Елбасының биылғы жылдың басында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ халқының көне мұралары мен ұлттық кодын сақтау жан-жақты баяндалған болатын. Осы орайда Қостанай өңірінде бірталай игі бастама қолға алынуда. Ұзақ жылдар бойы жергілікті тұрғындарды мазалап жүрген Тобыл өңіріндегі ұмыт болған көне жер-су аттарын қайта түлету үшін біршама жұмыс атқарылып жатыр. Оған облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастика және көрнекі ақпараттар мониторингі бөлімі ұйытқы болуда, деп хабарлайды Baq.kz агентігінің Қостанайдағы тілшісі.
Рухани жаңғыру байырғы елді мекендердің атауын қайта қалпына келтіруге зор мүмкіндік береді
2017 ж. 16 шілде
4069
15
Аталмыш бөлімнің ұйымдастыруымен облыс орталығында кең ауқымды дөңгелек үстел болып өтті. Оған өңірдегі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, ауылдық округтердің әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты. Басқосу барысында облыстық ономастикалық комиссияның атқарып жатқан жұмыстары, аймақтағы елді-мекендердің көше және ауыл аттары, сонымен қатар соңғы уақыттағы заңға енгізілген тың өзгерістер әңгіме арқауына айналды.
Бір қуантатыны – кезінде ат төбеліндей қазақ мекендеген Тобыл өңірінде соңғы уақыттарда қазақшаланып жатқан жер-сулардың тарихи атаулары қайтарылып жатқаны. Бірақ осы атауларды өзгерту мәселесіне келгенде бүйректен сирақ шығарып, байбалам салатындардың оғаш әрекеті бұл бастамаға кедергі келтіріп отырғандығы жасырын емес. Алайда, бұл қарсылықтарға қарамастан қол жеткізілген нәтижелер көңіл көншітеді.
«Мемлекеттің ұлттық сипатын танытатын ономастика саласы ғылыми-практикалық, мәдени-тарихи, сондай-ақ қоғамдық-саяси маңызға ие. Осы ретте, 2013 жылғы 21 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң талаптарына және Қостанай облысы әкімдігінің 2013 жылғы 20 мамырдағы № 194 қаулысына сәйкес Облыстық ономастика комиссиясы туралы Ереже бекітілді. 2017 жылғы 15 мамырдағы облыс әкімінің № 160 өкімімен кадрлық өзгерістерге байланысты облыстық ономастикалық комиссияның жаңа құрамы бекітілді. Аталған заңмен 3 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», – дейді басқосуда сөз алған ономастика және көрнекі ақпараттар мониторингі бөлімінің басшысы Жарасқан Наурызбаев.
2015 жыл Қостанай өңірінде ономастика саласының айтарлықтай табысты кезеңі деп атауға болады. Себебі, осы жылы Қостанай қаласындағы № 5 орта мектепке Бауыржан Момышұлының, Жітіқара қаласындағы № 9 орта мектепке Естай Есжановтың аты берілген. Сондай-ақ, былтыр Қостанай қаласында Таран көшесі Тәуелсіздік, ал Герцен көшесі Қобыланды батыр даңғылы деп аталса, Қостанай ауданының орталығындағы Калинин көшесі Тәуелсіздік деп аталды. № 9 орта мектебіне Ғафу Қайырбековтің есімі берілсе, Арқалықтағы музыка мектебі Бақытжан Байқадамовтың атымен аталады.
Жиын барысында Заречный ауылындағы мемлекеттік тілде оқытатын мектепке А.Байтұрсыновтың атын ала алмай жүргенін қынжыла жеткізген ауыл әкімі Қалыбек Жұмашев өз пікірін білдірді.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын Заречный кентінде мемлекеттік тілде оқытатын жаңа мектеп бой көтерді. Сол білім ордасына жергілікті тұрғындармен ақылдаса отырып, қазақтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың есімін беруге бір ауыздан келісіп, шешім шығардық. Заң шеңберінде қажетті құжаттардың барлығын құзырлы мекемелерге жинап, жіберген болатынбыз. Бірақ, арада біраз уақыт өтсе де, көтерген мәселеміз сағызша созылып кетті. Ауыл әкімдігінің басын қатырып отырған тағы бір мәселе – ол өздеріңіз білесіздер, Заречный қала іргесінде болғандықтан күн санап аумағы кеңейіп, жаңа көшелер пайда болуда. Соларға неге бірден қазақы атау беріп жібермейміз? Бұл тұрғындарға да ыңғайлы болар еді. Артынан тұрғындарды көшелерге қайта атау бергенде әлекке салмаймыз ғой», – деп көкейде жүрген мәселесін ортаға салды Заречный ауылының әкімі Қалыбек Жұмашев.
Дәл осыған ұқсас жағдай Таран ауданынан келген Калинин ауылының әкімі Марат Шоңғаловтың да басынан өтіпті.
«Таран ауданына Бейімбет Майлиннің атын беру мәселесі облысты қойып, республикалық дәрежеде қозғалғаны баршамызға белгілі. Бірақ, арада 15 жылдан артық уақыт өтсе де, сең әлі қозғалған жоқ. Бұған қандай жағдай кедергі болып отыр», – деп төтеден сауал тастады ауыл әкімі.
Жиын барысында ауыл әкімін мазалап жүрген сауалға облыстық тілдерді дамыту басқармасы мамандарының жауабы да дайын болып шықты.
«Ал нақты бір тұлғаның атауын беру қазіргі кезде оңай болып отырған жоқ. Оған арнайы мониторинг жарияланып қойған. Десе де бірнеше жыл қатарынан талмай ізденген аудандар көздеген мақсаттарына жетіп отыр. Сондықтан қолға алған істі орта жолдан тастамау қажет», – дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қазымбек Ахметов.
Облыстағы қалалар мен аудандарда идеологиялық тұрғыдан мағынасы илектеліп қалған атаулар баршылық. Егер осы бас қосудан соң аудандардағы ауылдарда ономастика саласында жұмыстар жандана түссе талай жақсы нәтижелерге қол жеткізеріміз анық. Сондықтан, беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланып, осы жұмысқа бел шеше кірісу керек деп тарқасты жиынға қатысушылар.