Орыстілділерге мемлекеттік тілді меңгерту үшін не істеу керек?
2017 ж. 23 қыркүйек
4219
20
Қазақтың мықты саясаткерлері еліміздегі орысы көп шоғырланған елді мекендеріне барып, мемлекеттік тілге қатысты жиындар өткізіп жүр деген хабар естідік. Ести сала осы істің басы-қасында жүрген белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Дос Көшім мырзамен хабарласқан едік.
– Аға, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында іссапарда жүр екенсіздер? Бұ сапардың мәнін оқырмандарға түсіндіріп берсеңіз...
– Жалпы, біз Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетімен бірлесіп орыстілді қауым көп шоғырланған өңірлерге барып, мемлекеттік тілдің мәнін, маңызын түсіндіру ісімен төрт жылдан бері айналысып келеміз. Бұл сол жұмыстың жалғасы. Осы сапардың өзінде Солтүстік Қазақстан облысында ауқымды - 9, Қостанай облысында - 9 кездесу ұйымдастырылды. Қазір Ақтөбе облысында жүрміз. Ақтөбеден кейін Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарын аралауды жоспарлап отырмыз.
– Жалпы, бұл кездесулерде не айтылады? Орыстілді аудиторияның қазақ тіліне деген көзқарасы қалай екен?
– Кездесу болғаннан кейін әртүрлі пікірталастар болып қалуы заңдылық. Десе де қазір сонау тоқсаныншы жылдардағыдай біржақты сыңарезулеп кету жоқ. «Орыстілділерге мемлекеттік тілді меңгерту үшін не істеу керек?» деген секілді сұрақтарға жауап іздеп, оларға ой салатындай әңгіме айтуға тырысамыз. Лингвистиканы ұлттық мәселеге айналдыруға болмайтынын, ұлтаралық жанжал туғызудың зардаптарын тігісін жазып түсіндіреміз. Біз барған елдімекендерде 25/30 пайызы ғана – қазақтар. Тілдік орта жоқ. Олар осыны алға тартып, ақталуға тырысады. Десе де, мемлекеттік тіл қазақ тілі екенін, қазір еліміздегі қазақ тілді аудиторияның үлес салмағының артып келе жатқанын мысалдар келтіре отырып, болашақты да ойлау керектігін алға тартамыз.
– Кейде кейбір азаматтар тарапынан қарсылықтарға тап болатын шығарсыздар?
– Жоқ, сондайлық дәрежеде мемлекеттік тілге қарсы болып отырған ешкімді көрген жоқпын. Керісінше, «бұл мәселені тәуелсіздік ала сала неге бізге келіп түсіндірмедіңдер?» дейтіндер көп. Тіпті, «Нан» деген сөздің астына «хлеб», «Абай көшесі» дегеннің жанына «Улица Абая» деп жазып қоясыңдар. Біз сондайлық «нанның» аудармасы «хлеб» екенін білмейтін сауатсызбыз ба?» дейтіндер бар. Рас. Кейбір азаматтар мемлекеттік тілге басымдық берілсе, Ресейге кететінін айтады. Олардың өз құқығы. Біз оларды «кетпеңдер» деп ұстап отыруға хақымыз жоқ. Әр адам қайда тұрғысы келсе, сонда кетуге құқылы екенін де түсіндіруге тура келеді. Орыстілділер көшіп кетті екен деп, ырысымыз кеміп қалмайды.
– Мұндай жиындар өткізу үшін үлкен дайындық қажет шығар, аға?!
– Әрине, әр жиынға тыңғылықты дайындалуға тура келеді. Кез-келген сұраққа нақты, әрі бұлтартпас жауап беру керек. Мен қасыма ылғи да Расул Жұмалыны ертіп жүремін. Кей жиындарға Айдос Сарым келеді. Бұл екі жігіт кез-келген жағдайда, кез-келген адамға мемлекеттік тілдің қажеттілігін нақты деректермен түсіндіріп бере алады. Статистиканы білу керек. Нақты өмірден мысалдар келтіру керек. Жалаң ұран, жалған патриотизммен орыстілді аудиторияның бетін бері қарату мүмкін емес. Тіл мәселесі дегенде тек бір проблемамен шектеліп қалмаймыз. Бұл өңірлер сонау тәуелсіздік алған жылдардағы қалыптан көп өзгеріске түспеген. Елді мекендердің атауы әлі ауыспаған. Ономастика жайын да, ескі кеңестік атаулардан арылу керектігіміз де дәлелдермен түсіндіріледі. Латын әрпін енгізу жайын да насихаттаймыз.
– Бұл жобаның басталғанына төрт жыл болыпты. Төрт жылда не өзгеріс болды?
– Төрт жылда бәрін қиратып жібердік дей алмаймын. Бірақ, осы төрт жылда орыстілді аудиторияға мемлекеттік тілдің маңызын түсіндіретін 120-дай кездесу өткізіппіз. Бастапқы кездегідей емес, елдің беті бері қараған. Олар 28 жылдан бері біздің нақты қадамдарға бара алмай келгенімізді біліп отыр. Бұл мәселеде қорқақтық таныта беруге болмайтынын анық байқадым. Мәселен Павлодарда Руза Бейсенбайтегі деген белсенді азаматша шықты. Мен ол қызды «Ұлт тағдыры» қозғалысының Павлодар облыстық филиалының басшысы еткен едім, бір кездерде. Сол қыз жалғыз өзі Павлодарда мемлекеттік тіл үшін күресіп жүр. Біз жиындарымызда осы Рузаны мысалға келтіре отырып, қазақ тілділердің шыдамы таусыла бастағанын, енді олар кез-келген қазақстандық азаматтан мемлекеттік тілді талап ете бастайтынын ескертеміз.
– Бұл жоба негізінен ағартушылық, насихат жұмыстарымен айналысады екен. Бұл істердің нәтижелі болуы үшін мемлекет тарапынан не істелуі керек деп ойлайсыз.
– Менің көзім жеткен бір ақиқат бар. Осыдан 28 жыл бұрын қабылданған мемлекеттік тіл туралы Заңды қайта қарау қажет. Ол заңды қайта жазатын кез келді. Ескі заң біздің аяғымызға байланған кірдің тасы секілді. Оны бұлай сүйретіп жүре беруге болмайды. Осыдан алты жыл бұрын бірнеше ұйымдармен бірігіп, «Мемлекеттік тіл туралы» заңды дайындап, Парламентке ұсынған едік. Парламент «мұны қабылдауға әлі ерте» деп тайқақтап шыға келген. Сол Заңды Парламентке қайтадан ұсынуымыз керек.
Қазіргі Заң біздің елді қостілді етуді көздейді. Бұл Заңмен жүре берсек, қазақ тілі жанама, аударма тілі болып қала береді. Мемлекеттік тіл үстемдікке ие болуы үшін бел шеше кірісетін уақыт келді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қанат Бірлікұлы
Abai.kz