Ауыз суға жарымай отырған өскемендіктер "Ақ жолға" арызданды
2017 ж. 03 тамыз
2758
5
ШҚО әкімі Даниал Ахметовке
"Ақ жол" ХДП төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевке,
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембиновке
АШЫҚ ХАТ
Өскемен қаласының іргесіндегі Ахмер елді-мекенінің тұрғындары "Қазақ үні" ұлттық порталының редакциясына хабарласып өз мұң-мұқтаждарын айтты. Тұрғындардың айтуынша, жаңа Ахмер кентінде мемлекеттік бағдарламамен берілген жер учаскелері әлі күнге дейін қажетті инфрақұрылыммен қамтылмады.
Берілгеніне 10 жылдай болған жер учаскелеріне электр қуаты, мысалы, өткен жылы ғана тартылды. Бұған дейін тұрғындар жақын маңдағы саяжайлардан тоқ көзін тартып, электр қуатына екі есе ақша төлеуге мәжбүр болды.
Сондай бір шешілмей жатқан мәселенің бірі - ауыз су. Әкімдік тұтас бір кентті әлі күнге дейін ауыз сумен қамтамасыз етпей отыр. Бүкіл кентке арналып бір-екі жерде орнатылған құдықтар болмаса, бұқара халық ауыз суға зәру болып отыр. Ахмер кенті Өскемен қаласының территориялық аумағына кіретінін де атап өткеніміз жөн.
Осыған дейін Ахмер тұрғындары "Нұр Отан" партиясының ШҚО бөлімшесіне де хабарласқан, облыстық әкімдікке де арыз жазған, алайда пайда болмады. Тіпті, 31 арна тілшілері келіп бұл туралы арнайы репортаж түсіріп, республика көлемінде жар салып айтқанмен, "баяғы жартас - сол жартас".
Ахмер кентіндегі тұрғындардың дені Ұлан ауданы мен Тарбағатай аудандарының тумалары. Біздің порталға хабарласқан тұрғындар ендігі үміттері "Ақ жол" партиясының халық қалаулыларында екенін жеткізді.
Олар партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен Мәжіліс депутаты, Ұлан ауданының тумасы Берік Дүйсембиновке бұл өтініштерін жеткізуді және аталмыш мәселеге араласуларын сұрады.
"Қазақ үні" ұлттық порталы бұл мәселені тікелей өз бақылауына алады! Қалада тұрып ауыз суға зар болу деген масқара ақпаратты естіп жағамызды ұстадық. Экономикасы дамыған отыз елдің қатарына кіреміз деп жар салғанымыз не керек, қарапайым халық қала отырып-ақ бір жұтым таза су іше алмаса. Жыл сайын ауыз су бағдарламасына қаншама миллиондаған қаржы бөлінеді. Бір жыл емес, он жыл болды. Он жылда Өскеменнің іргесіндегі бүкіл ауылды сумен қамтуға болатын еді ғой. Бұл бассыздыққа кім жауап береді?
Ахмер кентінің тұрғындары ауыз сумен қамтылып ғана қоймай, осы уақытқа дейін елді бір жұтым суға зар қылғандар анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылуын талап етеміз!
Азамат Тасқараұлы, "Қазақ үні" ұлттық порталының Бас редакторы