен ғылымның, экономиканың сан түрлі салаларын өркендетудің сонау көз ұшындағы келешекке дейінгі жоба-жоспарлары жасалған, тіпті цифрларына дейін тәптіштеп көрсетілген. Жаратқанның жазуы, өркениеттің дамуы арқасында бүгінде ғылым мен білім, экономика біте қайнасып кетті емес пе, кешегі «дауылпаз» Маяковский мұны «білім десек ойымызға оралар экономика» деп әспеттеп, тақпақтата жөнелер еді. Иә, бұрынғы-соңғы білімнің іргетасы да, арқауы да ақпарат қой, сол ақпарат бүгінде экономиканы да өрге сүйрей бастады. Ашығын айтсақ, дамыған Батыс сол ақпаратты оң жамбасына алып, ақпараттық қоғам, ақпараттық мемлекет, ақпараттық экономика дегендерді бірінен соң бірін тоғытып, жайластыра, жайғастыра бастады.

Орынды төгілген тер мен еш кетпеген еңбек ұсынақты неміс пен шеберлікте алдына жан салмайтын шведке, бұл тізімді француз, фин, голланд деп әрі қарай соза беруге болар, қағанақ-қарық, сағанақ-сарық бақуатты тірлік кешуге жағдай жасап отыр. Осы орайда алдын ойлаған қазекемнің Уақыт деген әміршіге мойын ұсынғанын қалар едім. Қазіргі ақпарат пен білім ақшаға айналған дәуір «әудемжер», «сүт пісірім, бие сауым», «бүгін»-«ертеңдер» сынды көшпелі еркін заманның сылтау-себептеріне пысқырып та қарамайды. Технология деген бір құрылықтан екінші құрылыққа әп-сәтте ауыса беретін дүние, ең бастысы сананы бүгінгі болмысқа бейімдеу. Елбасымыздың болашаққа бағдар жасап, «сананы жаңғыртайық» деп дабыл қағуы бекер емес.

Санасы жаңғырған ұлттар бүгінде өркениет көшінің алдында келеді. Ал, ортағасырлық марғаулықпен баяу қозғалып, аяғын еріне басқан жұрттар да бар. Ал, сол жұрттар бір кездері бүгінгі кербез, сылқым Еуропаға үлгі-өнеге болды десек, біреу сеніп, біреу сенбейді. Өзіміз бірде сынап, бірде төбеге көтеріп жүретін Елбасымыз бұл ретте қашанғы көрегендігіне басып, алты Алаштың ғана емес, наным-сенімі бір ағайындарымыздың алдына да аламан ғасырымыздың толайым міндеттерін үйіп тастады. Бағдар айқын, жол ашық.

Ислам өркениеті өз кезеңінде әлемнің ең дамыған орталығы болғанын, ол бүкіл адамзаттың өркендеуіне зор үлес қосқанын айтқан болатын Елбасы. Қазіргі цифрлық экономиканың үш тұғыры бар. Яғни сандар, алгебра, алгоритм. Ол бір ғалымға байланысты. Бұдан он екі ғасыр бұрын Мұхаммед ибн Мұса әл Хорезми деген ғалым өмір сүрген. Ол біздің өңірде, Әмударияның бойында туған. Алгоритм термині әл Хорезми есімінің латын тіліндегі транскрипциясы болып табылады. Егер де Батыс әлі күнге дейін Рим сандарын қолданып келген болса, алгоритм түсінігін білмес те еді. Бұл ғалымдарсыз әлемдік ғылым, математика, медицинаның дамуы мүмкін болмас та еді. Осы айғақтарды алдыға тартқан Елбасы қазіргі дамудың жаңа ұйымдастырушылық сатысына өтуді ұсынып, нақты іс-қимыл жоспарын жасау қажеттігіне тоқталды. Ол жоспардың шеңберінде заманауи даму мәселелері жөнінде Ислам ынтымақтастық ұйымының арнайы кеңесін, ортақ ғылыми-инновациялық қор құрылуы тиіс.

Елбасымыздың ортаға мұндай ой тастауына мұсылман шығысында дау-жанжал өртінің толас алмай, өршіп отыруы, ислам елдерінің табиғи ресурстарының молдығына қарамай, қадамының кері кетуі себепкер болды ма, деп топшылаймыз. Қалай болғанда да бұрындары мамыражай тірлік кешкен Еуропа жұртын дүр сілкіндіріп, ғарышқа сапарды күнделікті тірлікке айналдырған өркениет көшбасшыларының ойлы ордасына ортағасырлық мінез-құлықпен баса көктеп кірген кертартпалардың болмыс-бітімін сарапқа салып, сын тезінен өткізу керек-ақ. Ислам ынтымақтастығы ұйымының жуырда Астанада аяқталған саммитінде бұл жөнінде биік мәртебелі тұлғалар ашына айтты. Кезінде ислам әлемі білім, ғылым мен инновациялардың орталығы болғанымен, уақыт өте шынайы білімді схоластика алмастырған тоқырау заманы басталды. Қазіргі кезде әлемдегі мұсылман халқының 55 пайызы сауатсыз. Сауатсыздық кесірінен көптеген ел жапа шегіп, озық ойлы ғалымдар батыс елдеріне қоныс аударып жатқаны белгілі. Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына, яғни Еуроодаққа мүше мемлекеттерде білім беру саласына ішкі жалпы өнімнің 5,2 пайызы жұмсалады. Ал мұсылман елдерінде аталған көрсеткіш бір пайызға да жетпейді. Сөйтіп, көптеген елдер сауатсыздық кесірінен өркениеттен кенже қалуда.

Бұл орайда Елбасымыз ислам елдері ғылым мен білімге жете көңіл бөлмей отырғандығына, аса маңызды осынау шаруаға ІЖӨ-нің орташа алғанда жарты пайыздайы ғана жұмсалатындығына тоқталды. Әлемде ішкі жалпы өнімнің екі-үш пайызы ғылыми-зерттеу жұмыстарына, инновацияға арналады. «Қауымдастық мемлекеттерінде бір миллион тұрғынға шаққандағы зерттеушілер саны 615 адам болады. Ол әлемдік орташа көрсеткіштен 2,5 есе төмен. Ислам әлемінде ғылым бойынша Нобель сыйлығының тек қана 2 иегері бар. Пәкістан физигі Мұхаммед әбдус Сәлам сыйлықты 1979 жылы, Мысыр химигі Ахмед Хасан Зәуайл 1999 жылы иеленді. Осы жағдайды күрт өзгертуіміз керек» – деп атап өткен Елбасымыз ислам әлеміне рухани сілкініс, жаңғыру қажеттілігі туындап отыр, деп атап өтті.

Енді осы сілкініс пен жаңғыру жолдарына аз-кем шолу жасалық. Асқындық деп алуды жөн көріп отырған экстремизм ұғымы тек исламға ғана тән емес. Мәселен, Испания мен Англияны дүрбелеңге бөлеген «жергілікті» экстремистер талай – талай террорлық әрекет жасаған болатын. Ал, жуырда көршілес Ресейде «христиан мемлекеті» деген экстремистік ұйым басшылары қамауға алынды. Егер бұл ұйым мүшелері Таяу Шығысты қанға бөктіріп жатқан «ислам мемлекеті» тобының идеологиясын ұстанып жатса, «өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шыққанын» көрінер. Бірақ, соны көрсетпей-ақ қойсын, деп тілейік.

Асқындық идеяларын ұстанатын мұндай ұйымдарға күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан, шала сауатты жастардың мүше болатынын әлемдік ақпарат көздерінен оқып-біліп отырмыз. Елбасымыз қоғамдағы білім мен ғылымның рөлін көтеру, оған қомақты қаржы бөлу үшін ең алдымен экономиканы дамыту қажет деп санайды. Ал, қазіргі білім мен экономика тығыз байланысты екендігін жоғарыда атап өттік. Ислам елдерінде экономиканы дамытудың ең әділ, сауапты жолы бар-ол ислам банкингі, ислам қаржы құралдары. Бұл турасында осы жолдар авторының бұдан ертеректе жарық көрген «Қазақстанның банк» жүйесі атты оқулығында арнайы тарауда егжей тегжейлі сөз болады. Сондай-ақ басылымыздың мұның алдындағы санында да аталған тақырып әңгіме етілген-ді. Жалпы, ислам – ешқандай зорлық-зомбылықсыз, қиянатсыз дамитын әділ жүйе. Ислам банкингі – осы жүйенің ең маңызды тетіктерінің бірі. Өйткені, ислам банктерінің жұмысы жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделеді. Ислам қаржы мекемелерінің пайызсыз несие беруі, кәсіпкердің тәуекелін бірлесе көтеруі, қаржылық және моральдық жауапкершілікте болуы ислам банкингінің танымалдығын арттырып, оның қызметін тұтынушылар бойында қоғамдағы әділеттілік пен парасатқа деген сенім қалыптастыратынын әлемнің белді экономистері мойындап отыр.

Мәселен, ислам қаржысы қағидаттарын ұстанатын Малайзия бүгінде дамудың биік белестерін бағындырып келеді. Енді осы арада көзіқарақты оқырманға бір сауал тастағым келіп отыр. Ей, құрметті оқушым, Малайзияда асқындық ұйым болды, содырлық әрекет жасады деген хабарды естідіңіз ия болмаса оқыдыңыз ба? Газеттанушы саналатын менің өзім мұндай жаңалықты әлі ұшырастырғаным жоқ. Ал, көзі қанталаған экстремист атаулы неге Таяу Шығысқа үйір? Елбасымыз атап өткендей, оның басты себебі жоқшылықта, өнер-білімнің дамымауында, ақпараттық-тәрбие жұмысының кемшіндігінде. Ал, ақпараттық-тәрбие жұмысын жүргізудің пәрменді құралдарының бірі рухани, атап айтқанда ислам журналистикасы болып табылады. Бұл тақырып осы жолдар авторының бірқатар еңбектерінде қарастырылып, оқырман қауымға ұсынылған болатын.

«Көп асқанға-бір тосқан» дейді халық даналығы. Тұрпайы да дүмбілез асқындыққа ғылым мен білімді қарсы қоюымыз қажет, бүгінгі күннің ең көкейтесті түйткілдерінің бірінің емі осы деп ойлаймыз.

Жетпісбай Бекболатұлы,

Қазақ үні