С. Бейсембаев: Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілін заман талаптарын сай модернизациялауға мүмкіндік
2017 ж. 14 қыркүйек
2488
0
Қазіргі Қазақстандағы латын қарпіне көшуге байланысты жүзеге асып жатқан реформа жайында қоғамда түрлі пікір қалыптасқан. Әлеуметтік желілерде бұл өзгерісті қолдайтын және сыни сипаттағы ойлар да айтылып жатыр. Жалпы, кез келген алдыңғы қатарлы елге тән ашық талқылау процесі жүруде. Соңғы парламентте ұсынылған нұсқаға байланысты туындаған қоғамдық резонанс соның айғағы.
Қоғамдық пікірді талдайтын болсақ, латын қарпіне көшпеу немесе көшуді қолдайтындардың аргументтері осы күні анықталып болды. Біріншілері, ең алдымен экономикалық және техникалық қиындықтарды алға тартады. Олар жаңа қаріпке көшу бюджетке салмақ салуы мүмкін екендігін және осы күні пайдаланатын барлық ақпарат тасымалдаушыларын жаңалау барысында уақыт пен ресурс шығындалатынын ескеруді сұрайды.
Екінші жақ үшін аталған қиындықтар уақытша сипатта болмақ. Ең бастысы – қазақ тілін жаңа заман талаптарын сай модернизациялауға мүмкіндіктің пайда болуы. Тек технологиялық тұрғыдан ғана емес, мазмұндық және концептуалдық деңгейде қазақ тілінің жаңаруына жол ашылады деп сенеді бұл тараптағы азаматтар.
Бұл реформаны сырттан бақылап, әліптің артын бағып отырғандар да бар. Менің байқауымша, халықтың басым көпшілігі осы позицияда, себебі аталған өзгерістерден қандай нәтиже шығатыны әзірше беймәлім.
Соңғы парламентте ұсынылған латын қарпінің нұсқасына байланысты қоғамдық пікір тағы да екіге жарылды. Бұл әліпбиді қолдайтындар мен қолдаймайтындардың пікірлер қайшылығы бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде айқын көрініс тапты. Реформа үшін маңызды сын сағат туындап отыр.
Аталған пікірлер алуандығы, сыни көзқарастар және тараптардың өткір пікірталасы сырт көзге реформаның сәтсіздігінің белгісі болып көрінуі мүмкін. Бірақ, шын мәнісінде, мұндай жағдай қоғамның саналылығының және жауапкершілігінің көрсеткіші болып табылады. Кез-келген демократиялы мемлекетте ауқымды реформаларға байланысты міндетті түрде дау-дамай туындайды. Ал тіл мәселесі – бұл әр адамға етене жақын. Сондықтан Қазақстандағы әліпби реформасына қатысты қоғамдық резонанстан «қорқудың» қажеті жоқ. Керісінше, дискуссия неғұрлым өткір болса және барлық тараптар ат-салысса кейінгі нәтиже де сапалы болмақ.
Серік Бейсембаев, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы