Ашулы әке күйеуге шығам деген қызының шашын тақырлап алып тастады
2017 ж. 24 тамыз
3890
2
Шешенстанда әкесі күйеуге шығамын деген 17 жастағы қызын ұрып, шашын тақырлап алып тастады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі РФ Прокуратурасының ресми сайтына сілтеме жасап.
Болған оқиғаның мән-жайы былай болған: қыз сүйіктісінің тұрмыс құру ұсынысына келісімін бергенін айтып әкесіне келді. Алайда әкесі бұл некеге үзілді-кесілді қарсы болды.
Туыстары тарапынан құқық қорғау органдарына шағым жазылғаннан кейін қыздың әкесіне қатысты Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 156-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл қылмысқа берілетін жазаның ең ауыры – 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Қазіргі таңда айыптау актісі тіркеліп, аталған іс бойынша материалдар сотқа жолданған.
Осыған ұқсас оқиға 2016 жылы 2 қызының өліміне себеп болған Дағыстан тұрғыны туралы айта кеткен жөн. Екі қызының біреуі кәмелеттік жасқа толмаған. Қыздар 2015 жылдың желтоқсанында із-түзсіз жоғалады. Тергеушілердің бірнеше ай бойы іздеу жұмыстарынан кейін қыздардың ең соңғы рет әкесімен бірге автокөлікте отырғаны анықталған. Кейін белгілі болғандай, әкесінің мұндай әрекеті қыздардың бір күні үйге кеш келіп, «әулеттің ар-намысына кір келтірдіңдер» деген себеп түрткі болған. Қылмысын мойындаған әкесін сот 15 жыл бас бостандығынан айырған болатын.