Қызылордада 6-сыныптың екі оқушысы мұғалімді азғындық жасады деп айыптады
2017 ж. 22 тамыз
2963
6
Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентіндегі №189 орта мектебіндегі дау басқаша өрбіді. Бұған дейін 6 сынып қыздары математикадан беретін мектеп мұғалімі денесін ұстайтындарын айтып арызданған. Қылмыстық іс қозғалып, сот жүріп жатыр. Алайда, оқушының бірі ол әрекетін жоққа шығарып, өтірігі үшін мұғалімінен кешірім сұрады.
Бұл туралы Астана арнасы хабарлады.6-шы сыныпта оқитын екі қыздың анасы мұғалімнің үстінен көктемде арызданған. Сол кезде жасы 60-қа таяған ұстаз азғындық жасап, қыз балалардың әр жерін ұстады деп айыпталды. Бірақ оқушылардың бірі сол ісіне өкініп отыр. Дина Нағызбаева, қатал мұғалім мектептен кетсе деген оймен, осындай айып таққанын айтып отыр.
Дина Нағызбаева, № 189 орта мектептің 6 сынып оқушысы:
Айтамыз да қоя саламыз, сосын Акпар ағай мектептен шығып кететін шығар деп ойлағанбыз. Сөйтіп бәрі осылай шатасып кетті да. Сосын мен анама келіп, барлық шындықты айттым. Ұстаған жоқ, ештеңе істеген жоқ. Әрине, өкінемін, ағайдың шыққанын қалаймын, ағайдан кешірім сұраймын.
Динаның анасы арызын алып кетті. Құрбысы өз дегенінде тұр. 35 жыл еңбек өтілі бар Әкпар Исахаевтің әріптестері болса, мектептегі сыйлы азамат ондай ұятты істерге бармайтынына сенімді.
Ұлмекен Юсупова, № 189 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі:
Сабақ барысында ондай оқыс әрекетке барады дегенге, өз басым ешқандай сенбеймін. Әділдік болса дейміз. Мынандай болғандықтан, жаңа оқу жылына, шынымды айтсам, әйел, менің өзім қорқа соғып отырмын.
Оқушылардың әрекетінен мектеп мұғалімдері де шошып қалған. Ал математиктің адвокаты ұстаздардың заң тұрғысынан қорғаусыз қалғанын айтып отыр. Қазір іс жабық өтіп жатыр. Сондықтан айыпталған мұғалімнің қорғаушысы көп нәрсені ашып айтпады.
Жасұлан Таңатаров, адвокат:
Іс қазіргі таңда сотта қаралып жатыр, соңдықтан бөлшектеп айтып бере алмаймын. Десе де айтайын дегенім, бүгінгі күні мұғалімдер әлеуметтік тұрғыдан да, заңды түрде де қорғаусыз болып тұр. Менің қорғалушым сабақ үстінде, балалардың көзінше азғындық әрекеттер жасады деп айыпталып отыр. Яғни кез келген оқушы өзіне ұнамаған мұғалім үстінен осылай негізсіз арыздана салады деген сөз.
Сәуірде қамалған математик әлі күнге уақытша ұстау абақтысында. Ендігі сот отырысы тамыздың 25-іне белгіленген.