Шымкент әкімдігі Ленин ескерткішін жөндеуге 102 миллион теңге бөлді
2017 ж. 05 тамыз
2916
12
Шымкент əкімдігі Ленин ескерткішін жөндеуге қыруар қаражат бөлді. «Металлург» саябағында мызғымай тұрған күн көсемін қызғыштай қорыған ат төбеліндей белсенді топ билікті жеңіп тыныпты, - деп жазады 365info.kz.
Келмеске кеткен кеңес идеологиясын аңсаушылар көсемдерінің мыс мүсінін жаңартуға қол жеткізгендеріне дəн риза.
Қолын сермеген қасқабас аласа шалдың бейнесі əлі талай жыл қасқайып тұрары анық.
Өткен ғасырда халыққа жұмақ сыйлап, коммунизм құруды көздеген көшбасшыны дəріптегендер əлі де бар. Жыл сайын жергілікті коммунистер осы жерде бас қосып, Лениннің туған күнін атап өтеді. Гүл шоқтарын қойып, тəу етеді. Ескерткішті дəріптеп, қастерлеген топ оны мəпелеп шапанын сүртіп тазалап, бəтеңкесін жуып жатады.
Бес гектар алқапты алып жатқан орысша атауы алынбаған «Металлург» бағындағы Лениннің алып мүсінінің бағы жанды. Саябақты жөндеуге қала қазынасынан 102 миллион теңге бөлініп, демалыс орны қайта жөндеуден өте бастады. Жергілікті билік мыс мүсінді жаңартып, Лениннің ғұмырын ұзартты.
Саябақтың жан-жағындағы қаптаған дəмханалар мен сыраханалар жойылатын болды. Олардың орнына жасыл желек отырғызылмақ. Оң шешім делік. Кəсіпкерлерден жерді күштеп тартып алуға атқа мінерлердің билігі жетіп отыр.
Бақтағы жарықтандыру жаңарып, заманауи жаңа субұрқақ пайда болады, деп жария етті қала әкімдігіндегілер.
Тоқырау кезінде жеке қолға өтіп кеткен саябақ қожайыны осыдан он жыл бұрын меншігіндегі мүлкін мемлекетке қайтарып берген болатын. Содан бері демалыс орны қала иелігінде.
Келмеске кеткен көненің көзінің көз қарашығындай қорғап отырған еліміздің бірнеше облысында пролетариат «көсемі» Ленин əлі де қасқайып тұр. Олардың ішінде қазақтың қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірі де бар.
Сұрауы жоқ күн көсемнің тас тұғырын құлатуға əзірге билік қауқарсыз.