Жетісу жерінде жұмыспен қамту жоспарлы жүргізілуде

Елбасы жариялаған «Ұлттық жоспар» стратегиясын орындау бойынша белгіленген «100 нақты қадамның» 84-ші қадамында әлеуметтік көмекті, оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру тапсырылған жалпыға мәлім. Аталмыш әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілетін болады. Кірісі төмен еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана беріледі. Осы бағдарламаларды іске асыру аясында денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері табысы аз азаматтардың санатын әлеуметтік қорғау жұмыстарын іске асыруда. «Өрлеу» пилоттық жобасында табысы аз азаматтардың санатын әлеуметтік қорғаудың белсенді түріне өтуі қарастырылған. «Өрлеу» жобасы – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысуы және қажет болған жағдайда, еңбекке қабілеттілерін қоса алғанда, отбасы мүшелерінің әлеуметтік бейімделуден өтуі шартымен отбасына ақшалай көмек беру арнайы бағдарламасы болып табылады. Шартты ақшалай көмек – келісімшарт талаптары бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен жеке тұлғаларға немесе отбасыларға мемлекет беретін ақшалай мақсаттағы төлем. Отбасының әлеуметтік белсенділігін арттыру шарты мерзімінде адам басына шаққандағы кіріс қайта қаралмайды. Ол тек қана егер де отбасыңыздың санында өзгеріс болып жатса ғана қайта қаралуы мүмкін. Яғни, сіз жұмысқа орналассаңыз немесе басқа табыс көзін тапсаңыз да, 12 айға белгіленген жәрдемақы көлеміне ол әсер етпейді. «Өрлеу» жобасына қатысу ерікті түрде жүргізіледі, сол себепті де арнайы жәрдемақы алушылардың өз еркінше таңдауы бар. Мысалы, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызы шегінде жәрдемақы алуды жалғастыруға немесе отбасының белсенділігін арттыру жөніндегі әлеуметтік келісімшарт аясында «өзара міндеттемелерді» қабылдауға келісіп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызына дейін жоғары мөлшердегі жәрдемақы алу құқығын таңдай алады. Алматы облысы бойынша 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап «Өрлеу» пилоттық жобасы нақты жүзеге асырыла бастады. Әсіресе ол Еңбекшіқазақ ауданында сәтті жүргізілуде. Айталық, тек қана алғашқы 2015 жылы Еңбекшіқазақ ауданы бойынша «Өрлеу» жобасына қатысуға тілек білдірген 257 аз қамтылған отбасының 1449 адамына - 31,0 млн. теңге тағайындалып төленді. Жобаға қатысуға тілек білдіргендердің ішіндегі 354 еңбекке жарамды азаматтардың 286-ы тұрақты жұмысқа орналасып, 72 адамға ақылы қоғамдық жұмысқа қатысуға мүмкіндік жасалды. Жобаға қатысу арқылы шартты ақшалай көмек алған отбасылары ішінен 1 отбасы нан пісіретін пеш, 1 отбасы шағын тігін машинкасын және тағы 1 отбасы дәнекерлеу аппаратын сатып алып түрлі жұмыстарын жасауда, бірқатар отбасылары ірі-ұсақ малдар сатып алып, өсіріп өнімін сатып табыс тауып өз отбасыларының белсенділігін арттырды. Жобаға қатысушылар атаулы әлеуметтік көмектің орнына шартты ақшалай көмек алып, аз қамтылған отбасы деңгейінен шықты. Алғашқы тәжірибе көрсеткендей ауданда жүргізілген «Өрлеу» жобасы бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларының нәтижесінде әлеуметтік көмекті қажетсінетіндердің саны 200-ден астам адамға қысқарып, өз бетімен жұмыспен қамтылғандардың саны 418 адамнан 261 адамға дейін және жұмыссыздық деңгейі де азайды. Ал 2016 жылы 423 табысы аз отбасы (2277 адам) «Өрлеу» жобасына өтінішін тапсырып, оның ішінде 541 еңбекке қабілетті адамдардың ішінен, 497 адам тұрақты жұмысқа және 7 адам «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының шараларымен қамтылды және 37 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді. Еңбекшіқазақ ауданынан соң 2017 жылы «Өрлеу» жобасы облыстың барлық аудан, қалаларында жүргізіліп, барлығы 830 отбасы, олардың 4152 отбасының мүшелерін қамту жоспарлан-ды. Сөйтіп аймақта бұл игі шара жоспарлы түрде іске аса бастады. Сөйтіп 2017 жылдың 1 – сәуіріне 431 табысы аз отбасы (2569 адам) «Өрлеу» жобасына өтінішін тапсырып, оның ішінде 258 адам тұрақты жұмысқа, 189 адам қоғамдық жұмысқа, 33 адам әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа жіберілді және 25 адам қысқа мерзімді оқуға, 1 адам жастар практикасынан өтті. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың мамыр айында облыстың 16 ауданы мен 3 қаласы аумағында «Өрлеу» жобасына қатысу мәселелері бойынша халықты ақпараттандыру мақсатында құрылған мобильді жұмыс тобы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл ақапараттандыру жобасының негізгі мақсаты әлеуметтік көмекке шын зәру отбасыларының құрамындағы еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтып, әлеуметтік көмек алушылардың санын азайтуға және халықтың жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтитын бөлігінің жан басына шаққандағы табыстарын арттыру болып табылады. Аймақта нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударылып келеді. Осы бағдарламаның үш бағыты бойынша 2017 жылға 8550,1 млн.теңге бөлінді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін оның 1480,4 млн.теңгесі игерілді. Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде облыс бойынша 8350 адамды оқытуға 1572,5 млн.теңге қарастырылған. Оның ішінде: 1) Тегін кәсіптік және техникалық білім берумен орта жастағы (15-24 жастағы) жастар қатарынан 1535 адамды оқытуға - 308,4 млн.теңге; 2) Еңбек нарығындағы қажетті мамандықтарға жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 6815 адамға - 1264,1 млн.теңге. Жыл басынан қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 3779 адам қамтылды. Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде 1920 адамды қамту жоспарланып, 5321,7 млн.теңге бөлінді. Шағын несие беру жұмыстары басталды. 2017 жылдың 1 шілдесіне 224 адамның жалпы сомасы 1180,5 млн.теңгені құрайтын құжаттары мақұлданды. Оның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 155 адамға жалпы сомасы 636,3 млн.теңге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 69 адамға жалпы сомасы 544,2 млн.теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 49 адамға 232,4 млн.теңге шағын несие берілді. Сонымен бірге «Бастау Бизнес» жобасы бойынша пилоттық режимде 7 ауданда кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізілуде. Бүгінгі күні кәсіпкерлікке 671 адам оқытылып, оның 318-і сертификаттар алып шықты. Бағдарламаның үшінші бағыты аясында 1655,8 млн. теңге бөлінді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 915 адамды жұмысқа орналастыруға – 183,2 млн.теңге, жастар практикасына 1055 түлекті жолдауға – 360,1 млн.теңге жоспарланған. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыс орындарына 9155 адамға 1107,4 млн. теңге және Бағдарламаны сүйемелдеуге 5,0 млн.теңге қарастырылды. Жыл басынан қоғамдық жұмысқа 5994 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 1021 адам және жастар практикасына 846 түлек жолданды. Алматы облысы бойынша 2017 жылы 25157 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. 2017 жылдың 1 тамызына жаңа өндірістердің ашылуы, шағын кәсіпкерліктің дамуы және инфрақұрылымдық нысандардың іске қосылуы есебінен 15876 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 9226 ауылдық жерлерде. «Индустриялық-инновациялық дамыту» бағдарламасы шеңберінде - 95, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы - 2644, «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдарламасы - 967, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамыту» бағдарламасы - 373, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде - 327, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша - 1549, «Аймақты дамыту» бағдарламасы - 2312, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» - 205 және жеке бастамалар арқылы - 7404 жаңа жұмыс орны іске қосылды. 2017 жылдың 1 тамызына барлығы 13111 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл бағыттағы жарты жылдық жоспар артығымен орындалды деуге болады. Жер жанаты атанған Жетісу өңірін жайлаған Алматы облысы халқы ең тығыз орналасқан аймақтардың бірі екені белгілі. Қазір халқының саны аз, жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы да қолға алынғаны аян. Бұл да халықты жұмыспен қамтуға оң әсерін тигізетін шаралардың бірі. Оған қоса еліміздегі өңірлерде халықтың бір қалыпты орналасуына ықпал етеді. Алматы облысында осыған орай «Оңтүстік-Солтүстік» жобасы іске асырыла бастады. Аталған жоба шеңберінде еліміздің солтүстік-шығыс өңірлеріне жұмысқа орналастыру мақсатында ерікті қоныс аудару жүзеге асырыла бастады. Ерікті қоныс аударушыларға және олардың әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК-тен (79 415 теңге) көшуге кеткен шығындардың орнын толтыру үшін субсидия төленетін болады. Сонымен қатар, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге 12 ай бойы 30 АЕК-ке дейін (68 070 теңге) мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Бүгінгі күні Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары 1700-ден аса бос жұмыс орындарын ұсынуда. Қоныс аударушыларға тұрғын үй жұмыс берушінің есебінен, қызметтік пәтерлер мен жалдамалы тұрғын үйлер беріледі. Оған қоса басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Қазір облыста осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бек МЫРЗАҰЛЫ qazaquni.kz