Берері мол бизнес-форум
2017 ж. 31 тамыз
1893
0
Астана қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының күндері аясында «Ontustik Business: Мүмкіндіктер мен әлеует» атты бизнес-форум өтті. Шараға ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев пен «Қазақстан Даму банкі» АҚ төрағасы Болат Жәмішев және даму институттары мен екінші деңгейлі банктер, кәсіпкерлерден құралған 150-ге жуық адам қатысты.
Бизнес-форум аясында өңірдің инвестициялық жобалары, инвестпреференциялар мен туристік өнімдердің арнайы таныстырылымы өтті. Басты мақсат – оңтүстіктің инвестициялық мүмкіндіктерін көрсетіп, өңірге инвестиция тарту. Осы арқылы облыс экономикасын дамыту және өңірге туристерді көптеп шақыру болды. Оңтүстік Қазақстан облысы экономикалық әлеуеті зор, тұрақты дамып келе жатқан өңір екені белгілі. Бұл ретте облыс әкімі Жансейіт Түймебаев: «Өздеріңізге белгілі, әлемде сапалы азық-түлік өніміне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Тұтынушы сапа мен қауіпсіздікті талап етеді. Бұл тұрғыда Қазақстанға Ресей, Қытай, Иран және басқа да елдер секілді жаңа нарық ашылуда. Осы нарықты игеруде Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуеті зор. Себебі, тарихи өлкенің аграрлы саласы жақсы дамыған. Соңғы 3 жылда жиналған бақша өнімдерінің көлемі 1 миллион тоннадан асып түседі. Қазақстандағы жылыжайдың 90 пайызы біздің өңірде орналасқан. Мақта толығымен, ал жүзім мен бақша өнімдерінің 70 пайызы осы облыста өсіріледі» деп аймақтың Орта Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерін байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқанын, соның нәтижесінде шекаралық сауда-саттық пен экспорттық өндіріс дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
Бизнес-форум барысында 6 меморандумға қол қойылып, бірқатар компаниялар арасында әріптестік байланыс орнады. Солардың алғашқысы: «Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы Қытайдың Аньхой провинциясы халықаралық сауда қатынасын дамыту комитетімен екіжақты түсіністік жөнінде меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, аталмыш компания «НГ-Энерго» ААҚ-мен әріптестік қарым- қатынасты дамыта түсуге уағдаласты. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-иновациялық даму және туризм басқармасы мен «POWER LANDMARK HOLDINGS LTD» компаниясы инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде арнайы меморандуға қол қойды.
qazaquni.kz