Ақиық ақынның жыр кеші

шахановМамыр айының 14 жұлдызы. Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер Сарайы. Әлемге әйгілі Мұхтар Шахановтың жыр кеші қазір дәстүрге айналған. Ел-жұрт тыңдап, қауқарлы поэзиядан жаңа дем алып қайтуды әдетке айналдырған бұл кешті Айгүл Иманбаева мен Жұлдызбек Жұманбай жүргізді. Шымылдық Серікбол Айнабай мен Мархаббат Төлепбергеннің «Отырардың кітапханасы» атты әнімен ашылды. Кейіннен ортаға шыққан «Түркі халықтары арасындағы ең үздік ақын», Қазақстанның халық жазушысы, Қырғыздың Ел жазушысы, А.Нобель атындағы Алтын медаль иегері, ақиық ақын Мұхтар Шаханов дүркіреген шапалақ пен толқыған жүздерден халқының өзіне деген зор ілтипатын байқады. Ақын ел аузында жатталып қалған өлеңдерімен қоса жаңа шығармаларын да көптің назарына тебірене жеткізді. Одан әрмен жас өнерпаздар өз кезектерінде кеш иесінің сөзіне жазылған әндер айтып жұрт сусынын қандырды. Бұл кеш ақынды тек поэзиямен бағалау емес, сонымен қатар болмыс бітімінің, адамгершілік арының жоғары екенімен де көрсете алды. Архивтерде сақталған бейнесюжеттерде М.Шахановтың 1987 жылғы КСРО халықтары бірінші съезінде сөйлеген сөзін, елге деген жанашырлығын, желтоқсан қайғысын ашына сөйлеген тұстары халықтың көңілін толқытып, қазақтық рух шоғын бір үрлеп өткендей болды. «Екі халық достасса қазақ пенен қырғыздай, екі жігіт достасса Мұхтар менен Шыңғыстай» деп халық мәтеліне айналған кең ұғымды беріктіре түскендей болған Мұхтар Шахановтың кешінде қырғыздың әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовтың да рухы бір көтерілді. Түрлі видеотаспалардағы жәдігерлер көрсетіліп, ел жадындағы дүниелер қайта жаңғырықты.

Аманхан ӘЛІМ, ақын, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты: - Ақындық деген алдымен әлемге түскен жарықшақты кеудеңнен өткізе білу. Ал әлемге түскен жарықшақ – қатер, мәселен, тілді жоғалту, ұлттық болмысын жоғалту. Осындай тұста күрескерлік деген қасиет болады. Шаханов – ақын, күрескер. Ол кісінің бір ғана желтоқсан көтерілісіндегі ісі кезіндегі Махамбеттің хан Жәңгірге айтқанымен пара-пар дүние. Мұндай құбылыстар уақытында бағаланбай жатады. Сол Махамбеттер мен Мағжандардың сөздері кезінде бағаланбаған. Ал бірақ араға жылдар салғаннан кейін сол сөздердің жаңғырығы ұрпаққа жетеді. Яғни рухты, текті болуға үйретеді. Осы тұста менің айтарым, Шаханов өзінің сөзін күрескер ретінде айтып жүрген адам. Болашақта да солай. «Шаханов айтқан...» деген сөзді есіне алатын болады. Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: - Мұхтар Шахановтың бұл поэзия кеші өте дер кезінде өтіп жатқан сияқты. Өйткені жұрттар поэзияны ғана емес, азматтықты бағалайтын кезі. Мен ақындық пен азаматтықты қатар қоятын адаммын. Азаматтығы төмен, поэзиясы жоғары дегенді түсінбеймін. Әрқашан да екеуі қатар болуы керек. Мұхтарды әлем ұлттарының арасында қазақтың ақындық өнерін көрсетіп жүрген ақын деп танимын. Көпен ӘМІРБЕК, ақын-сатирик, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты: - Мұхтар Шахановтың поэзия кеші өзінің ақындық қырын көрсетейін деген ниеттен ада. Ол ақын болып та, азамат болып та баяғыда танылған. Бірақ кейінгі өсіп келе жатқан жас буынға жан берейін, соларға от қояйын, қырандай қанаттандырып ұшырайын деген өзінің азаматтық мақсатымен жыл сайын Алматыда патриоттық, ұлттық рухта әні де, өлеңі де, сөзі де осыған арналған әдеби кеш. Әдеби кеш деуге толықтай болады. Бірақ мұның астарында ұлттық рух жатыр. Осыларды кейінгі жастардың жүрегіне ұялатайын, соған бір болса да санасына түсіндіріп егейін, сосын ол көктеп, кейін ну орманға айналатын шығар деген сенім. Концерттердің көпшілігі бизнес-шоу немесе бір сол бағыттағы даңқ үшін, жұртқа танылу үшін жасайды. Ал бұл кеш ондай деңгейде емес. Шаханов поэзиясы халыққа қызмет ете бермек... Ардақ ҚҰЛТАЙ