Қазыбек Иса. ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ ҚАЗАҚ ҮШІН ЖАҢАРУЫ КЕРЕК!
2017 ж. 12 қыркүйек
14928
24
ӘЛІПБИ КОМПЮТЕР ҮШІН БЕ, ӘЛДЕ КОМПЬЮТЕР ӘЛІППЕ ҮШІН БЕ?
Рубль аймағынан шығып, төл теңгемізді қабылдаудың экономикалық-саяси маңызы қандай зор болса, Латын әліпбиін қабылдауымыздың рухани маңызы да болашағымыз үшін баға жетпес өте зор.
Кеше Астанада «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау болып өтті. Бұл бірден айту керек, қиядан шауып, қисынын тауып, тоқсан толғап өмірге келген жаңа әліпби! Бүгінде әлемнің 80 пайыздан астамы қолданылатын ғылым мен техниканың тілі - латын әліпбиіне негізделген қазақтың жаңа әліпбиінің іске қосылуға алғашқы адымы жасалды. Бұл әрине, руханиятымыздағы тарихи оқиға! Латын әліпбиіне өту – Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асса да, әлемдік тәжірибеде отарлық бұғауынан шыққан елдер үшін заңдылық болып табылатын және жемісін беретін ОТАРСЫЗДАНУ саясаты қолға алынбаған Қазақстандағы рухани тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам. Әрине, бұл қадамның қарқын алуы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан басталып кеткені белгілі. Ал алғаш латын әліпбиіне өту керектігі туралы 2006 жылы Елбасымыз Қазақстан Халқы Ассамблеясында айтқан болатын. 1929 -1939 жылдары латын әліпбиінде болған Қазақ Елі үшін Тәуелсіздік алған соң латын әліпбиін қайта енгізуі табиғи да, тарихи да, заңды қажеттілік. 1993 жылы рубль аймағынан шығып, төл теңгемізді қабылдаудың экономикалық-саяси маңызы қандай зор болса, Латын әліпбиін қабылдауымыздың рухани маңызы да болашағымыз үшін баға жетпес өте зор. Кешегі парламенттік тыңдауда Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов айтқандай, «Адам да, қоғам да, тіпті заман да қателесуі мүмкін. Бірақ Уақыт қателеспейді. Ал Уақыт өз сөзін айтты» дегендей, латын әліпбиіне өту – Уақыт талабы! Енді біз Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин айтқандай: «ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫН ЖАҢА ӘРІПТЕРМЕН ЖАЗАТЫН БОЛАМЫЗ!» «Ақ жол» партиясы 2007 жылы Қазақстанның Ұлттық концепсиясын жариялағанда «Әліпбиіміз – латын әліпбиі болу керек» деп жазды. Биылғы латын әліпбиі нұсқасын талқылауда «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев та латын әліпбиіне өтуді белсене қолдап қана қоймай, іс жүзінде «Ақ жолдың» ұсынысын жариялап, арнайы комиссияға өткізді. Ақжолдықтар бірнеше рет бұл мәселені зиялы қауыммен, тілші ғалымдармен бірге талқылап, бірнеше жиын өткізді. Кеше «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» жұмыс тобының жетекшісі , А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек жасаған негізгі баяндамада «Азат Перуашев та латын әліпбиінің нұсқасын ұсынды» деп, атап өтіп, разылық танытуынан , саяси партиялардың ішнен тек «Ақ жолдың» ғана жаңа әліпби туралы нақты ұсыныс бергенін білуге болады. Менің өзім де латын әліпбиін енгізудің маңыздылығы туралы жазып келе жатқаныма оншақты жыл болды. Оның ішінде сүйекті екі мақалам елге белгілі. Әсіресе, 2013 жылы жазылған «ЛАТЫН әліпбиіне көшуге ҚАРСЫЛЫҚ – ҰЛТ МҮДДЕСІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ!» (http://www.qazaquni.kz/2013/02/19/15223.html) атты мақаламды 20 мыңға жуық адам оқып, 150-ден астам пікір жазылғаны, басым бөлігі қолдағаны белгілі. Ал енді осы талай сөз болған жаңа әліпбиіміз қалай шыққан? Елдің көңілінен шықты ма? Төл әріптеріміз қалай белгіленген? Бұл енді басқа әңгіме және басты әңгіме. Бірден айтайық, қазақы әріптердің «Ә» - ае, «Ө»-ое, «Ү» - ue болып, диграфпен белгіленуі көпшілік үшін тосын болды және ұнай қойған жоқ. Екі әріптің қатар таңбаланып, бір дыбысты беруі халықаралық әліпби әлемінде бар дейді әліпби жсасаушылар. Иә, ағылшында, «Ш» әрпі «sh»-деп, ал неміс әліпбиінде тіпті «sch»-деп үш әріппен таңбаланатынын жақсы білеміз. Бірақ, бұлар дауыссыз дыбыстар екеніне мән бермеген секілді жұмыс тобындағылар. Қосарланған әріптер дауысты дыбыстарға келмейді. Мысалы, «Әлім» деген адам атын біздің жаңа әліпбимен жазсақ, «aelim» болып шығады. Сонда бұны ертең жұрт «Әлімді» «аелім» яғни, «әйелім» деп оқып, жанжалға ұрынып қалмаймыз ба? Содан соң әлеуметтік желіде жүрген «асхана» деген сөздің латыншасы «ashana» болып жазылады. Ал жұмыс тобындағылар «sh» деп -«ш» әрпін белгілеген. Ендеше бұл қарын тойдыратын асханамызды «Ашана» деп оқып, аш қалып жүрмейміз бе? Бұлардың айтуынша, төл әріптерімізді осылай белгілесек, біз Лондонда отырып та, Токиода отырып та компьютерге қазақша зуылдатаып жаза береді екенбіз. Біз шетелде отырып алып, қазақша оңай хат жазуды емес, қазақтың өзіне тән ұлттық дыбыс ерекшелігі – көркем төл дыбыстарынмызды жоғалтып алмауды ойлауымыз керек емеспіз бе? Түріктердің «Қ» әрпінен айрылып, аһ ұрып қалғаны бізге сабақ болуы керек қой. Сол үшін 25 жыл күткен жоқпыз ба, латын әліпбиіне өтуді... Әріптесіміз Қуаныш Біләлдің көрсеткен кириллицаны латын әліпбиіне аударуы, конвертерлеуі де көңілге қонады. Кезінде менің 2013 жылы жазылған мақаламда айтылғандай, «қазақ кітаптарын аударудың қазіргі технология заманында түк қиындығы жоқ, бір сәтте аударылады» дегенімнің іске асқанын көрсетіп, ол Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының 3 секундта аударылғанын экраннан көрсетіп берді. Бірақ, біз айтқан қосарланған әріптер – диграфтардың кесірінен «Абай жолы» бір жарым есе көлемді болып кеткенін неге ескермейміз. Біздің қос әріптермен бір дыбысты белгілеу - диграфтың қажеті жоқ деп жатқанымыздың бір себебі де осында жатыр. Сонда біздің жаңа әліпбиіміз компьютер үшін бе, әлде компьютер әліппе үшін бе? Осындай ойды кеше парламенттік тыңдауда Мәжіліс депутаты Төлеубек Мұқашев та , бүгін әлеуметтік желідегі жаңа әліпбидің жасанды нұсқасына наразылар да көп айтуда... Мысалы, «Ә» әрпін А’, «Ө» әрпін О‘, «Ү» әрпін U‘, «Ғ» әрпін G’, «Ң» әрпін N’, «І і» әрпін І і, «Ш» әрпін S’, «Ж» әрпін Z’ деп, апокрифпен белгілеуге болмай ма? Бұл апокрифтер, ноқат дейміз бе, латын жазбасында, компьютер пернетақтасында да, кез келген смартфонда да бар таңба Жаңа нұсқаның жарамсыз төл әріптерімізге жақсы балама ретінде нақты нұсқа ұсынып отырмыз:кириллица | латиница |
Ә ә | A’ a’ |
І і | I i |
Й й | I’ i’ |
Ң ң | N’ n’ |
Ғ ғ | G’ g’ |
Ү ү | U’ u’ |
Ұ ұ | U’’ u’’ |
Ө ө | O’ o’ |
Ш ш | S’ s’ |
Ж ж | Z’ z’ |