Қазақ журналистерінің басын мемлекетшілдік идеясы біріктіруі тиіс…

нурторе Қазақ журналистикасының жампозы, байыпты бас редактор Нұртөре Жүсіп ағамыз биыл 50-жасқа толды. Ағамызбен ол кісінің 30 жылдан асқан қаламгерлік ғұмыры, бүгінгі қазақ баспасөзінің жағдайы турасында әңгімелескен едік.

– «Басқаның алдында бір кітап жатса, журналистің алдында екі кітап жатады. Біреуі – жазылған кітап, екіншісі – өмір» деген тағылымды сөз бар. Сіздің бала кезіңізде «ақ халат киіп, дәрігер атансам» деген арман-мұратыңыз болғанын жақсы білеміз. Отыз жылдан асқан қаламгерлік өмірден ұққаныңыз не болды? Кезінде «қандауырды» емес, қаламды таңдағаныңызға өкінбейсіз бе? – Адамда арман көп болады. Жас кезде, әсіресе, мектеп бітіруге жақындағанда неше түрлі ой келеді. Әр мамандыққа қызығасың, қиял шіркін шарықтайды. Сондай уақытқа тап келдім бе, мен де сегізінші сыныпты бітіргенде дәрігер болсам деп армандадым. Бірақ өмір жолы мені журналистикаға әкелді. Қолға қалам алып, журналистика саласында жүргенімізге де отыз жылдан асып кетті. Сондықтан, «қандауырды» емес, қаламды таңдағаным үшін еш өкінбеймін. – Нұртөре аға, Сіз Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін қазіргі күндегі көптеген сүбелі сөз саңлақтарымен – бас редакторлармен бірге тәмамдадыңыз. Арқа жерін араладыңыз. «Егемен Қазақстанда» Шерағаңның мектебінен, одан кейінгі өтпелі кезеңде «Жас Алашта» бас редакторлық қызметті алып жүрдіңіз. «Жас журналист – жаңашыл», жастау болсаңызда осы бас редакторлық қызметпен біте қайнасып кеттіңіз. Сол уақытта, жанартаудай жалындаған жастығыңыз байыпты басшылықта қиындық туғызды ма? Әлде, септігін тигізді ме? – Біздің курстан республикаға белгілі редакторлар, ақындар мен жазушылар шықты. Республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген курстас, қанаттас, қаламдас азаматтар аз емес. Еңбек жолымды Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінен бастап, Шер-ағаңның тұсында «Егемен Қазақстанға» шақырылдым. Одан «Жас Алашта», сосын «Ақ жол Қазақстан», «Астана хабары» газеттерінде жұмыс істедім. Жас кезде адам өршіл болады. «Жас Алаш» газетін басқарған кезімде жастықтың оты жалындап тұрды деуге болғандай. Мұның газет жұмысын ілгері бастыруға септігі зор болды. Бірінші кезекте маған «жақтас» болған себептер бар. Мәселен, Алматыдан тысқары жерде жұмыс істеген соң, мұндағы жазушылармен, ақындармен аралас-құралас болған жоқпын. Бұл өз кезегінде маған қолайлы болды. Былайша айтқанда, менің ешкімнің алдында «міндеттемем» болған жоқ. Содан кейін редакциялық мәселелердің көбін еркін шештім. Тым шұбалаңқы материалдарды батыл түрде қысқартуға, кейбірін мүлдем баспауға тура келді. Әрине, бұдан маған жақсы ат келе қоймағаны белгілі. Бірақ бұдан қарапайым көпшілік оқырман ұтты. Газет бетінде ойлы мақалаларға көбірек орын берілді де, бос сөзі көп, «көбік» мақалаларға жол жабылды. Соның арқасында жалғыз «Жас Алаш» қана емес, республикадағы бірқатар басылымдар нақтылыққа, деректілікке, қысқалық пен нұсқалыққа бет бұрған да шығар…деп ойлаймын. – Сіз, бүгінгі кезде қазақ баспа­сөзі әлі қандай тақырыптарды игере алмай келеді деп ойлайсыз? – Бүгінде қазақ баспасөзі көп өзгерді. Көп өсті. Көптеген тақырыптарға батыл баратын болды. Газет-журналдардың таралымы артты. Кейбіреулер «баяғыда ана газет пәлен тиражбен, мына журнал түген тиражбен таралып еді» дейді. Дұрыс. Оған дау жоқ. Оның есесіне жаңадан қаншама газет-журнал пайда болды. Баспасөздің саны артты. Бірақ халық көбейген жоқ қой. Демек, тираж бөлінді деген сөз. Қазіргі қазақ баспасөзінің ойы өткір, тұжырымы нақты, міне 20 жылдан бері Тәуелсіздікке қызмет етіп келеді. Бізде әскери тақырып кенже қалып келеді. Сонымен қатар жас жеткіншектерге қажетті ғылыми сала, бұрынғы «Білім және еңбектің» орны үңірейіп тұр деуге болады. – Қазақ журналистерінің өзара ынтымақтастығы мен байланысына қандай баға бересіз? Журналистердің діл мен тілге, саяси ұстанымға қарай бөлінуі дұрыс па? Қазақ журналистерінің басын мемлекетшілдік идеясы біріктіруі тиіс. Кез келген ынтымақтастықтың негізінде – мемлекетшілдік, жақсы мағынасындағы ұлтшылдық, өз мағынасындағы қазақшылдық жатуы керек. Саяси ұстанымы бойынша, немесе жекелеген көзқарасы бойынша бөліну еш уақытта опа бермейді. Осыны мықтап ескеру қажет. – Осы уақытқа дейін тақырыптан, кейіпкерден жүрегіңіз шайлыққан кездеріңіз болды ма? – Журналист адамда жалығу деген бір сезім бар. Бұл журналистерге ғана емес, жалпы адамзат баласына тән нәрсе болар. Дегенмен, осы жалығу деген бойды билейтін бір кезең болады. Кей тақырыпты жылда айналдырып жаза берген соң «қызықсыз» көрінеді. Оқырман да солай ойлайтын шығар шамасы. Алайда, редактор болған соң кез келген тақырыптан айналып кете алмайсыз. Сол себептен «жүрек шайлықты» деп айта алмаймын. – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы Ұйымның тарихында терең із қалдырды. Аталмыш ұйым құрамына кіретін 56 мемлекеттің тұрақтылығы, демократиялық дамуы, қауіпсіздігі және өркендеуі жолында өнімді істер атқарылды. ЕҚЫҰ мен ИКҰ-ға төрағалық етудің ұқсастықтары мен айырмашылықтары көп екені белгілі. Биылғы маусым айынан басталатын Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына еліміздің төрағалығы мұсылман жұртын ұйыта ала ма? Күн тәртібіндегі мәселелерді шешуге ықпал жасай ала ма? – Менің жеке пікірім, кез келген халықаралық ұйымға мүше болу, мейлі ол төрағалық болсын, жекелеген адамдардың дүние-танымын соншылықты өзгерте алмайды. Мұсылман жұрты үшін Ислам Конференциясы ұйымына Қазақстанның төрағалығы әрине, үлкен оқиға. Бірақ бұдан барлық мұсылман әлемінде күрт өзгеріс бола қоймайтын болар. Ынтымақтастық ықпалы мемлекет беделін өсіруі керек. Ал жекелеген азаматтар үшін отбасындағы тәрбие зор рөл атқарады. Әр шаңырақ өз ұрпағына дұрыс тәрбие берсе, сол үлкен олжа. – Елбасымыз бір сөзінде «Халық бәрін кешіреді, бірақ біз тәуелсіздікті қолдан шығарып алсақ, бізді ешкім кешірмейді» деп айтқан болатын. Сол қастерлі ұғымның бақыты халқымызға бұйырғалы Алла салса, 20 жылдың жүзі болмақ. «Кеңес үкіметі қазақты отарлауда –Бесіктен айыру, Бесіктен безіндіру саясатын жүргізді. Қазақты бесігінен айырып, сол тұста есігін кім көрінген теуіп ашты», деп пайымдағаныңыз бар еді. Тағылымы терең тәуелсіздіктің 20 жылында жұртымыз сол «жоғалтқан бесігін» өзіне қайтара алды ма? – Тәуелсіздіктің 20 жылдығында шыққан биігіміз, жеткен жетіс­тіктеріміз аз емес. Жақсылықты ешкім тартып алмайды. Ал «жоғалтқан бесік» туралы әңгіме – таусылмайтын тақырыпқа айналғандай. Жиырма жылда ұлттың рухани сұраныстары аз-аздап болса да өтеліп келеді. Осыған қанағаттана қоймайтын адамдардың қатары да жеткілікті. Қазақ мемлекеті қазақ баласының мәселелерін толық шешіп бермейді. Мемлекет атқаратын істер бар. Оның жасайтын әлеуметтік қамқорлықтары бар. Сонымен бірге, адамадардың да өздері істей беретін шаруалар жетерлік. Біз көбінесе мемлекетке арқа сүйейміз де өз қолымыздан келетін нәрселерге бас қатыра бермейміз. Басқа біреу келіп істеп беретіндей көреміз. Мәселен, тілдің жайын айтайық. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ету туралы 1989 жылдары қандай талап қойылды?! Сол кезде кез келген қазақ азаматы тіл үшін, оның мәртебесін көтеру үшін шырылдап күресті. Ал мемлекеттік тіл мәртебесін алғаннан кейін барлық шаруа шешілгендей, біз екі қолды қалтаға салып, көптеген істі ысырып қойдық…Ал тіл үшін күрес – күнде жүретін күрес. Мәселен, Кафеге кірдіңіз бе, ас мәзірін қазақша сұраңыз. Кез келген мемлекеттік мекемеге бас сұқтыңыз ба, қазақша сауал қойыңыз. Осы да қиын ба? Әр қазақ осылайша талапшыл, принципшіл болса, тілдік орта қалыптаспай ма? Өкінішке қарай біз біреу басқа тілде сөйлеп тұрса «түсінбей қалады» деп соның ығында кетеміз. Күн сайын әр қазақ өз тілінің қолданысын арттыра берсе, басқа ұлттың бәрі өздігінен сайрайды. Сондай күннің туатындығына сенемін. Қазақ тілінің болашағына күмәнмен қарайтын пессимистерге айтарым: – Қазақ деген халық барда, оның осындай қуатты мемлекеті барда осыған дейін жойылмаған қазақ тілі еш уақытта жойылмайды! Сондықтан біздің әрбір қазақ баласы өз тіліне айрықша жанашыр, қамқор болуы тиіс. – Нұртөре аға, дүйім жұрт сіздің талантты іскерлігіңізді, қазақ журналистикасындағы жампоз бейнеңізді жақсы таниды. Ал, өзіңіз өмірде қандай адамсыз? Отбасыңызда сіздің журналистік жолыңызды қуып келе жатқан ізбасарларыңыз бар ма? – Өмірде аса пысық емеспін. Жалқаулығым да бір басыма жетеді. Ойға алған істерімнің көбісін атқаруға мүмкіншілігім болмады. Біраз уақытты жастықтың желігімен жібердік. Думан қуған кезеңдер де болды. Бірақ, Алланың берген ғұмырын саналы түрде кешу үшін өзімді өмір бойы қамшылап келемін. Қанағатшылмын. Барға – қанағат, жоққа – салауат. Отбасымызда соңымнан ерген, журналистік жолға түскен жеткіншектер бар. Бірқатар басылымдарда еңбек етіп жүр. Журналист адамның ақпарат тасқынына төтеп бере алмай қалатын да кезі болады. Бұл жүйкеге салмақ салатын жұмыс. Тәуекелі көп мамандық. Қалай болғанда да ең қызықты мамандықты таңдап алғаным үшін өкінбеймін, сосын осы мамандық арқылы әлемнің қанша елін аралап, ел көріп, жер көріп, дүниені танығаныма, сол дүниені танытқан Алла-тағалаға мың сан шүкіршілік айтамын. – Әңгімеңізге рахмет! Ырыс Аманкелді, Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің 2 курс студенті