Лукашев Всеволод: Латын әліпбиіне көшуде ұлтқа бөлінуге болмайды
2017 ж. 16 қыркүйек
1837
4
Алматы қаласындағы Достық үйінде Мемлекеттік тілдің латын графикасында әліпбиінің Бірыңғай стандартын енгізу бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының Бірыңғай республикалық күні аясында ҚХА Қоғамдық кеңесінің отырысы болып өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Аталмыш іс-шараға Алматы қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Исматуллаев А.Ж., Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мамсуров Қазбек, Алматы қаласы ҚХА ғылыми сарапшылық тобының төрағасы Шайкелемов М.С., Алматы кәріс ұлттық орталығы төрағасының орынбасары, рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұлттық комиссияның мүшесі Кан Г.В., Қазақстан орыс мәдени орталығының төрағасы Лукашев В.А. және де этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен жетекшілері, жастар қанаты қатысты.
Іс-шараға келіп, әр ұлт өкілінің пікірін тыңдаған Нұр Отан партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қайым-Мұрат Табеев латын әліпбиіне көшуге қатысты өзіндік пікірін айтып өтті.
«Парламентте қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі жариялағаннан бері қоғам арасында үлкен талқылау болып жатыр. Графиканың ауысуы деген тұтас халықтың тағдырына әсер ететін үлкен қоғамдық-саяси оқиға болып табылады. Себебі, бұл тек қана тілмен байланысты емес, бүкіл халықтың рухани жаңғыруына, өзгеруіне алып келетін үлкен құбылыс болғандықтан аталмыш мәселе қоғамда кеңінен талқыға түсіп жатыр. Біз латын графикасын бұған дейін де пайдаланған елміз. Бірақ, уақыттың сынына байланысты ол тарих қойнауына сіңіп жоқ болды. Біздің аға ұрпақ болмаса, кейінгі ұрпақ бұл туралы түсіне бермейді. Ал бүгінгі таңда заман талабына сай латын графикасына көшу - міндетті түрле орын алатын құбылыс. Алайда, Елбасы айтқандай, бұл мәселеде асығыстық танытуға болмайды. Барлық кем-кетікті зерделеп, өз уақытымен, кезең-кезеңімен көшу қажет», - дейді Қайым-Мұрат Төлебаев.
Сонымен қатар, Парламент мәжілісінде ұсынылған 25 әріптен тұратын нұсқаға тоқталып, ондағы қателіктер мен кемшілік тұстарын атап кетті. Оның айтуынша, Парламентте ұсынылған нұсқада біраз ойланатын тұстар бар.
«Қазақ фонетикасында қос дауысты дыбыс ешқашан да қатар келмейді. Осы графикадағы «ә» дыбысын таңбалау туралы «ае» қос дыбысты халық қабылдай алмайды немесе тағы да ұсынылған қосымша сегіз таңба жайында да біраз ойланып, дұрыстап ойластыру қажет Себебі, біз сөйлеген кезде қазақ халқының дыбысталу ерекшелігінде дауысты дыбыстар қатар келіп жатса үлкен қиындық туғызады. Сол себепті де ұсынылған графиканы әр саланың өкілдері өздерінің түсінік деңгейіне байланысты қабылдай алмай жатыр. Демек, біз әлі де бұл тұста барлық тіл мамандары, оқытушылар, басқа да сала мамандарымен ойластыру қажет. Өйткені 25 таңбаға енбей қалған біздің дауысты дыбыстарымызды қалай таңбалаймыз? Бұл сұрақ көпшілікті толғандырып жүрген сұрақ болып табылады», - деп қоса айтып өтті.
«Бұл іс шараның маңызы – өзге ұлт өкілдерінің пікірін тыңдап көру. Себебі мына ұсынылып отырған ережеде қазақ графикасын көшіру жайында ғана әңгіме бар, ал оны ішінде өзге ұлт өкілдерінің көпшілігі, орыс тілінде оқитын қазақ бірқатар қазақ балалар бар, олардың жайы не болмақ? Деген сұрақ төңірегінде талқылау болып жатыр. Ертеңгі күні орысша оқыған балалар қазақша оқыған балалармен қалай тіл табысады? Бұл өзге ұлт өкілдерінің конституциялық құқығына нұқсан келтірмейді ме? деген секілді мәселелер пайда болады. Мұндай сұрақтардың қойылуы заңды, өйткені кез келген Қазақстан азаматының ұлтына, жынысына немесе саяси көзқарасына қарай бөлмей барлығының да бірдей латын графикасына көшуге құқығы бар. Бұл тақырып – бүгінгі жиынның басты мәселесі болып отыр. Өйткені бір мемлекетте тұрып, тек қазақ ұлты көшіп кетсе, өзге ұлттармен арада келеңсіздіктер туындауы мүмкін бе, оның салдары ертеңгі күні үлкен сызатқа айналып кетпейді ме? деген мәселені біз бүгін шешіп алуымыз қажет. Бұл қадамға жан-жақты ойластырып, үлкен дайындықпен барсақ, латын әліпбиіне көшу өз уақытында орын алады», - деп түйіндеді сөзін Қайым-Мұрат Табеев.
Қазақстан орыс мәдени орталығының төрағасы Лукашев Всеволод «латын әліпбиіне көшуде ешкім қарсымын немесе қарсы емеспін деп айтпайды, латын әліпбиіне біз қаласақ та қаламасақ та көшеміз», - деп айта келіп, қазіргі латын әліпбиі нұсқалары көбінде жастардың ыңғайына қарай жасалып жатқандығын атап өтті.
«Латын әліпбиіне көшуді қаламайтын адам жоқ шығар деп ойлаймын. Біріншіден – бұл тарихи кезең. Неге? Себебі біз 25 жыл бойы адамдарға мемлекеттік тілді толығымен үйреніп алуға, қазақ тілінің грамматикасын толығымен меңгеруге мүмкіндік бердік. Ал бүгінде біз жылдар бойы көтеріліп жүрген мәселе ораламыз.
Қазіргі кезде кез келген адамда смартфон бар және онда келетін хабарламаның жартысынан көбісі латын әліпбиімен жазылып келеді. Ал, мен үлкен буын өкілі ретінде айтар болсам, латын қарпінде өте жақсы оқимын. Ал 25 жыл бұрын бұл маған қиын болатын. Демек, біз барлығын өз уақытымен жасап, заман талабына сай жүріп келеміз.
Тағы бір айтарым, кез келген адам оқылуы оңай болса, күніне 300-400 сөзді оңай жаттап алады. Мысалы, иероглифтармен жазылған қытай сөздерін үйрену қиын, алайда адамның өзіне түсінікті тілде жазылған сөздерді үйрену қиын емес. Мұны кез келген ұрпақ үйрене алады деп ойлаймын. Демек біз 25 жыл бойы кез келген ақпаратты оңай қабылдап алатын ұрпақ тәрбиеледік.
Бұл құбылысты тарихи кезең деп атаудың себебі – қоғам қазіргі таңда кез келген өзгеріске дайын, сол себепті де қоғам қарсымын немесе қолдаймын деген екі тарапқа бөленіп отырған жоқ. Барлығының пікірі бір – латын әліпбиіне қайткен күнде де көшу қажет және де бұл мәселеде ұлтқа бөлінуге болмайды», - дейді Лукашев Всеволод.