Серік ЕРҒАЛИ: Латынға көшу - қазақ тілін жазу реформасы арқылы тәуелсіздендіру
2017 ж. 14 қыркүйек
5569
26
2016 жылғы жер дауынан да зор болғалы тұрған жайттың құлағы қылтиды. Ол – АҚШтағы қос мұнара сұлаған күнмен күндес, 2017 ж 11 қыркүйекте қазақ тіліне арналған латын әліпбиінің Парламентте мақұлданған нұсқасы. Кейбір ресми ауыздан бізге сол шикі нұсқа мақұлданғандығы айтылғасын осылай деп отырмыз. Шын мәнінде Мәжілістегі отырыс форматы халықтық талқылауға түспеген, ғылыми сараптамадан өтпеген мұндай нұсқаны логика жағынан да, процедура тарапынан да мақұлдауға тиіс емес. Сонымен...
Қазаққа латын қарпі керек! Оған 5 қажеттілік бар:
1. Бүгінгі қазақ жазуы қазақ тілінің табиғаты мен заңдылығын ырықсыздандырып, бодандықтың белгісі болып отыр. Қазіргі кирилше қазақ әліпбиі емес, әлемде аналогы жоқ қазақ-орыс әліпбиі, яғни бір тілдің емес қос тілдің әліпбиі!
2. Айту мен жазудағы қателіктерді ғалымдарды былай қойғанда бала-шаға қанағаттанбайтын жағдайға тірелдік. Қазақ жазуына реформа керек, бұл сол жаңартудың беломыртқасы болмақ. Жазу оңайлатылып, техникаланып, айтумен барынша жақындай түспесе, тілден бас тарту көрініс белең ала бастады – мыңдаған ата-ана баласын орыс,ағылшын мектебіне беруде.
3. Кез келген әліпби халықтың ойлау жүйесінің таңбалық нышаны. Бізге рухани жаңғыру үшін, бодандық ойлау жүйесінен құтылу үшін және ойлау жүйесін тәуелсіз сана сүрлеуіне салудың бірден бір тетігі керек. Басты мақсат – қазақ тілін жазу реформасы арқылы тәуелсіздендіру.
4. Еуропалық қазақтар латынша, поскеңестік қазақтар кирилше, шығыстүркістандық қазақтар арапша-төте жазуда. Үш қаріп пайдаланып отырған бүгінгі қазақ әлемін ақпараттық тұтастандырудың басты жолын жасау.
5. Түркілердің оғыз тобы латынша қаріпке көшіп болды, кезек қыпшақтарда (бөлінгенді бөрі жесе де - ащы шындық), оның басында қазақ халқы тұр. Сондықтан бұл жауапкерлікті мойынға алу - қазақтардың тарихи міндеті. Сөйтіп, біртұтас түркілік тіл әлемді дамытуға қажеттілік бар.
Біз кімге қарсымыз?
1. Қазақ әліпбиін қазақ жазуына реформа жасау әрекетінен тыс қарайтындарға және соны реформаның басты көрінісі санайтындарға! Осы басты тұжырымнан ғылым мен әлеумет назарын басқа жаққа әкеткендерге. Өйткені, қазіргі болып жатқан үдеріс пен үрдіс қазақ жазуын реформалау ауқымында емес, тек қана қаріп алмастыру мазмұнында жүріп жатыр. Бұл – баскиімді адам үшін тігу емес, адамды баскиім үшін туғызу әрекетімен бірдей абсурд.
2. Қазақ жазуын қазақтілді ортаға жатпайтындардың кірісіп, тілді қолжаулық етіп, саясаттың құрбаны етуге бел байлағандарға! Аталмыш диграфтарға негізделген «әліпби» тіл тұтынушыларын әуелі жазудан, сосын тілден бас тартқызуға қасақана ойластырылған қадам екендігін әлеумет бағалап үлгерді.
3. Қазақ ғылымының атымен қазақ тіліне бейғылыми әрі жасанды да сауатсыз «тұжырымды» негізге алып, бұған дейін болмаған сұмдықты қазақ жазуына таңатындарға үзілді-кесілді қарсымыз!
4. Ғылымды саясаттың қолжаулығы ететіндерге қарсымыз! Аталмыш Латын-25 нұсқасы қазақ лингвистикасына ешбір қатысы жоқ. Қазақ тілінің сингормонизмін пайдаланып, жазуды тиімді етіп тұрған жоқ және үндестікті паш етпейді, керісінше келеке етеді. Ол келекені әлеужелі бетке басуда.
Біз неге қарсымыз?
1. Қазақ тіліне ағылшын қаріптерімен шектелетін волопюк яғни техникалық әліпбиді тықпалайтын сорақылыққа қарсымыз. Қазақ тіліне барлық тілге тән лингвистикалық әліпби керек!
2. Қазақ тілін дамытуға бағытталмаған қисынсыз науқандар мен нәтижесіз істерге қарсымыз.
3. Халық еркінен тыс ұлттық мүдде мен мүмкіндікті тәрк ететін әрекетке қарсымыз.
4. Ұлттық ортадан тыс топтардың қазақ тілін ермек ететін жобаларды тыққыштауына, одан пиар жасауға қарсымыз.
5. Ғылыми айналым мен үдерістен тыс бастамалар мен қабылданған шешімдерге қарсымыз.
Бұл нұсқа флектив тілдерге арналған диграфтарды оңды-солды қолдану тәжірибесін негізге алған. Бұл нұсқа жалғамалы/агглютинатив тілге тән жазу мазмұны мен тұрпатын ескермеген. Бұл нұсқа мәтінтанудағы шұбалаңқылық мәселесін қарастырмаған. Бұл «әліпби» әлемде болып жатқан жазуды мейлінше қысқарту мен тиімді ету үрдісін жайына қалдырған. Бұл нұсқа ғылыми талапқа сәйкес апробациядан өтпеген, жазу тұтынушыларының еркі мен талабын сырт айналған.
Әліпби мәселесін еңсерудің жолдары қандай?
Әліпби ауыстыруды еңсерудің басты жолы – оның тегеурінді менеджментін жасақтауға байланысты. Соңғы он жыл бойы әліпби ауыстыру мәселесі жан-жақты қарастырылып, сұрақтар мен жауаптар жинақталды. Тіпті лингвистикалық жағынан бұл мәселе 80 пайызға шешіліп қойған, тек қана тағы бір сараптап өмірге енгізу қалған еді. Одан әрі ол жұмысты қайталап, текке уақыт пен қаржыны шығындаудың керегі жоқ-тын.
Латыншаны енгізуді мына салалар бойынша қарастырып, соларды шешетін біртұтас мемлекеттік менеджменттік құрылым керек:
1. лингвистикалық мәселе (Тілбілім институты);
2. дидактикалық мәселе (Білім министрлігі);
3. психолинвистикалық мәселе (мамандар сараптамасы);
4. социолинвгистикалық мәселе (мамандар сараптамасы);
5. техникалық мәселе (программистер жұмысы);
6. политологиялық мәселе (Ішкі саясат құрылымы);
7. ақпараттық-идеологиялық мәселесі (қоғамдық-саяси ұйымдар).
Лингвистикалық мәселеге Мәдениет министрлінің 10 қайнаса сорпасы қосыла қоймайтын шаруа. Тілбілім институты біршама істер тындырып тастады. Енді тыңғылықты тұжырым жасап, әліпбиді түзу санаулы айдың шаруасы ғана. Бірақ бұл қалған 6 мәселені қазқатар түрде қарастыра отырып, кешенді кіріспесе, біржақты лингвистермен шешуге мүлдем болмайды. Болашақ әліпбидің дидактикасы қатар жүруі және оның мәселелері бірге қарастырылуы керек, демек дидактиктер лингвистермен тізе қосуы тиіс. Психолингвистер мен социолингвистердің болашақ тілдік ортамен жұмыс жоспары, әдістемесі де қатар істес болуы қажет. Орфоэпия мен орфография мәселесі жаңа әліпбиді қолдану үлгісі әзірленіп, оның ережелері мен қолдану мүмкіндіктері, электрондық қосымшалар мен қамтымалар қатар әзірленуі қажет. Өйткені бұлардың біреуі кейін қалса, онда әліпбидің осал тұсын түзету мүмкін болмай, дағдарысқа ұшыраймыз. Бұл - әлгі ІТ-технологтар шаруасы. Қазыр политологиялық отырыстар алға түсіп кетті, жарияланымдар мен шаралар, үгіт-насихат латынша қаріпті ақтаумен әбігер болуда. Бұл біздің сенімсіздігімізді үдете түсіп отыр, сондықтан бұған қатысты әрбір шара бақылауда болуы керек.
Бір сөзбен айтсам, Тілбілім институты жанынан құрылған топ іргелі сан салалы бұл шаруаны толық атқара алмайды. Өйткені бұл ғалымдардың қолымен көсейтін от емес, біршама саланы қамтитын аса жауапты тарихи қадам! Демагогтар мен популистерді бұл шаруадан аластап, Мемлекеттік хатшыға тікелей қарайтын, бәлкім Президент аппаратына қаруы керек болар, жоғарыда аталған 7 саланы қамтитын, Қазақтілінің жазу реформасын жүргізетін іргелі Ұлттық орталық жасақталса құба құп. Әзірге көңіл көншітер ондай құбылыс байқалмайды. Егер де тиянақты қолға алсақ, алғашқы 3 жыл ішінде бұл жұмыстың 70-80 пайызы атқарылады, қалғаны инерциямен өзінен өзі нәтиже бермек. Бұны әлдеқайда оңай әрі тез істеуге болатын тетіктер бар, бірақ оған ғалымдар емес менеджерлер қол жеткізеді. Ғалымдарға әліпбидің менеджментін емес, ғылыми тұсын ғана тапсыру керек.
Серік Ерғали,
мәдениеттанушы