Қазақ-қырғыз шекарасын бұзған кімдер?
2017 ж. 14 тамыз
2569
5
12 тамыз күні қазақ-қырғыз шекарасын 15-20 адам бұзып кіргені туралы ақпарат тарады. Бұл белгілі бір дәрежеде тәуелсіз елдің қауіпсіздігіне қатер төндіру болып саналады. Қазір Шекара қызметінің қосымша күштері мен құралдары Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы Қырғыз Республикасымен шекараласатын учаскеге жеткізілген.
Бұл туралы Abai.kz порталы хабарлайды.Жамбыл облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, 12 тамыз күні кешке қазақ-қырғыз шекарасының Жамбыл облысы Жасөркен ауылына жақын тұстағы (Тараздан 15 шақырым) «Жасөркен» шекара бекеті күзететін аймақтан белгісіз топ Қазақстан шекарасын кесіп өтпек болған. Облыстық ІІД-нің түсіндіруінше, 13 тамызға қараған түні ҚР ҰҚК ШҚ «Оңтүстік» өңірлік басқармасының Тараз шекара отряды «Жасөркен» шекара бекеті жасақтары мемлекеттік шекараны күзетуге шыққан. 15-20 белгісіз адам (саны анықталып жатыр) қараңғыда Қазақстан мемлекеттік шекарасы жағына қауіпсіздік спиральді белдеуінен өтіп кетпек болып, темір торды кесуге әрекеттенген. Шекарашылардың бірі, 21 жастағы ОҚО тумасы дауыс беріп, шекара бұзушылардың заңсыз әрекетін тоқтату үшін Калашников автоматынан ескерту үшін аспанға оқ атқан. Алайда шекара бұзушылар дөрекілік танытып, шекарашыларға тас лақтырып, басын жаралаған. Сол кезде шекара жасағы екі рет оқ атқан. Шекара бұзушылардың бірінің басынан оқ тиіп, қаза тапты.
«Қаза тапқан Қазақстанның азаматы, Жамбыл облысы Жасөркен ауылының тұрғыны, жасы 30-да, - деп мәлім етті департаменттегілер. - Мәйтті сою кезінде оның өлімі бастан тиген оқ жарақатынан болғанын көрсетті. Іс ҚР ҚК-нің 380-бабы 1-бөлігі бойынша (Билік өкiлiне қатысты күш қолдану) тіркелді. Мәйітті сыбайластары алып кетіп, оны туыстарына жеткізген. Ал өздері белгісіз көлікке отырып, Жамбыл облысының аумағында із жасырған. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде, қаза тапқан адамның туыстарынан жауап алынып жатыр».
Қош. Айдың-күннің аманында шекарамызды жиырмаға жуық адам бұзып өтіп, елімізде тайраңдап жүр. Біз шекарамызды бұзғандардың кім екенін әлі анықтай алмай отырмыз. Неге?