ТҰРҒЫНДАР ҚАРАҢҒЫ ТҮНЕКТЕН ҚҰТЫЛДЫ
2017 ж. 11 шілде
2058
0
Ғылым мен техниканың өрістеп, әлем елдері қатарына қосылуға сан мүмкіндіктер туып жатқан заманда күні де түні де қараңғы, бір тамшы судың қадірі артқан халықтың барына сену қиын. Жуырда «Ақ жол» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалына Асқар Абдуллин есімді азамат келіп, осы күнге дейін Семей қаласының маңайында өмір сүрсе де, сусыз, жарықсыз, көлік қатынасы қамтылмаған мекенде ғұмыр кешіп келгендігі жөнінде мәлім етті.
Баспанасыз тентіреп жүрген сан мың қазақтың қуанышына сеп болып, 2004 жылдан бастап Семей қаласы «Комсомол» кентінен жер телімдері бөлініп, 500 дей отбасына жер берілген. Алайда, бөлінген бос жерлерге одан кейінгі жағдай жасалмаған. Жергілікті халық ауыз су, электр жарығынсыз, тіпті көлік қатынасына арналған жол салынбай, жапан далада қалғандарын айтады. Жер берілген уақыттан бастап тұрғындардың қақпаған есігі, аттамаған табалдырығы қалмай, табанынан тозған. Зырғып ағып уақыт өте берген. Алайда қапаста қалған халыққа ешбір көмек көрсетілмеген. Тек 2016 жылы «Ақ жол» партиясы атынан сайланған депутат Қайрат Құсайынов және «Ақ жол» партиясы Семей өңipiнiң басшысы Рахат Алтай осы мәселенің байыбына барып, тұрғындармен жүздеседі. Ашынған, ызаға булыққан халық басшыларға деген сенімді мүлдем жоғалтқанын жабыла айтқан-ды. Осы жиында «Ақ жол» партиясының өкілі Қайрат Мұқатайұлы тұрғындарға жарық мәселесін шешіп беруге сөз берген еді. Берілген сөзден кейін, Комсомол кентінде электр жарығын орнатуға қам жасала бастады. Қараңғылықпен жылдар бойы жауындай күрескен халық жеңіске жеткен батырдай қуанып, бұған Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтың да зор еңбегі барын айтады.
Он үш жылдан кейін қол жеткізген жарыққа қуанған тұрғындар 2017 жыл маусым айының 3 –ші жұлдызында Комсомол кентінде Семей қаласы әкімі Е. Сәлімовпен, «Ақ жол» партиясының Семей өңірінің өкілдері Қайрат Құсайнов және Рахат Алтаймен кездесу ұйымдастырды. Тұрғындар ризашылықтарын облыс әкімі Даниал Ахметовқа, қала әкімі Ермак Сәлімовке, «Ақ жол» партиясының Семей каласының маслихат депутаты Қайрат Құсайыновтың атына «Алғыс хат» табыстау арқылы білдірді. Жергілікті жердің ақсақалдар алқасының мүшесі Серікхан Қорғанбаев ақ батасын жаудырды. «Ақ жол» партиясына көмек сұрап келген тұрғынның айтуы бойынша Комсомол кенті тұрғындарының үш арманы бар: жарық үй, таза су, жайлы жол. Алғашқы армандарына қол жеткізген тұрғындар ауыз су мәселесінің де жуық арада шешілеріне сеніммен қарайды.
«Ақ жол» ҚДП-ның Шығыс Қазақстан облыстық филиалы
qazaquni.kz