САҒЫНТАЕВ СЫР ӨҢІРІНЕ ОҢ БАҒА БЕРДІ

Қызылорда облысында жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкіметтік делегация болды. Оның құрамында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы, инвестициялар және даму, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қаржы, мәдениет және спорт, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлері, сондай-ақ, бірқатар мемлекеттік орган­дардың және даму институт­тарының жетекшілері бар. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Үкімет басшысын аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы құлағдар етті. Сонымен бірге үкіметтік делегация өңірдің бірақатар маңызды нысандарын аралады. Алдымен Қызылорда су торабында болған Үкімет мүшелері Мемлекет басшысының тапсырмасымен көктемгі тасқын суды жинақтау және суармалы жерлердің аумағын ұлғайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аймақтың денсаулық сақтау және білім беру жүйесінің дамуымен ҚР Премьер-Министрі 300 орынға арналған облыстық көпсалалы балалар ауруханасына және «Нұр-Шұғыла-2» жекеменшік балабақшасына барды. Мұнан соң Үкімет басшысы бүгінде әртүрлі бағыттар бойынша 289 түрлі қызмет түрін ұсынып отырған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болды. Жұмыс сапарының аясында облыс экономикасын жаңғырту мәселелеріне ар­налған жиын өтті. Қырымбек Көшербаев аймақта Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін негізгі салаларды техникалық қайта жарақтау, еңбек өнімділігінің деңгейін арттыру, бәсекеге қабілетті экспорттық өнімді дамыту шаралары қолға алынып жатқанын атап өтті. Мәселен, «Арал тұз» АҚ кәсіпорны испандық жаңа технология бойынша жұмыс атқарып, экспорт көлемін 40 есе ұлғайтқан. Бақытжан Сағынтаев «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2003 жылдан бері жүргізіліп жатқан қазба және қайта қалпына келтіру жұмыстарын көрді. Осы жерде Үкімет басшысы шығар­машылық зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. Сапар қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев мұнай өндіру көлемінің азайғанына қарамастан аймақта өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, жаппай орта бизнес белсенді дамып, әлеуметтік сала мен тұрғын-үй құрылысы бәрінен де көп қаржыландырылып отырғанын атап өтті. qazaquni.kz