Алып қашудың құрбаны болған қыздың анасы оның құрбыларын да жазалауды сұрады
2017 ж. 10 тамыз
3112
0
Алматыда қайтыс болған студенттің жақындары қыздарының жетісін берді. Ал, полиция бір аптадан бері бұл іске қатысты ешқандай күдіктіні қамауға алған жоқ. Тілеугүлдің анасы болса, қызын өлтіруі мүмкін адамның жалғыз еместігін айтады. Ал, Тілеугүлдің соңғы хатында аты аталған Азиз Ваитовтың жақындары мен көршілері қандай пікірде?
Бұл туралы 31 арна хабарлады.Тілеугүл Қуаныштың жақындары бүгін Азиздің үйіне барып, болған жағдайды азаматтың өзінен сұрап білмек болған. Алайда, "бұл - тергеу жұмыстарына қысым жасау болып табылады" деген тергеушінің ескертуінен кейін ол ойларынан айнып қалды. Естеріңізге сала кетсек, Азиз Ваитов - Алматыда 8 қабаттан құлап қайтыс болуы мүмкін деген студент қыздың соңғы хатында аты аталған азамат. Алайда, біздің түсіру тобы Азизді үйінен таба алмады.
ЕРМЕК, А.Ваитовтың туысы:
– Осында тұрады деді ғой?
– Бұл үйде ешкім жоқ қазір. Қазір машинаға отырып кетті ғой. Бұл үйде тұратын адамдар.
Азиздің үйінен шыққан азамат, тілшілермен тілдесуге құлықсыздық танытты. Көршілерінің айтуынша, бұл Ваитовтың туысы көрінеді. Бірақ Азиздің анасымен тұратын басқа мекенжайын айтып, сұхбат бергісі келмеді.
– Көрген жоқпын. Сіз кім болсыз?
– Неғыласың оны? Азиз қайда, мен қайда? Ол жатыр ғой. Қайда жатыр?
–- Менің басымда.
Алайда, бұл маңайдың тұрғындары Ваитовтың дәл осы үйде тұратынын айтады. Және көршілері туралы да жақсы пікірде.
Азиз Ваитовтың көршісі:
– Өзіміз де таңқалып қалдық. Ондай болуы мүмкін емес. Ондайға бармайды бұл бала.
Тілеугүлдің анасы болса, қызын өлтіруі мүмкін адамның жалғыз болмағанын айтты.
ЖАНАРГҮЛ БҰЗАУҚЫЗЫ, Тілеугүлдің анасы:
– Артында тағы бар. Ол жалғыз емес. Жалғыз адамға күш бере қоятын адам емес. Менің қызым батыл. Өзіме ақылшы болып отырған қызым. Оның ар жағында шақырып алған қыздар бар. Бәрін тапсын. Әзиз өзі біліп тұр. Соны тауып көрсетсін соны.
Сондай-ақ, Тілеугүлдің анасы, қызынан келген соңғы хабарламаның да басқа біреудің жазуы мүмкіндігін айтады. Ал, тергеу жұмыстарының жүріп жатуына байланысты, әзірге қалалық ІІД бұл іске қатысты комментарий бермеді.