Алдағы аптада грант иелерінің ЖАҢА ТІЗІМІ жарияланбақ - Білім министрлігі
2017 ж. 12 тамыз
4980
12
Жоғары балл алып, грант иеленбей қалған талапкерлер үшін! Білім гранттарына қатысты болып жатқан ата-аналардың алаңдаулары, әрине, түсінікті. БҒМ бұл мәселені жіті қадағалап, оң шешім шығаруға бейіл. Кеше және бүгін бір топ ата-ана мен талапкерлер шағымдарын арқалап БҒМ ғимаратына келді. Жиналғандар қарасы бүгін тіпті көп болды. Шамамен 150-ге тарта адам министрліктің мәжіліс залына жиналып, өз сауалдарын Ерлан Сағадиевтің өзіне тікелей қоюға мүмкіндік алды. Сұрақтарының мазмұны бірдей. Өздеріңіз білетіндей, аз балмен грантқа түсіп кеткендер бар да, жоғары ұпай жинаған талапкерлер, керісінше, білім гранттарына қол жеткізе алмаған.
Осы мәселеге орай министрдің берген жауаптарына көңілдері толған ата-аналар үміттерін үкілеп аттанды үйлеріне. Шыны керек, қазірде ата-ана "Баламды медресеге біл деп бердім..." демейді бұрынғыша, "заңгер болсын, экономист болсын" деп "итак та" 1 орынға ондаған талапкер таласқан мамандықты таңдап жатады... Ал кейбір "Алтын белгі" иегерлері, ауыл тұрғыны ретінде де, ата-анасы жоқ талапкерлер санатына да кіретіндіктен, мейлі аз балл алсын, бәрібір де гранттарға қол жеткізіп отыр.
Айта кетейік, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биылша "Алтын белгі" иегерлерінің басымдықтары сақталып отыр. Ол келесі жылы болмауы мүмкін. Бұл – Парламенттің жаңа заңды қабылдау-қабылдамауына тікелей байланысты. Министрліктің көктемде жолдаған заң жобасы әзірге қаралу үстінде. Дегенмен, "АБ" иелеріне берілетін басымдықты алып тастап, олардың оқуға түсерде өзге талапкерлермен тең дәрежеде білімін сынайтын мүмкіндік беріліп қалады деген үміттеміз.
Министрдің бүгінгі ата-аналармен кездесуінен түсінгеніміз, жоғары балл алып, оқуға түсе алмаған талапкерлерге басқа мүмкіндіктер берілетін болды. Ол қандай мүмкіндіктер? Республикалық комиссия қорытындысы қайта қаралып, алдағы аптада грант иелерінің ЖАҢА ТІЗІМІ жарияланбақ. Еліміздің бас газеттері – "Егемен" мен "Казправдада". Тізімге тек жоғары балл алғандар мен жеңілдікке құқылары бар ауыл тұрғындары, жетім балалар және басқалары енгізіледі. Сонымен бірге, заң бойынша, «Алтын белгі» иелеріне тиесілі гранттар сарапқа салынбайды.
Ғанибет Ғалымбекұлы, БҒМ баспасөз қызметінің маманы Қазақ үні