Ерлан Сағадиев гранттан қағылған талапкерлердің мәселесін шешіп беруге уәде берді
2017 ж. 13 тамыз
3920
1
Сенбі күні ондаған ата-ана, бұрынғы мектеп түлектері және олардың туыстары Қазақстан білім және ғылым министрлігі алдына жиналып, білім гранттарын бөлуге қатысты наразылығын айтты. Оларды министр Ерлан Сағадиев қабылдады. Бұл туралы azattyq.org хабарлайды.
Сенбі күні білім және ғылым министрлігіне барғандардың айтуынша, олардың балалары немесе туыстары ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сынағында 100-ден көп балл алғанына қарамастан, жоғарғы оқу орнында мемлекет есебінен оқуға бөлінетін грант ала алмаған. Ал ҰБТ кезінде олардан аз балл алған талапкерлер тегін оқитын болады.
Азаттық тілшісі білім және ғылым министрлігі подъезі алдына келген кезде жұрт ішке кіріп кеткен екен. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен кездесуге Азаттық тілшісін де кіргізді, бірақ аппаратурасы - ноутбук пен смартфонын қалдырып кетуге мәжбүр етті. Ал мемлекеттік телеарна қызметкерлерін бүкіл аппаратурасымен кіргізіп әрі видео түсіруге рұқсат етті.
Министрмен кездесу өткен мәжіліс залында жұрт "кейбірінің балы төмен болғанымен, бүкіл грант "Алтын белгі" иегерлеріне тиді, баллдар әділетсіз бөлінді" деп шағынды.
- 100 балл алдым, грантқа ілігетін шығармын деп үміттенген едім. Алматыдағы медициналық факультетті, Еуразия ұлттық университетінің биотехнология мамандығын, Астана медициналық университетінің фармацевтика факультетін, ең соңында Қарағанды медициналық университетін таңдағанмын. Жарайды, жалпы медицинаны айтпай-ақ қояйын, ол жаққа түсу үшін балың жоғары болуы тиіс, оны түсінемін, бірақ тым болмаса, биотехнологияға іліксем ғой. ЕҰУ-не грантпен түскендердің тізімін қарап шықтым, әлгі тізімде 80 балл алған бір қыз болды, ол биотехнология факультетіне грантқа түсіпті, - дейді Диана Сайлауова Азаттыққа.
Оның сөзінше, білім грантымен оқуға түспей қалғанын кеше біліп, бүгін таңғы сағат сегізде әпкесі екеуі министрлік алдына келген, өйткені гранттар неліктен бұлай бөлінгенін ешкім түсіндіре алмаған.
- Біз 127 балл жинадық, ертеректе министр "Алтын белгі" иегерлері болмайды деп айтқандықтан ғана құжаттарымызды стоматология факультетіне тапсырғанбыз, екінші таңдаған факультетіміз – жалпы медицина, үшіншісі – жалпы денсаулық сақтау, ал төртіншісін – Алматыдан таңдағанбыз, еш жерге өтпедік. Кейбірінде 50 балл екеніне қарамастан, бізге ол жаққа "Алтын белгі" иегерлері құжаттарын тапсырды деп түсіндірді, - дейді Әлия Тоқуова Азаттыққа.
Министр Ерлан Сағадиев залдағы шулаған, ал кейбірі жылап-сықтаған ата-аналар мен талапкерлерге "сабаға түсіп, арыз жазыңыздар, ал біз арыздарды қарап, тіпті қажет деп тапсақ, жоғарғы оқу орындарындағы сынақ аптасын жылжытамыз" деді.
- Құрметті балалар мен ата-аналар, сіздер құжат тапсырған кезде әлдебір мамандық бойынша қанша грант бөлінетінін көрдіңіздер ғой. Біз грант санын алдын ала көрсетеміз. Экономика саласы мамандығы бойынша оқуға түсетіндердің көбінде 130 балл, бірақ олардың грантқа ілігу мүмкіндігі жоқ. Астанаға көшкісі келетіндердің көбінде де ондай мүмкіндік жоқ, - дейді Ерлан Сағадиев.
Оның сөзінше, енді олар білім және ғылым министрлігінде жаңа тізім түзіп, "Алтын белгі" иегерлерін гранттан шығарып тастайды. Сағадиевтің айтуынша, оларды "университет, әкімдер есебінен бөлетін болады".
- Бірақ бұл жұрттың бәрі грант алады деген сөз емес, осылай істесек әділірек болады, ал келер жылы заңды өзгертіп, мамандық ішінде грант бөлу шартын өзгертеміз. Қымбатты ата-аналар, егер бір орынға 36 адамнан келетінін байқасаңыз, онда грантқа ілікпейсіздер, - дейді Ерлан Сағадиев.
Кеше білім және ғылым министрлігі бір топ мектеп түлегі мен олардың туыстары ҰБТ кезінде төмен балл алғандардың көбі мемлекеттік грант алғанына наразылық білдіріп барғаннан кейін баспасөз хабарламасын таратқан болатын. Білім және ғылым министрлігі әлгі сұраққа ҰБТ сынағында жоғары балл алмағанымен, олар - "Алтын белгі" иегерлері, оларға өзге түлектерге қарағанда басымдық беріледі деп жауап берген еді. "Алтын белгі" иегерлері үшін мұндай жеңілдікті алып тастау идеясы әзірше заң жобасы деңгейінде ғана бар.