Айқайлағанның бәрі әнші емес...

кенес

Ал өзімді сазгер дегенге намыстанамын...

- Аға, бүгінгі таңда өнер ордасында қабілет қарымына қарамай, қал­тасындағы ақшасына сеніп, топ құрып, үлкен сахнаға ұмтылып жат­қан­дар аз емес. Осындай келеңсіз­діктердің әсерінен қазақ ән өнерінің дең­гейі төмендеп кетпей ме? - Шынына келгенде, көптеген жастар әншілік өнерді ең оңай, қаражат табудың оңтайлы жолы деп бағамдайды. Олай деуге болмайды. Әнші болу үшін алдымен құдай берген талант және үнемі талмай еңбек ету керек. Кез келгеннің сахнаға шығып, әншілердің қатарын толықтырып жатқаны, қазақ ән өнерге жасалған үлкен қиянат. Екінің бірі әнші болуы мүмкін емес. Ол тек Алланың берген тибиғи дарыны болмаса. Қазақтың талантты композиторларының бірі - марқұм Әбілахат Еспаев ағамыз маған: «Кеңес, кейінгі кезде «мен композитормын», «мен әншімін» деп көкірек керетін адамдар көбейіп кетті. Қазір таяқ лақтырсаң, композиторға немесе әншіге тиетін болды. Қол қусырып қарап отырмай, бұларға қандай да бір шара қолдану керек», - деп алаңдаушылық білдірген еді. Жалпы, әншілік өнер табиғаттың берген дарынының бірі. Қазақ халқының нағыз жұлдыздары Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, марқұм Роза Бағлановаларды халық әлі күнге дейін жақсы көреді. Осы орайда оларды неге жақсы көреді деп бір сәт ойлану керек. Оның себебі, олар өздерінің табиғатына тән дүниені таңдай біледі. Айқайлағанның барлығы әнші емес. Бізде көбінесе жастар арасында қолына түскен дүниені айта беретін болды, ешқандай ой жоқ. Әрбір өнер иесі өзінің табиғатына тән дүниені таңдай білсе ғана, ол нағыз жұлдыз бола алады. - Бүгінгі күні халық әндерін өзгертіп, әр жерінен үзіп-жұлып, жа­мап-жасқап керемет ән шығарған­дай сахнаның төрінде қасқайып тұрып орындайтындар көбейіп кетті. Осыған бір тосқауыл қоюға бола ма? - Халық әндерін айту үшін сол әннің тарихын немесе шығу себебін біліп барып орындау керек. Мысалы, Ақан серінің «Балқадиша» әнінің сөздерін бұзып, яғни «күйеуің сексен беске келген шал Хадиша» - дейді. Негізінде Хадиша деген өте көрікті, көркем, тұрмысқа шықпаған жас қыз болған. Сол қызды көргенде оның сұлулығына, сүйкімділігіне арнап шығарылған ойнақы мағынадағы әнді, біздікілер қайғылы әуенге салып орындап жүр. Міне, осындай қателіктер өте көп. Біріншіден халықтың жүрегінен орын тапқан әндерді ешқашан бұзып айтуға болмайды. Халық әнінің өзі бізге дейін өзгеріске ұшырап келген. Мысалы, алмас тасты қолынан іс келетін адам жақсылап жона білсе, ол бриллант болып шығады. Сондықтан халық әндерінің бәрі брилланттар. Екіншіден халық әндерінде жігіттің айтатын әндерін, қыздар орындап жүр. Өйткені, олар әннің сөзіне, мағынасына көңіл бөлмеген. Бұл үлкен дөрекіліктің белгісі. Әр әннің мағынасына назар аударып барып, орындау керек. - Осындай келеңсіздіктерді болдырмас үшін, мемлекет тарапынан, Мәдениет министрлігінен қандай жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы тосқауыл қойылып жатыр ма? - Бұрындары, совет үкіметінің кезінде әр мекемеде көркемдік кеңес болатын. Радио, телеарна болсын қай жерде болсада, мәдениет министрлігінде тіпті, осы қазақ концерттің өзінде көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Мысалы, композиторлар өздерінің әндерін алып келеді. Соны көркемдік кеңес саралап, жақсы әндерді жарыққа шығарып, ақшасын төлейтін. Ондай дүние қазір жоқ. Сол кездері он шақты көркемдік кеңестің мүшесі болатынмын. Осы Алматының өзінде он бес шақты көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Соларға композиторлар өздерінің әндерін әкеліп тапсырады, өтпей қалса екіншісіне апарады. Бірақ, соның өзінде іріктеу болатын. Алайда, тәуелсіздігімізді алып, егемен ел болғалы бері Көркемдік кеңес мүлдем жоқ болып кетті. Бірақ, осыдан үш жыл бұрын Қазақ радиосында Көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Мен аталған кеңес мүшесінің бірі болғанмын. Қазақ радиосының қоржынына түскен әндерді өнерге жанашырлықпен қарайтын азаматтармен бірлесе отырып, эфирге шығатын әндерді іріктейтінбіз. Бір өкініштісі – қазір көркемдік кеңестің жұмысынан хабарсызбын. Жұмыс істеп жатыр ма, жоқ әлде тоқтап қалды ма, ол жағы беймәлім. Бұл да біздің – бір кемшілігіміз. Бүгінде ешбір мекемеде Көркемдік кеңес жұмыс істемейтіні белгілі. Меніңше Қазақконцерт, Филармония сияқты өнерге қатысты мекемелерде осындай кеңестердің жұмыс жасауын қолға алуымыз керек. Бұған әлі де кеш емес. Мұндай істі жүзеге асыру көп қаражатты қажет етпейді де. Мәселен жоғарыда атап өткен Қазақ радиосындағы Көркемдік кеңесте біз тек өнерге шынайы жанашырлық таныту үшін ғана жұмыс істейтінбіз. Өнер қайраткерлерінің ондағы жұмысы - апта сайын жиналып, радионың қорына түскен шығармаларды тыңдап, оларды іріктеу болатын. Бұл жұмысы үшін кеңес мүшелері ақы алмайтын. Тек, қазақ ән өнерінің жанашырлары болғандықтан, бұл іске тек азаматтық борышы ретінде қарайтын. Соңғы кездері Көркемдік кеңес керек деп талай айтып та, бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып та жүргеннен кейін бе, Мәдениет министрлігі композиторлардың жазған шығармаларын саралап, мемлекет тарапынан қаржы бөліп сатып алатын болды. Мәселен, Астана қаласының өзінде «Елім менің» деген жылда өтетін конкурс бар. Сол конкурсқа әндерді жібереміз, онда көркемдік кеңес отырады. Шығармаларды тексеріп, мынау бірінші орынға лайық, ал мынау екінші орынға лайық деп іріктейді - Бүгінде арзанқол эстрададан шаршаған тыңдарманның көбі, эстрадалық әндерден мезі болғаны соншалық, өзге сарындағы әндерді тыңдап жүр. Тіпті, кейбіреулері өмірлерінде тыңдамаған операны тыңдайтын болған. Бұған не дейсіз? - Бізде соңғы кездері эстрада саласында ыңылдап ән шығаратындар көбейіп кетті. Нотадан хабары жоқ, нотаның не екенін білмейтін және түсінбейтіндер, студияға барады да ақшасын төлеп, компьютерге түсіріп, оранжировка жасап, бір әншіні шақырып алып айтқызады да, екі үш әнді шығарып мен компазитормын «деп кеудесін» қағатындар аз емес. Композитор деген латынның сөзі яғни басынан аяғына дейін құрастырушы деген сөз. Осылай ән шығарып жүргендерді композитор деуге болмайды. Ал, әуесқой деп айтсаң намыстанып шыға келеді. Өз басымды сазгер десе намыстанамын. Өйткені сазгер мен композитордың айырмашылығы жер мен көктей. Осы саланы он жыл оқып, меңгерген адаммын. Бұл оңай дүние емес, үлкен еңбекпен келеді. Ал сазгерлер оқымай-ақ сазгер бола алады. Оларды талантсыз деп айта алмаймын, тек айырмашылықтарын ұмытпау керек. Әуесқойлардың арқасында алдап ән шығаратындар көбейіп, өнерге өз зияндарын тигізіп отыр. Осының барлығын қайтадан жөндеп, саралау үшін жоғарыда айтып өткен, көркемдік кеңестерді қайтадан қолға алу керек. Ең болмаса үлкен мекемелерде кішкене қаржы бөліп отырса, көркемдік кеңес ашып, сол көркемдік кеңес арқылы шығармаларды сұрыптап барып эфирге шығаратын болса, сонда ғана жөнделетін дүние. - Сонымен қатар, әрі әнші, әрі композитор, әрі ақын яғни әмбебаптар қаптап кетті. Соның салдарынан түкке тұрғысыз әндер шығып, қазақ ән өнерінің деңгейі төмендеп барады. Мысалы, әнші әрі композитор болып жүрген Ринат Ғайсиннің бір өлеңінде «Мені ойлай берме» деген үш сөз бір ән болып, басы­нан аяғына дейін айтылған. Бұған не дейсіз? - Өнер деген шынына келгенде өте қиын дүние ғой. Оны көбісі түсіне бермейді. Менің ойымша әркім өз ісімен айналысуы керек. Әнші әнін айтсын, композитор әнін жазсын, ақын болатын болса, өлеңін жазсын. Әркім өз ісімен айналысқан кезде ғана профессианалдық деңгейге шығамыз. Ондай қателіктер өте көп. Бүгінде өзі әнші, өзі сазгер, өзі ақындар көбейіп кетті. Шынына келгенде ондай данышпандар ғасырда бір туатын шығар немесе мың жылдықта бір. Баяғы Біржан сал жоқ, Ақан сері жоқ. - Сіз аяғыңызды алып келе жатқан шәкіртім деп кімдерді айтар едіңіз? - Шынына келгенде маған көп жастар келеді. Кезінде яғни жастау кезімізде көптеген сазгерлердің әндерін, әуендерін жөндеп, бір деңгейге келтірген тұстарым да бар. Кейбір әндер, әлі күнге дейін айтылып жүр. Содан болар, көпшілігі сазгерлердің, әуесқойлардың әндерін сіздің шығармашылығыңызға ұқсайды деп айтып жатады. Әрине, ол әндерге өзіңнің ойың, өзіңнің пікірің қосылғаннан кейін ұқсап тұрады. Жалпы бізден кейінгі, тамаша талантты композиторлардың бірі деп Қуат Шілдебаевты айтар едім. Кезінде Ғазиза Жұбановадан тәлім алған адам. Өте талантты бала, оның өзі де алпысқа келіп қалыпты. Одан кейінгі жастар да бар. Қуатпен бірген оқыған Артық Досанбаев деген жігіт бар. Олар енді нағыз композиторлар. Дегенмен, құдайға шүкір, таланттар бар. - Бүгінде өнер ордасының табалды­рығын енді ғана аттап, шығар­ма­шылықтарын бастап келе жатқан жас әншілерден кімдерді тыңдайсыз? - Құдайға шүкір, қазақтың кең даласында. жас таланттар жетеді. Жақында ғана мен Қостанайға барып келдім. Ол жерде халықаралық «Золотой микрофон» деген конкурс болады. Мен соның төрағасымын. Мысалы, ол жерге Болгариядан, Литвадан, Ресейден, басқа қасымыздағы мемлекеттерден өнерлі балалар қатысады. Шынына келгенде өте талантты балалар. Сонда Литвадан мықты екі қыз бала келді, Болгариядан бір жігіт келді. Бас жүлдені шетелдіктер алып кете ме деп едік, жоқ Қостанайдан бір талантты жігіт бар екен. Бас жүлде сол балаға бұйырды. Сондықтан тағы да қайталап айтамын қазақ даласында таланттар жетеді. - Аға, өнер жолынан көңіліңіз қалып, осы өнерге неге келдім екен, одан да басқа саланың маманы болғаным жақсы еді деп өкінетін кездеріңіз бола ма? - Мен мектепті алтын медальмен бітіргенмін. Өнер жолына он сегіз жасымда келдім. Иә, кейбір кездері шаршағанда ойлаймын, маған осы өнердің не керегі бар, одан да инженер болып, жұмыстан келіп шалқайып жатқаным дұрыс болар еді деймін. Шынына келгенде құдайдың берген өнері, таланты ғой. Қазақта талантты жандар өте көп. Бірақ талантты болу адамға аздық етеді. Мен таланттымын, менің алмайтын қамалым жоқ деу қате пікір. Бойыңда қанша жерден қасиетің болса да, еңбектенбесең, сен бәрібір биікті бағындыра алмайсың. Өнер адамы үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Мәселен, мен өзім музыка әлемінде болып жатқан жаңалықтардың бәрін қалт жібермей қарап отырамын. Мұның бәрі шығармашылық адамы үшін үлкен қор. Композитор болу деген оңай дүние емес. Тек музыка әлеміндегі жаңалықтар ғана емес, дүниежүзілік әдебиетті жақсы білуің керек. Дүниетанымың кең болмаса, сен алысқа бара алмайсың. Адам оқымаса өспейді. Менің мұғалімдерім мені солай тәрбиелеген. Мектеп табалдырығынан бастап кітап оқығанды жақсы көрдім. Адам еш уақытта тоқтап қалмау керек. Кезінде телеарнада бас редактор болып жұмыс істедім. Телеарна қайнап жатқан қазан ғой. Таңертең сағат 9 да жұмысқа келіп, кейбір күндері түңгі сағат он екі, бірге дейін жұмыс істейтінбіз. Өйткені, бүкіл хабардың барлығын қабылдап, тексеріп, ертеңгі болатын хабарға қол қойып, эфирге жіберіп, күндіз бір нәрсе жазуға уақыт болмайды. Сол кездің өзінде он екі, бірден кейін, бала-шаға ұйықтап жатқан кезде отырып бірнәрсе жазасың. Әйтеуір қатарыңнан қалмас үшін. Солай қанша жыл өмірім еңбек етумен келе жатыр. Мұндай еңбек болмағанда халық мені танитындай композитор болмас едім. Орыстың композиторы Чайковскийдің айтқан сөзі бар еді. Ол кісіге біреу сұрақ қойған ғой «Что такое гений» деп, сонда ол кісі айтыпты данышпан дегенің 99 пайызы еңбек, бір пайызы талант деген. Еңбексіз ешнәрсе шықпайды. Сондықтан еңбек, еңбек, еңбек ету керек. - Аға, осыншама жыл еңбек етіп, халық қазынасын толтырумен келесіз. Халық үшін жасаған еңбегіңіз қаншалықты бағаланып жатыр? - Соның арқасы болу керек, кейінгі кездері біраз сырқаттанып жүрекке күш түсті. 2005 жылы жүрекке операция жасап, ана өмірге барып келдім десем де болады. Оңай дүние жоқ, бір нәрсе болмай қалса, өзіңнің ойыңдағыдай мемлекет қабылдап жатпаса жасаған еңбегің кезінде аталып отырмаса соның бәрі жүрекке ауыр тиеді. Мысалы, менің алтын достарым талантты композиторлар Сейдолла Бәйтерекеев жүректен кетті, еңбектері кезінде еленбегеннен кейін. Олар енді өмір бойы шерін ішінде ұстаған адамдар. Ал мен болсам, мінезім шатақтау, әйтеуір біреуге болмаса, біреуге айқайлап ішімдегі уымды шығарып аламын. Олар сол уын шығар алмай кетті. Соның өзінде жүрекке операция жасап әрең тірі қалдым. Өнер деген шынына келгенде рахат қой, өзіннің аты-жөніңді айтып жатса, ішіңнен шыққан әніңді орындап жатса, мақтап жатса оның бәрі үлкен қуаныш қой, адамға дем береді. Егерде сені елемей жатса соның бәрі ішіңдегі күйік, адамды құртатын сол. Өнер деген бір жағынан қиянат. Көпшілігі ойлайды өнер деген керемет, олар май шелпектің ішінде жүргендер деп ойлайды. Кейбір кездері қатты ренжігенде, осы өнерге неге келдім, не керек еді деп ойланасың. Бірақ ертеңіне ойланасың, тірі жансың, тірі адамсың, еңбегің еленіп жатыр, халық қошеметін білдіріп жатыр, одан артық не керек. Өнер бір жағынан үлкен бақыт, бір жағынан қиянат. Қай тіршілік болса да солай ғой өзі. Сұхбаттасқан Әсел РЗАЕВА