АЗАТ ЕЛДІҢ АЗАТЫ
2017 ж. 08 қыркүйек
5832
21
"Ақ жолдың" жетекшісі ақ боз атпен кең далада құйғытқанды жақсы көреді
Белгілі саясаткер, «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Ердің жасы Елуге толып отыр. Абзал азамат, саңлақ саясаткер, руxаниятқа қамқор руxы биік қайраткер Азат Тұрлыбекұлын мерейлі жасымен құттықтаймыз! «Ақ жолдың» ақбоз тұлпары аламанда алда бола берсін деп, Алладан әрдайым Ақ жол тілейміз. Төменде мерейтой иесін жақсы білетін замандастарының бұрынғы-соңғы ізгі лебіздерін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
АЗАТ ДЕГЕН АТ ҚАНДАЙ!..
Азат Перуашевқа
Өзіміз де тақтайдай, – Сөзіміз де тақтайдай. Кейде осы сөйлейміз-ау сақтанбай, Қазақ деген ат қандай. Азат деген ат қандай, Жалын бардай осы сөзде жылынар. Осы сөзде өшпейтұғын шоқ бардай, Азат пенен қазақ деген бір ұғым. Келетұғын жақсылықты көргісі, Азат деген – бостандықтың белгісі. Азат жайлы айтқан кезде, алайда, Атты ойнатып ұпай жинау жоқ ойда. Құрастырмай ертегісін, Туған елдің ертеңі үшін. Мұрындық боп жүрген жан ол талайға, Кейде тіреу болар жерде. Тіреу бола алмаймыз, Кейде сүйеу болар жерде. Сүйеу бола алмаймыз, Сөйтеміз де бірімізді біріміз. Құрғақ сөзбен алдаймыз, Шындығында осы біздер қандаймыз? Сақылдап бір аяз соғып тұрса да, Лапылдап бір жанар кезде жанбаймыз. Азамат кім, Азат кім? Ол да нағыз жанашыры қазақтың. Ешкімді де алмайтұғын жағадан, Ақылды адам – қарсыласы көп адам. Солар ғана суырылып шығады, Шыға алмайтын додадан. Кеңейтуге туған елдің өрісін, Қайрат-күшін жұмсап жүрген сол үшін. Жылып тұрар, парламентте отырған, Азаматтар сендей болса, деп ішің. Қанша елдің қалаулысы дегенмен, Халық үшін ой айта алмай тереңнен, Сөзі де жоқ, өзі де жоқ, әйтеуір, Сүмірейген депутаттар көрем мен. Жүрмесең де бүкіл елді асырап, Батылдығың басқалардан басым-ақ. Қашып жүрген жоқсың қуыс-қуысқа, Айтып жүрсің ойларыңды ашып-ақ. Құдай өзі сақтасыншы, билікте, Жүргендерден абыройын шашып ап. Халқы үшін жасамаса бірдеңе, Депутаттар депутат боп жүр неге? Неге олар отырады маужырап, Үй күзеткен мысық сынды іргеде. Келмейді оны кедей дегім, бай дегім, Іздеп жүрген жан емес ол жайлы орын. Жалтақ емес, азамат ол тік өскен, Қажет жерде шаршамайтын күрестен. Текті ойлар туады тек тектіден, Азат – елдің Азаматы деп білем! Ибрагим ИСАЕВ,ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты
«НАҒЫЗ ҚАЗАҚ...»
Осы бір алпамса денелі, қара жігітті алғаш рет қашан, қайда көргенім есімде. Ақтөбеде әлдебір үлкен жиында мінберге шығып, көсіліп сөйлегені бар. Түр-тұлғасы өзіміздің ауылдағы кейбір құрдастарға ұқсап тұрғанымен, орысша сөйледі. Мен де қырсығып қалдым. Атағынан ат үркетiн арнадан келдім емес пе! Жиын соңынан болған баспасөз мәслихатында тек қана қазақша сауалдар қойып, өзін біраз қинағаным да есімде. Жауап бере алмады. Алматыға келген соң, «Жеті күннен» тағы бір түйреп өттім... Өмір деген қызық қой. Әлдебір себептермен жұмыстан кетіп, бос жүрген кезім еді. Мәскеулiк журналист досым хабарласып, сол күні кешке бір үлкен адаммен жолықтыратынын айтты. «Сен туралы айтып қойдым, – деді, – Сыртыңнан біледі екен! Кешікпе!», – деп трубканы тастай салды. Айтқан уақытында барып, екеуміз оның қабылдау бөлмесінде күтіп отырдық. Өзі сыртта жүр екен. Сол жерде білдім ғой, күтіп отырған дөкейiміз – әлгі өзім сынаған – Азат Перуашев екен! Мен кетуге ыңғайландым. Өзін сынап жүрген адамды кім жұмысқа ала қойсын? Үлгермедім. Есіктен өзі де көрінді. Жүре сөйлеп келе жатыр. «Мына жігіт жайында айтқан болсаң, мен оны жұмысқа аламын! Бұл кісіні жақсы білеміз ғой… Қараптан қарап қысылғаным-ай, сол жерде…». «Таспен атқанды, аспен атқандай» болды-ау! Не керек, сол жерден білдей бір партияның баспасөз хатшысы болып бір-ақ шықтым. «Қазақша» білмейді деген қара баламыз жұмыста да, үйде де тілін бұрап болса да, тек қазақша сөйлейді екен. Өзі Ресейде білім алған. Ана тіліне шорқақтау болғаны да содан болса керек. Мені де осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін жұмысқа алды деп ойлаймын. Жүрген жерінде қазақтың әдет-ғұрып, салт -дәстүр жайындағы әңгімелерге аса мән беріп, жадына түйіп жүретінін сан мәрте байқадым. Сондай күндердің бірінде Ұлттық баспасөз клубында журналистермен мәслихат болатын болып, жанталасып жаттық. Жиын басталар алдында ғана Азаттың сол күні туған күні екенін, тіпті мүшел жасқа кірейін деп жатқанын естідік. Біздің жұмыс ұйымдастыру ғой. Жиналған әріптестердің құлақтарына сыбырлап қоя салдық. Баспасөз мәслихаты енді қызды-ау дегенде қасқыр журналист Жанарбек Әшiмжан сөз алып, Перуашевті туған күнімен құттықтады. Мүшел жаста жақсы көретін затын сыйлау керектігін де айтуды ұмытпады. «Рахмет, –деді Азатымыз, – Қазір қалаған затыңызды айтыңыз! Жанарбек бауырым біреуге есе жіберіпті дегенді өз басым естімептім. Көп ойланбай сарт еткізді. – Анау алдыңызда жатқан күнқағар очкидің ұнап тұрғаны… Жанарбектен басқалар да қалыспады. Біреу галстугін, біреу қаламын дегендей»… …Азатпен бес жылдай бірге жүрдім. Саясат деген сайқалдың төңірегінде алыпқашпа әңгімелер тым көп айтылады ғой. Азаттың тегіне күмәнмен қараған әңгімелерді сол кезде көп естідім. Ондайлар әлі де бар. Осындайда ойға оралады. Сол жылдары Ақтауда облыс әкімі Қырымбек Көшербаевты күтіп тұрғанбыз. Әкім Азатты көре бір әңгіменің шетін шығарған. «Азат, мен сенің әкең Тұрлыбектi жақсы білемін, – деді, – сексенінші жылдардың соңында «Қазақ тілі» қоғамын құрып, ана тілінің абыройы үшін айқасқа түскендердің бірі еді…». Мен үшін бұл да күтпеген жаңалық болды сол кезде. Ал, кеше осы ғаламтордан Азаттың атасы Перуаш жайында жазбаны оқып, тіпті таң қалдым. Сонау аласапыран заманда Алашорданың мүшесі болған, сол үшін репрессияға ұшырап, атылған бұл адам жайында тебіренбей оқу мүмкін емес. Түрмеден газет бетіне сүтпен жазып жіберген Перуаштың өлеңін ауыл адамдары күйе жағып, қарайтып оқып, жаттап алған екен. Өлеңнің әр жолынан сол заманның трагедиясын анық аңғарылып тұр! Қадыр ағамның өлеңі бар ғой, «Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ домбыра…» – деген. Мен нағыз қазақ деп жалаң сөз емес, жасаған ісімен дәлелдеп жүрген азаматтарды айтар едім. Азекең қазір Алаш арыстарының мұраларының халыққа жетуіне мұрындық болуда. Оны жинастыруға, жарық көруіне қаржылай көмегін аяған емес. ...2007 жыл. Астанадамын. Азат Перуашев достың қасында. Бәрі дұрыс сияқты! Бірақ, қала маған жақпады. Бала-шаға, дос жаран.. Алматыда! Жалғыздық. Көңіл құлазып, жабырқау жүрдім. Бір күні Алматыдан хабар жетті. Немерелі болған екенмін! Азат бірден ұжымды жинап, шампан атып, қолыма «сүйіншісін» ұстатып, Алматыға аттандырып жіберді. Сүйікті қалама жетіп алған соң көңілім тағы бұзылды. Сүйкімді немере...ағайын туыс...дос-жаран...Астанаға қайта барғым келмеді. Бір күні өзіне телефон соқтым. Айттым. «Сезіп жүрмін, Ареке! Сіздей шығармашылық адамына орта керек! Немереңізді иіскеп, Алматыңызда филиалда жұмыс істей беріңіз!» деген жауапты естігенде, оның азаматтығына тағы да бір риза болдым. Қиын-қыстау сәттерде бір-бірімізді тастамайтындығымызға тағы да көз жеткіздім. ... Бүгін сол немерем сабаққа кетіп бара жатып сұрақ қойды. «Ата! Мектептің сыртында сайлаудың суреттері ілулі тұр. Азат ата мен «Ақ жолдың» суретін іздедім». Айналайын, қызым-ай! Атасының достық туралы айтқандарын ұмытпай, есіне сақтап жүргенін қарашы! Саясат туралы айтып оның басын қатырмадым. Ал, үлкен достық туралы тағы бірде айтып берермін...
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ
"Ақ жол" партиясының жалпыхалықтық "ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы" дәстүрлі байқауының қорытындысы. Астана, 2016 жыл.
АЛАШ АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ
Мен Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Тұрлыбекұлы Перуашевті бірқатар уақыттан бері білемін. Ол партия көшбасшысы ретінде «Ақ жол» партиясын «Алаш» қозғалысының ізбасары ретінде әрекет етуге жұмылдырып келеді. Бұл тұжырым партияның өзге де маңызды құжаттарында көрініс тапқан. Азат Тұрлыбекұлы Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің идеялық мұраларын халыққа кеңінен тарату мен оны бүгінгі күннің кәдесіне жаратудың маңызы зор деп санайды. Алаш мұрасымен сан ұрпақ сусындап, халыққа қызмет етудің, әлемдік-экономикалық бәсекеге төтеп берудің үлгісін алуы керектігін өз сөздерінде, мақалаларында жүйелі, табанды түрде талмай айтып, жазып насихаттап келеді. Осы орайда, атап айтарлық нәрсе осыдан бес жыл бұрын «ХХІ ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты ғылыми-практикалық конференцияның өтуі қоғамда жағымды серпіліс туғызды. Дегенмен де, Алашорда көшбасшыларының заңды тұрғыда ақталғанына қарамастан, өкінішке қарай, әлгі күнге дейін Алаш қозғалысына толық әділ бағасын бере алмай жүргендігіміз, Алаштың аманатына адалдық таныту, оның идеологияларының іске асырылуның тәуелсіздігімізді бекемдеп, нығайта түсуге қызмет ететініне қоғамдық пікір туғызу – партия мен оның жетекшісінің негізгі мақсаты деп түсінеміз. Кез-келген ұлт үшін мемлекеттілік басты құндылық болып табылады. Әлихан Бөкейханов айтқандай – мемлекеттілігі жоқ халық – жетім халық. Алаш идеясының өзегі де ұлттық мемлекеттілік дербестік. Бүгінгі Егемен Қазақстан Республикасы – Алаштың асыл арманының іске асқанының көрінісі. Қазақтың белгілі тарихшысы Манаш Қозыбаевтың сөзімен айтсақ, ХХ ғасырда ұлт-азаттық қозғалысының жаңа кезеңі басталды. Оның басы қасында «Оян, қазақ!» ұранымен шыққан қазақ елін еуропалық жолмен дамытуды, жаңғыртуды көксеген реформаторлар (Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай) бастаған ұлттың маңдайалды өкілдері жүрген еді. Алаш көшбасшыларының ұлылығы да сонда – дейді бірқатар сұхбатында Азат Тұрлыбекұлы, олардың таптық жіктелуге де, ұлтшылдық томаға тұйықтыққа да ұрыбауында. Біз осыны көрсете алуымыз керек. Олар Қаазақтың жоғын жабайы ұлтшылдық сарынмен жоқтамаған. Осы кезге дейін Алаш дегенде басқа ұлттың өкілдері осы қозғалысты ұлтшылдық бағытта деп қана пайымдап, оған күдікпен қарайды. Күдік қашан да білместіктен туады. Біз осы күдікті жоққа шығаруымыз керек, дейді. Біз осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрынғы Алаш арманын бүгінгі Қазақстан бейнесін көруге тиіспіз. Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов қазақтың қойының жүні тоқылып, үстіне киім, әрбір темірі өзіне түйме болуы тиіс, деп сол заманның өзінде нарықтық экономикаға, ұлттық бизнестің дамуына үндегендігін де партия жетекшісі әркез тілге тиек етіп келеді. Алаш арыстарының рухын жас ұрпақ санасына сіңіру үшін, мектеп оқулықтарында жеткілікті көлем берілуі керек деп есептеп, осы мәселені Парламент қабырғасында жүйелі түрде көтеріп жүргені де белгілі. Азат Тұрлыбекұлының – Жас ұрпақ тарихымызды жетік білмейді. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Әрбір қалада Алаш қайраткерлеріне ескерткіштер орнатылуы тиіс. Мәселен, ол депутаттық сауалында Алаштың ордасы болып, Алашқала аталған қазіргі Семейдегі Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Алашорда үкіметі мен Алаш партиясы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатып, ол үйді мұражайға айналдыру кезек күттірмейтін мәселе екенін, жоғары оқу орындарында Алаш идеясын оқыту жүйеге айналуы, Алаш мұрасы мен тарихы туралы кітаптар мемлекеттік тапсырыс пен шығарылуы керектігі айрықша аталып айтылып жүр. Тізбелеп айтар болсақ, бұндай бастамалар өте көп. «Ақ жол» бір күннің партиясы емес, саяси ұйым ретінде еліне, мемлекетіне қызмет еткісі келетін мемлекетшіл азаматтардың партиясы. Бұл партия ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламаларды белгілеп, бүгінгі ғана емес, ертеңгі істерді жүйелеуді мақсат тұтады. Сондықтан осы бағытта нақты жұмыс жүргізіп, Алашорда қозғалысын, Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтау қажет екендігіне Қазақ елі Үкіметінің, баршаның көзін жеткізіп табандылық пен түсіндіріп насихаттай беретіндігіне сенеміз. Себебі, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы да осындай ұлы мақсаттарға үндейтіндігі баршаға аян.Анарбек ОРМАН,
«Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары – ОҚОФ төрағасы, «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері, ОҚО Құрметті азаматы
Азат Тұрлыбекұлы Ердің жасы -Елуде. 8 қыркүйек, 2017 жыл
Кәсіпкерліктің дамуына үлкен үлес қосқан азамат
Елімізге белгілі саясаткер Азат Тұрлыбекұлымен мен 2006 жылы «Атамекен» одағын басқарған кезден бері бірге жұмыс істеп келеміз. Жаңадан құрылған одақ қысқа мерзімде үлкен нәтижеге қол жеткізді. Кәсіпкерлер үлкен сенім артып, одаққа мүше бола бастады. Осы кәсіпкерлерге жасалған әкімшілік кедергілерді жою жолында Азекең үлкен жұмыс атқарды. Көп еске алатын оқиғалар да болып өтті. Біреуін айта кететін болсақ, 2008 жылы «Нұр Отан» партиясынан Елбасының қатысуымен өтетін жемқорлыққа қарсы форумда бізге сөз сөйлеуге ұсыныс түсті. Бірақ бізге Азекеңмен дайындап қойған баяндаманы оқуға тиым салды. Себебі Президентке мемлекеттік органдардағы былықты айтпак болдық. Тиым салғанға қарамай біз Елбасына былықтың бетін ашуға тырыстық. Сол форумнан кейін аталмыш проблемалар жойылып, кәсіпкерліктің дамуы қарқын алды.Сол кезде Елбасымен жарияланған бизнесті тексеруге мораторий да бітейін деп қалған еді. Кейін біздің сұрауымызбен мораторийдің мерзімі ұзартылды. Бұл мәселеде Азекең кәсіпкерліктің дамуына үлкен үлес қосқаны бәріне мәлім. Алты жылда «Атамекен» одағы дүниежүзіне танымал болды. Халықаралық форумдар Жапония, Индия, Италия, Австрия, Түркия, Ресей, Қытай тағы да басқа елдерде үлкен деңгейде өтіп еді. Сол форумдардың арқасында елімізге милиардтаған инвестиция тартылды. 2011 жылы «Атамекен» одағы «Ақ жол» партиясымен қосылып, көпшіліктің қолдауымен Азекең партия төрағасы болып сайланды. 2012 жылы тарихта бірінші рет «Ақ жол» партиясында парламенттік фракция кұрылды. Сегіз депуаттың ішінде мен де болып, 2016 жылға дейін Азекеңмен бірге депутаттық жұмыс аткардык. Бүгінгі күнде де фракция жетекшісі болып, Парламент қабырғасында маңызды мәселелерді көтеріп, халықтың алдында абыроймен жұмыс атқарып келеді. Азекеңнің отбасы үлгілі отбасылардың бірі. Мәриям тәтеміздің барлық балаларына үлгілі тәрбие бергенінің арқасында әрқайсысы қоғамда өз орындарын тауып, жемісті еңбек етіп келеді. Азат Тұрлыбекұлына барлық адами жақсылықтар мен шаңырағына бақ-береке тілеймін.Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ,
Парламент Мәжілісінің V шақырылымының депутаты
Сауран қаласының орны сан тарихқа жетелейді
АЗАТ ЕЛДІҢ АЗАТЫ
Азат Тұрлыбекұлына
Батыр бабаң Бөгенбайдан бастасам,
Батырады тарихқа!
Болмысың бар құшағы ашық досқа сан,
Болсын деген халыққа!
Атаң Перуаш Алаш жолын ұстанды,
Атыларын білді олар…
Бабалардан ұрпаққа ұлы іс қалды,ң
Алаш біткен ардақталар күн болар…
Ақ жол тілеп жүрсің бүгін Алашқа,
Ақ боз тұлпар мінгенің.
Ел тағдыры түскен сайын таласқа,
Күреспенен өтіп жатыр күндерің..
Елге ашық есігіңде тұр кезек,
Атқарасың бар шаруаны асырып.
Заң жазудан қалт еткенде бір мезет,
Жыр жазасың жасырып…
Ғалам мынау қарқыны ерен ғаламат,
Аянады аламанда ел несін?
Бабалардан қалды бізге Аманат,
Аманатқа адал болу Ерге сын!
Ұлт мүддесін ұлықтасаң, ет қызып,
Қайсарлықпен қан ойнайды қазақы.
Азат ойлар асуларға жеткізіп,
Атана бер Азат елдің Азаты!
Сында қатал сынбай ерлер,
Ерлік-ау:
«Мен де аман келермін!..» деп сенеді.
Бір жақсылық күтіп жүр ғой ел мынау, –
Бақыт ылғи ең соңынан келеді!..
Батыр бабаң Бөгенбайдан бастасам,
Батырады тарихқа!
Алаш үшін аттан түспе ешқашан, –
Тізеңді бүк тек Алла мен халыққа!!
08.09.2017
Қазыбек ИСА
«Қазақ үні» газеті
Qazaquni.kz ұлттық порталы