Мұхамеджан Тазабек: Қабірге зиярат етем, дұғаға қол жаямын
2017 ж. 26 тамыз
9349
21
Қазіргі таңда Мұхамеджан Тазабекті сәләфит деп айыптаушылардың қарасы көбейіп кетті. «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабекке фейсбук арқылы көптеген сауалдар жолданып жатқаны да белгілі. Мұхамеджан Тазабек Ұлттық арнада жұмыс істейді деген кезде ол туралы даулы пікірлер тіптен көбейді. Заңгер Айгүл Орынбек «сәләфизм ағымының танымал тұлғасын жастарға насихаттап жүр, сондықтан оны Ұлттық арнаға жолатпау керек» десе, Даурен Дариябек есімді журналист «Асыл арна» телеарнасы Саудия каналының жасырын арнасы ма?» деген сұрақ қойған болатын. Сондықтан Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қоғамда дау тудырған осы мәселе туралы Мұхамеджан Тазабектің өз аузынан естіп, ақ-қарасын білу үшін өзімен сұхбаттасқан болатын.
Мұхамеджан мырза, сізді «сәләфит» деп айыптағандардың алдында ақталып шаршаған шығарсыз. Алайда олар өз пікірлерін әлеуметтік желіге жариялаудан жалығар емес. Осыдан 2 жыл бұрын имам Қанат Жұмағұл 5 сауалына ешқандай жауап жазбадыңыз. Сізді айыптаушылардың көбісі осы жайтты тілге тиек етіп отырғаны белгілі. Мүмкін осы 5 талапты орындағаныңызда, ел осылай даурықпас па еді, қалай ойлайсыз?
Қанат Жұмағұл бауырымыз – мінбер ұстап жүрген, мойнына үлкен жауапкершілік арқалап жүрген имамның бірі ғой. Сондықтан мен имам ретінде ол бауырымды құрметтеймін. Ал енді оның бес сұрағына не себепті жауап бермегенімнің мәнін айтайын. Біріншіден, кез келген екі мекеме басшылық деңгейде бір мәселені келісіп, бір-бірімен әбден түсініп, қол қойысқаннан кейін оның төмендегі қызметкерлері ол мәселеге бүйірден араласып, қоғамдық деңгейде сауал жолдауы – қызметтік этикаға жатпайды. Біз дін істері комитетімен, діни басқармамен, діндарлардың республикалық деңгейдегі эксперттік тобымен және ҚМДБ-ның көптеген ғұлама, ғалымдарымен тыңғылықты жұмыс істеп, ақылдаса, талқылай келе меморандумға қол қойғанбыз. Бірнеше жылдан бері осы келісімнің негізінде нәтижелі жұмыс істеп келеміз. Әрі ҚМДБ тарапынан "Асыл арнаға" арнайы бөлінген маман бар. Ол арна басшыларымен және қызметкерлерімен қоян-қолтық араласа жүріп, бақылау жасайды, әрі бағыт-бағдар береді. Біздің сенім және ғибадат мәселелеріміз жайлы мүфтиятқа әрдайым ақпарат жеткізіп, ортадағы алтын арқау байланысты жалғап отырады. Әрі ол маманның рұқсатынсыз ешқандай діни бағдарлама эфирге шықпайды. Елімізде 3000-ға тарта мешіт бар. Әр мешіттің имамы әр тараптан келіп, "сенің сенімің қалай, көзқарасыңды білгім келеді?" деген сауалыма жұрттың алдында жауап бер деп тепсінсе, әлгі мүфтияттан бөлінген маман не үшін керек? Меморандумға не үшін қол қойдық? Басшылығының шешімімен келіспесе, имам бауырымыздың ортақ ісінде қандай береке болмақ? Жақсы, сауал жолдаған екен. Қойылған сұрақтарға жауап берілсе мақұл, жауап берілмесе не үшін ренжу керек? Мен лауазымды қызметкер, ал Қанат Жұмағұл бауырымыз депутат емес, маған ресми түрде сауал жолдап, ресми түрде БАҚ бетінен жауап күтетін. Қанат жақсы жігіт шығар, иманды имам шығар. Бірақ менің сенімім, ұстанымым, көзқарасым қызықтырса, әуелі өзіме xабарлассын. Жолықсын, сөйлессін, кеңінен мағұлмат алсын. Жолығуға уақыт таппаса, жекеме жазсын. Жеке жауабым күдік туғызып, күмән келтіртсе, ол басқа әңгіме. Алла сақтасын, қандай да бір "адасушылығым" болса, діни басқармаға ескертсін. Олар насиxаттасын, түсінбесем мүфтият кез келген деңгейде шара қолдансын. Әдебі де, әділдігі де – осы. Ал салған жерден тарпа бас сап, көпшіліктің алдында жауап алатындай құзіретті ол бауырыма ешкім берген жоқ. Сұрақ қисынымен әдепке сай қойылмағаннан кейін оған берілген жауапқа да қанағаттанбайтыны бесенеден белгілі. Біреуден бірдеңені талап етпек түгілі, кейде қорғанғанымыз үшін де сөз естіп қалып жатамыз. Иманды имам адам осы әдептерден xабарсыз деп ойламаймын. Бір мешіттің төңірегінде қаншама шешімін таппаған мәселе толып тұрған кезде, діни басқармадан толық қолдау тауып отырған біздің жағамызға жармасу ешқандай да тұтастыққа, бірлікке бастайтын әрекет емес. Екіншіден, оның айтып отырған сұрақтарының алғашқы екеуі Алланың сипат-болмыстарына байланысты мен жалпы жұрттың назарында болғандықтан, бұқара халықтың алдында мұндай тақырыптардың көтерілгеніне қарсымын. Ол – жекелеген бір ғылыми кітаптарда жазылып, мешіт-медреселерде немесе иман келтіріп, толық құлшылық ғибадат жасап жүрген жамағаттың ортасында қозғалатын мәселе. Алланың есім-сипаттарындағы нәзік мәселелер мұсылман, бірақ діни құлшылыққа берілмеген адамдардың аудиториясында талқылайтын мәселе емес. Онсыз да діндарлардың талас-тартысынан шаршаған жұрттың одан бетер басын қатыру кімге керек?! Қазіргі қоғамдағы адамдарға Алланың мекенін емес, ризалығын іздеу анағұрлым маңызды. Алланың қайда екенінен гөрі, оның разылығы мен берекесі қайда екенін насиxаттау көбірек пайда әкеледі. Ал, маған Алланың есім-сипаттары жайлы айтып, ұғындырғысы немесе танымымды танығысы келсе, оның реті мен жөнін әлгінде айттым. Ал асылында мен – Қазақстан ғұламалары арасында, эксперттік топтың жиналыстарында немесе Дін істері комитеті мен Діни басқармадағы білгір мамандардың отырыстарында өзімнің ақидама-сеніміме қатысты, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Яссауи бабаларыма байланысты ұстаным-пікірлерімді айтып және ол көзқарасыма қолдау тауып, сол негізде жұмыс істеп жүрген адаммын. Ал, одан Қанат Жұмағұл бауырым xабарсыз болса, мен не үшін айыпты болуым керек. Қатты қызығушылық танытса, білетіндерден сұрап алсын. Сұрағысы келмесе, өзіме жолықсын. Үшіншіден, Мұхаммед ибн Абдул Уаһаб менің бір зерттеу объектім емес. Оның үстіне, мен терең теологиялық тартыстарға маманданған жан емеспін, ақындық, руxани қабілетіме сай қоғамдық негізде ағартушылықпен айналысып жүрген адаммын. Мүмкін ол кісі мұсылман әлемінде танымал адам шығар, ал мен оның араб дүниесі үшін жазылған кітаптарын Қазақстанға әкеліп насихаттаудың қате екенін айтудан ешқашан жалыққан емеспін. Қарапайым қазақ арабтан шыққан абыз түгілі, Абайды толық түсініп алса, талай бақыттың кілтін қолына ұстар еді. Төртіншіден, «ҚМДБ ұстанған сенім мектебін әһли сүннет емес» деп ешқашан айтқан емеспін. Сол себепті "Асыл арнаға" толық жауапты адам ретінде мен "Матруди мектебі" деген бағдарламаны ашып, ол жерге Ризабек Баттаұлы, Ерсін Әміре сияқты ұстаздардың ақидалық сабақтарын бергізіп отырмын. "Матруди адасқан" деп есептесем айғайлатып атын қойып, арнайы бағдарлама ашпас едік. Тариxтағы бабаларымыздың тырнағына татымай жүріп, тыртаңдау кімге керек?! Сондықтан көрініп тұрған амалға қарамай, әртүрлі күмәнға берілу – ол менің проблемам емес, қисынсыз жерден сауал жолдап, алашапқын боп жүрген адамның проблемасы. Ең соңында, «осы айтқандарымды БАҚ-қа жарияласа», – депті. Мен Қазақстандағы ойын ашық айтатын тұлғалардың қатарындамын. Ешқашан БАҚ-тан ешнәрсені жасырған емеспін. Небір қисынсыз сұрақтарға қысылмай жауап беріп келемін. Соңғы он жылдағы сұхбаттарымды оқыған жан мен жайлы толыққанды мәлімет таба алады. Арман Әубәкір есімді журналист өзінің фейсбук парақшасында осыдан біраз уақыт бұрын сізбен кездесу барысында сіздің «Қазақ келіндерінің иіліп сәлем беруі – ширк» деп айтқаныңызды жазған болатын. Осыны сіздің өз аузыңыздан естігеніміз дұрыс болар. Журналист Арман Әубәкірдің сөзі қаншалықты рас?
Әрине, өтірік. 14 жасымнан қолыма домбыра алып, елдің ортасында келе жатқандықтан, мен көп адамдармен кездесемін. Арманмен де сондай бір отырыс болған шығар. Анық есімде жоқ. Қай ортада болса да ұлттық мәдениет, дәстүрлі өнер жайлы сөз қозғап жүретініміз рас. Асылымыз бен жасығымызды әңгіме қыламыз. Мен айтыс сахнасынан кеткелі 15 жылдай уақыт болса, осы сұраққа жылына 1-2 рет міндетті түрде жауап беремін. Себебі, журналистер сұрайды. Анығы, еш жерде, еш уақытта сәлем салуды – ширк, домбыра – харам дегенді айтқан емеспін. Себебі ондай үкім беретін ғұлама, ғалым емеспін. Халал, xарам деген үкімді Алланың атынан тек қана муфтият немесе мүфти береді. Әрі біз имамның артына ұюшы мұсылман ретінде әрқашан мүфтияттың пәтуаларына құрметпен қараймыз. Мүфтияттан ондай патуа естімеппін. Онда мен қалай ондай сөз айтпақпын?! Сосын, көбінесе «сәләфи» деп айыптайтын отандастарымыз мені «Қол жаймайды, бетін сипамайды немесе шалбары қысқа, домбыраны харам, келіннің сәлемін ширк дейді, қабірге барғанда дұға қылмайды» деген сияқты айыптаулар айтады. Оның бәрі – жалған сөздер. Ғұламалар көрсетіп кеткен жол - менің жолым. Мазһаб - маңдайға ұстап отырған бағдаршамым. Балағым имамдардікіндей, құран оқып, сауабын бағыштаймын, өлімді еске алу үшін қабірге зиярат етем, дұғаға қол жаямын, намазым Ханафи бойынша, сұранған ортада домбыра тартып, арнау, терме айтамын. Қазақтың дәстүрін "прикол" дейтін, алыс-беріс, жөн-жосықты "ысырап" санайтындармен ымырасызбын. Себебі, дін діңгек болса, дәстүр – әр берер жапырағы. Аруақты сыйлаймын, бірақ сыйынбаймын. Адыраспанның емдік қасиетін, вирустарды өлтіретінін мойындап, бірнеше рет үйде түтеткенмін, бірақ құран оқып, азан айтқандай үйден жын-шайтанды қуады деп есептемеймін. Исламның ғылымды қолдайтын дін екенін білгендіктен заманауи жетістіктерді бағалаймын. Орта ғасырға тартатын дәлелсіз, дүбара дүниелерден аулақ жүремін. Алла ұлт-ұлт қылып, ұлыс қылып жаратқандықтан ұлттық құндылықтарды сақтауға, оның өркендеуіне үлес қосуды міндетім деп есептеймін. Біз өзі қазақты қазақ қыла алмай, суыған бауырды жақын тарта алмай жүрген кезде, «Мен – қазақпын, мен қазақтың салтын құрметтеймін» деген адамды «Жоқ, сен – қазақтыққа қарсысың. "Жоқ, сен – басқа ұлттың мүддесін көздеген адамсың" деп итеру – пендешіліктен басқа ештеңе емес. Бұл тек қана «Жаптым жала, жақтым күйе» деген төменгі деңгейдегі ұсақ әрекет деп есептеймін.
Сонымен бірге Дәурен Дариябек есімді журналистің айтуы бойынша, 2015 жылы Асыл арналық бірнеше түсірілімнің Сауд Арабиясына емін-еркін кіргендігін айтқан. Ол камера, штативтерден бөлек «Steream-box» сияқты үлкен аппараттарды алып жүргендігін және Мина жазығында тікұшақтың ішінде түсірілім жасағандарыңызды көрген екен. Ол өзінің фейсбук парақшасында «Асыл арна» телеарнасын Сауд Арабиясының ресми арнасы ма немесе жасырын арнасы ма?» деген сауал қойды. Бұл сауалға қалай жауап бересіз?
"Асыл арнаның" Саудияға қатысы қанша?" деген сауал мемлекеттік деңгейде, тіпті, парламент мінберінде депутаттар аузынан талай мәрте айтылған және талай мәрте бұл төңіректе үлкен-үлкен әңгімелер мен зерттеулер болып, оның нүктесі нық қойылған. Көбіне елдің айтқысы келетіні не нәрсе? Біріншіден, осы "Асыл арна" ашылар алдында Сауд Арабиясы ТМД кеңістігінде «Макка» деген орыс тіліндегі спутниктік арна ашпақшы болған. Соның өкілдері Қазақстанға, Ресейге, Татарстанға, Украинаға, Шешенстанға келіп, тиісті адамдармен сөйлескен. Сол кезде жеке студия боп, деректі фильмдер түсіріп жүрген бізге де әртүрлі ұсыныстар түскен. Біз бірден сол кездегі бас мүфти Әбсаттар Дербісәлімен ақылдаса отырып, ол идеяның дұрыс емес екендігін, Сауд Арабияның арнасының бізге керек емес екендігін, сол жақтан келген өкілдерге де және өзіміздегі өкілетті адамдарға да түсіндіру арқылы сол ұсыныстан басы бүтін бас тартқызған адамның біріміз, керісінше. Сөйтіп кейіннен неге біз өзіміздің жергілікті, отандық ағартушылық арнаны ашпасқа деген идея туындаған болатын. Иә, сол кездегі келіп-кетіп жүрген арабтар бізбен суретке түсіп, өз бағдарламаларына сұхбат та алған шығар. Тіптен, "Біз телеарна ашу идеясымен келмегенде, сендерде ондай ой туындар ма еді?" деп те айтып жүруі мүмкін. Бірақ ақиқат нәрсе, "Асыл арнаның" қаржылық, концепциялық тұрғысынан да немесе қандай да бір тақырыптық мазмұн, мағынадан да шетелге ешқандай да қатысы жоқ. Одан құзырлы орындар толықтай xабардар. Ал енді біздің қажылық сапарымызға орай Дәурен бауырымыздың жазған жаласына сол кездегі, яғни 2015 жылдарда Асыл арнаның бағдарламалар бөлімінің жетекшісі болған кәсіби маман, өткір журналист Тоқтар Жақаш ағамыз өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында толыққанды жауап берді деп есептеймін. Оған менің алып-қосарым жоқ. Екінші айтарым, қажылық – ол әлем мұсылмандарына ортақ дүние. Жасыратын ешнәрсесі жоқ, біз жыл сайын осы сапарға барып, ол жерде түсірілім жасайтын болғандықтан "Асыл арна" жігіттері әбден кәнігіленіп алған. Қазақстандық басқа арналарға қарағанда қажылық маусымын түсіруді, ол жердегі жұмыстарды игеруді, ол жерде қандай кедергі бар, қандай жеңілдік бар екенін біз жақсырақ білеміз. Біз қандай техниканың шекарадан өтетінін, қандай талап кері қайтаратынын тіпті жаттап алғанбыз. Қажылық немесе Ақпарат министрлігіне алдын ала xат жазып, әлемнің өркениетті БАҚ өкілдері секілді тіркеуден өтеміз. Теxникамыздың тізімін жібереміз. Кейбір әуедегі түсірілімді тек "Асыл арна" ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жүздеген телеарналар кезекпен тұрып, алдын ала алынған рұқсат бойынша 15-20 минут аралығында түсіріп алады. "Асыл арнаға" елден ерекше жасалған жағдай жоқ. Тек ертерек қамданғанымыз ғана – олжа. Ал қазақстандық басқа телеарналар ондай үлкен дайындықпен бармайды. Жіберген мамандары бірінші рет келгендіктен алдарынан түрлі кедергілер кездеседі. Ал біз жылда жұмыс істеп жатқандықтан, ондай мәселелерді бүге-шүгесіне дейін зерттеп алғанбыз. Біз қай жерде полиция қызметкерлері камераны тартып алады, қай жерде фотоаппаратпен, қай жерде үлкен камерамен түсіру керек екенін жақсы білеміз. Себебі "Асыл арнаның" өкімет тарапынан арнайы жіберілген миссия өкілдерімен бірге бұл сауапты қызметті атқарып жүргеніне 10 жылдай уақыт болды. Сондықтан оны саясиландырудың еш қажеті жоқ.
Қоғамда сіз туралы ғана емес, сіздің отбасыңыз туралы да көптеген пікірлер кездеседі. Кейбір адамдар қоғамдық орындарда әйеліңіздің қара ниқаб кигенін, қасында сіздің келе жатқандығыңызды көргендігін айтып жатады. Әйеліңіз бен отбасыңызды көпшілікке не себепті көрсетпейсіз?
Өзі мұрнынан шаншылып жүрген жанды қоғамға шығарып, әлеуметтік желінің талқысына салуыма қандай қажеттілік бар? Адамның отбасы – оның нәзік тұсы. Сондықтан әр адам өз нәзік тұсын аса аялап, көлденең көк аттының көзінен, қаймана күншілдің сөзінен сақтауға тырысады. Ендеше, бұл менің таңдауым. Біз қашан өзгенің жеке өмірін сыйлауды үйренеміз – сол кезде нағыз құқықтық қоғам құрамыз деп ойлаймын. Білгісі келгендер үшін айтарым, үйде тек қазақша сөйлесеміз. Жұбайымның қазақылығынан шығар, қонақ арылмайды. Ұлттық дәстүрден жеріген жеріміз жоқ. Жұбайым қарапайым қазақи тәрбиеге қанып өскен қыз. Елден асып та, қалып та бара жатқан ештеңесі жоқ. 5 бала тәрбиелеп отырған ана. Күйеуінің қабағын бағып, ризашылығын алып отырған жар. Ата-енесінің қызметін жасап, қонағын күтіп, батасына бөленіп отырған келін. Жүзін жасырып, қара киген жан емес. Үйде отырса да ағылшыншасы мен арабшасы менен жақсы. Ұлды қауызға, қыздарды биге апарып-әкелуден қолы тимейді. Әлеуметтік желіге тіркелгенмен кіруге уақыты жоқ. Тіпті, қоғамда күйеуі туралы осынша әңгіменің болып жатқанын да білмеуі мүмкін. Білгенде не істейді?! Уайымдатып қайтемін? Отбасы – жігіттің тыныштық табар төрі. Үйінде береке жоқ жігіттің түзде тірлігі түзелмейді. Менің көзім жеткен нәрсе – осы. Аллаға шүкір, ол жағынан жолым болды.
Фейсбук әлеуметтік желісінде танымал заңгер Айгүл Орынбек те сіздің сәләфит ағымындағы белгілі тұлғаны жастар арасында насихаттап жүр деп пікір білдірген болатын. Бұл жайт бірнеше БАҚ-өкілдерінің арасында да талқыға салынды. Сіз Айгүл ханымға жауап берсеңіз де, ол сізді даттауын доғарар емес. Осы туралы да айтып өтсеңіз.
Айгүл қарындасымыздың сөздері ұлтқа жанашыр сипатта болғанмен, шындыққа жанаспайтын тұсы көп. Сондықтан посттарындағы мәтінге қатты мән беріп жүрген жоқпын. Даусы жуан шығып жатқанымен, жолы жіңішке қарындасым ғой. Мені басқа нәрсе алаңдатады, басқа нәрсе ойландырады. Осындай қаракөздеріміздің толық зерттемеген, өзіне айдай айқын болмаған тақырыптармен жүйкесі шаршап, жұртқа жан айқайын жеткізе алмай жабығып жүргеніне біз, еркектер кінәліміз-ау. О заманда бұ заман, қазақ қыз баласын қашан қоғамның талқысына тастап қойып еді?! Байғыздай ұлытып, бақадай шулатып даурыққан даулы іске қыз баласын жұмсап па еді? Борбайлатып шапқызып, боз інгендей ыңырантып, боқтасаң да қайтпа деп жаға жыртысқан жанжалдың басына апарушы ма еді? "Қылыш қынын жоғалтса, қол кеседі, қыз қылығын жоғалтса, жол кеседі!" Мәселе Айгүлде емес, мәселе шешетін еркектің азайғанында, мәміле жасайтын ердің майдаланғандығында. Қызын қылықты қылып өсіріп, мінезін жібектей қылып құлпыртатын әкенің тапшылығында. Қарындасын алақанға сап аялайтын, көптің көзтүрткісінен қызғанып, көңіліне кірбің шалдырмай қамқор болатын ағалардың жоғалғандығында. Еркектің бәрі ту ұстап тұрса, арулар атының шылбырын уыстап тұрмас па еді? Еркек біткен қоғамның жыртығына жамау боп жүрсе, арулар үйде маxаббатқа алау боп жүрмес пе еді? Неге десеңіз, біз қыздарымыздың толыққанды жүрегі тыныштық тауып, сенген азаматы сертінен таймай, әр күні шаттыққа толы шадыман өмірмен қамтамасыз ете алмай жатырмыз. Егер ер азаматтар аруын алақанға салып, мінін емес, мінезін бағып, қасиетін қайрақтай жанып, энергиясын жақсы іске жағып отырса, білегін сыбанып дау іздейтін, жағасын жыртып жау іздейтін әйел баласы қалмас еді. Нәзік қыздардың мұншалықты беті ашылып, тілі қышымас еді. Әртүрлі бейәдеп сөздер нормаға айналмас еді. Жандайшап жұрттың "бәрекелдісіне" арбалмас еді. Біз, еркектер кінәліміз. Аруларымызды ашындырған да, арлыларымызды шешіндірген де өзіміз. "Әй" дейтін әже табылса да, "Қой" дейтін қожа бола алмай жүрміз. Сосын кімге, не деп ренжиміз? Әрине "беттен алады", бүлдіршін кезде беделіңді көрсете алмасаң. Әрине "төске шабады" төркіндеп келетіндей төр тауып бере алмасаң. Қаракөздерге қамқор болар, шарапатымен шалқар болар ер азаматтардың аздығы, қыз боп киініп, қыз боп сөйлейтіндердің ездігі – ең үлкен қасіретіміз. Иә, қазақта "етегін түріп жауға шапқан, ерінің бүріп алға шапқан" батыр қыздар көп болған. Елдің басын біріктіріп, жұртты ұйыстырған дана, ақылды аналар да аз болмаған. Кей арудың есімімен бекерге тайпаның аты аталып, рудың ныспысы бекітілмеген. Ханға қадірі өткен, тіпті, Пайғамбарға (С.Ғ.С.) ақыл айтқан адал жарлар да болған. Мен қыз баланың қоғамдық деңгейде қызмет етіп, елдік проблемаға үн қосқанына қарсы емеспін. Бірақ білмейтін жерге із қалдырып, білмейтін адамға сөз келтіріп, өнбейтін дауды, өспейтін елге қуғызып, достан жау жасап, сыбыстан дау жасап отырған кезде налисың, не айтарыңды білмейсің. Сондықтан Айгүл қарындасымыз мен жайлы толық білмегендіктен, осылай айтып жатқан шығар. Қазақ айтады ғой: «Кісі танымағанын сыйламас», «Кісі – білмегеннің дұшпаны» деп. Заңгер Айгүл қарындасымыз жабыққанға жәрдем беретін, қамыққанның көңілін табуға тырысатын қазақтың қызы ғой. Жақсылық ойлап, жаны ышқынып жүрген шығар. Алдағы уақытта білер, таныр, пікірі өзгерер, оған уақыт керек қой, мен оған асығып жатқан жоқпын. Әр нәрсенің қайыры бар. Дауласып жүргендер дос боп жатады. Сыйласып жүргендер жау боп жатады. Өмір ғой. Кейде қарап тұрып, көшеде ашынған қыз көрсем, қамқор әке, аялар аға болмағанын сезем, ашылған қыз көрсем, "әй" дейтін әке, қызғанар аға жоқ екенін сезем. Әркім қол астындағыдан жауапкер. Біз – ер азаматтар қазақ қызының отбасында ерке, қоғамда көркем болуы үшін, өмірден өз орнын тауып, ақ шашты әже болғанша әдемі мінезі, ары мен ұяты сақталуы үшін қам жеуіміз керек. Қыздың ары – еркектің абыройы екенін түсінуіміз керек!
Бір кездері сіз туралы Дана Нұржігіт те, бүгін Бибігүл Дәулетбекқызы да "Асыл арна", Мұхамеджан Тазабек адамдарды сатып алумен айналысады деп айтқан болатын. Олардың айтқандары қаншалықты шындыққа жанасады?
Бұл сауалдарыңыздың барлығы әпке-қарындастарыма да қатысты екен. Соңғы сауалыңызға мен былайша жауап бергім келеді. Ақын болған соң, арманшыл болдық па, "ару" деген ұғым жайлы көп ойланатын едік... Кейде экраннан қазақтың өзі әдемі, өзі мінезді, өзі биязы, өзі қылықты, өзі ақылды қызын көрсек қатты қуанып, таңырқай қарайтынбыз. Көпке дейін көңілің өсіп, қазақ болып туғаныңа, қазақтан осындай қыз туғанына Құдайыңа шүкір айтып, қуанып жүресің. Ол арудың экраннан даналықпен айтқан сөзі, жан-жағына шаттық шашқан күлкісі қазаққа керек шипа, ем секілді сезініп, сүйініп, сүйсінесің. Сөйтіп олардың сыртынан, міне, қазақтың нағыз аруы, сол аман болсыншы, соның жолы болсыншы деп жүресің... Көрмей, білмей, сыртынан мақтап, суық сөзден қорғап, пұшайман боп жүресің. Экраннан сөйлеп жатса, бір сәт не айтып жатқанына мән бермей, қазақ аруының символына сырттай құрмет сезімімен бас шұлғып тұрасың... Менің көз алдымдағы сондай көркем, сондай талғампаз, сондай бекзат арулар – осы Дана әпкем менен Бибігүл қарындасым еді. Өкінішті! Сондай биікте тұрған, қол жетпестей талғампаз ару көрінген адамдар бір күні сен жайында, сен жұмыс істейтін арнаң жайында білместен, өте төмен, өсек деңгейіндегі жан жабырқатар пікір айтып жатқанда... Пәс пенделердің лас әңгімелерін армандай болған арулардың аузынан естіп жатқан кезде ренжімейсің, жауап та бермейсің... Біртүрлі, мұңайып, бір нүктеге қарап қаласың... Себебі, мен оларды ешуақытта сырттай сөзге еріп, жауапсыз сыбайды деп ойлап көрмеппін. Ақылына көркі сай ару деп қана жүре беріппін. Бірақ әуелден сен үшін, қиялыңда қымбатты болған, қазақ үшін сымбатты болған, сұлулардың кербез тұлғасы санаңда шытынаған шыны секілді үгітіліп бара жатқан кезде өзіңді аяйсың... Менің басқа айтарым жоқ.
Сұхбаттасқан: Әсел Болатқызы