ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНША ТРАКТОР КЕРЕК?

Қазақстандық аграршыларға 200 мыңға жуық трактор керек деп мәлімдеді «Қазақстан машина жасау­шы­ла­рының одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Есіркеп Әбдірахманов. «Егер тарихқа үңілсек, 1990 жылы Қазақстанда шамамен 230 мың трактор болған еді. Тракторлардың саны одан бері 80 мыңға кеміп, бүгінгі күні 150 мың дананы ғана құрап отыр. Осы 150 мыңның 120 мыңы ескіріп кетті. Демек, тракторлардың 30 мыңы ғана қолдануға жарамды деп айтуға болады. Меніңше, Қазақстандағы шаруаларға шамамен 200 мың трактор керек. Ал оны сатып алу үшін кім ақша береді? Біздің шаруа қожалықтардың жылына 1 000 ғана трактор сатып алуға мүмкіндігі бар. Комбайн және өзге де техникалар бойынша жағдай осындай», – дейді Есіркеп Әбдірахманов. Ол Қазақстанда ауыл шаруашылығы және қосалқы техникаларды құрастырумен айналысатын 120 кәсіпорынның барын айтады. Алдымен отандық техникаларды сатып алған жағдайда айтарлықтай жеңілдік керек. Ол үшін Астанада «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚР кредиттік серіктестерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, Лизинг компаниялардың қауымдастығы мен «Қазақстан машина жасау­шыларының одағы» ЗТБ басшылары фермерлер үшін қосалқы ауыл шаруашылығы техникаларын тиімді шарттармен сатып алуға бағытталған төрт жақты келісімге қол қойған болатын. Келісім бойынша қосалқы техникаларды сатып алу үшін шаруаларға 5 млрд. теңге бөлініп отыр. Олардың 1,8 млрд. теңгесі несиелік серіктестіктер, 3,2 млрд. теңгесі лизингтік компаниялар арқылы берілмек. qazaquni.kz