АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫН КӨШІРУ ТИЯНАҚТЫ АЯҚТАЛАДЫ
2017 ж. 26 тамыз
1494
0
Бөрлі ауданында жүзеге асырылып жатқан Березов және Бестау ауылдары тұрғындарын көшіруді тиянақты аяқтау қажет. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Бурабайда өткен жиында көтерілген мәселелерге қатысты болған жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті.
Әкімнің айтуынша, аталмыш мәселе Елбасы бақылауында тұр. Қазірдің өзінде 29 отбасыға үйдің кілттері табыс етіліп, 16-сы қоныстанып үлгерген. Осыған байланысты өңір басшысы аудан әкімдігі мен облыстық құрылыс басқармасына нақты тапсырма жүктеді. Облыс басқармалары, Орал қаласының басшылығы және селекторлық режимде аудан әкімдері қатысқан жиында Алтай Көлгінов сондай-ақ азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, денсаулық сақтау, білім беру басқармаларына қатысты мемлекеттік - жекешелік серіктестікті дамытуға күш салу қажеттігін атап өтті. Тиісті басқармалар басшыларына өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертіп, мемлекеттік «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы ерекше қадағаланатынын жеткізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар беріліп, бұл жұмыстарға жастарды көптеп жұмылдыру керектігі айтылды. «Сонымен қатар туған жерге тағзым етіп, еңбегі сіңген азаматтарды ұмытпауымыз керек», – деді өңір басшысы. Жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына орақ науқанын ысырапсыз аяқтап, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру туралы тапсырмасын тиісті деңгейде орындау керектігін айтты. Елбасы тапсырмасына сәйкес аудан әкімдері мемлекеттік және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуы туралы қыркүйек айынан бастап бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық алдында есеп беретін болады.
qazaquni.kz