Ана мен сәби өлімі кездейсоқтық па?

сабиЕлімізде ана бақытын сезіне алмаған, сезінсе де артынан қайғы жамылған, шын қуанып күле алмаған, жанұялар қаншама. Бұл өзекке өкініш ұялатар орны толмас, бүгінгі күннің ащы да болса шындығы. Қоғамның басты байлығы – ана мен бала екені даусыз. Алайда ана мен бала өміріне, олардың денінің саулығына, көңіл бөлмей немқұрайлылық танытып отырған ақ қалатты абзал жандардың ісіне қайран қаласың. Олай дейтінім, дүние есігін ашып үлгерместен шетінеп кететін шараналарды есептемегенде, шыр етіп өмірге келіп, артынша түрлі жағдайлармен шетінеп кететін сәбилердің саны жөнінен Қазақстан алдыңғы бестіктен орын алып отыр.

Дамыған мемлекеттермен салыстырғанда төртінші орынды иемденген біздің елде тірі туылған әрбір 1000 сәбидің 18-і шетінеп кетеді екен. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бес жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімі көбейіп кеткен. Осыған байланысты есеп жүргізген дәрігерлер қылығы шыққан балалар өлімінің үлес салмағы бірнеше есеге артқан. Әрине, бұл тұрғыдан алып қарайтын болсақ, шалғай ауылдарда сәби өлімінің басым екендігі айтпаса да белгілі. Өйткені, көптеген ауылдарда екі-үш бөлмелі аурухана салып, бір немесе екі дәрігерді жұмысқа орналастырған. Олардың өзі жәй ғана медбике. Ал, медбикелердің қолынан өлім аузында жатқан адамды алып қалуға қайдан шамасы келсін? Тіпті, жәй ғана бір жеріңді жарақаттап алсаң, дәрі-дәрмектерін ақтарып отырып, уақытша ауырғанды басатын бір дәріні беріп, қалаға жібереді. Осынадан-ақ байқауға болады емес пе, біздің еліміздің жағдайының қандай екенін. Бүгінгі таңда «ана мен сәби өмірі» — кезек күттірмейтін күрделі мәселенің бірі. Медицина саласында ана мен бала өлімін азайту басты мақсат болып отырса да, әзірге бұл түйіннің шешілер түрі жоқ. Өйткені, ана мен бала өздерінің құқығын қорғай алмайтын, әлжуаз топтың қатарында. Аяғы ауырлап, бақыттың бал дәмін сезініп жүріп, енді ғана сәбиін құшырлана иіскер шағында, бауыр еті баласынан айырылып қайғының қамытын жамылады. Осы тұрғыда, болашақ ана өзінің және өмірге келетін нәрестенің денсаулығына назар аударып, қандай аурулардың балаға зиянды екенін білуге тиіс. Өйткені, әрбір ана өз денсаулығына, баласының болашағына алаңдап, күтінбесе, ақ қалатты абзал жандардан көп жағдайда зиян болмаса, пайдасы тимей отырғаны мынау. Айталық, былтырғы жылы Алматы қаласында он бір ана босану үстелінде жан тапсырса, жарық дүние есігін енді ашқан 403 сәби шетінеп кеткен. Ал биылғы жылдың алғашқы бес айы ішінде Алматы қаласындағы перзентханаларда төрт келіншек босану кезінде көз жұмған. Прокуратура қызметкерлері олардың тең жартысының өмірін сақтап қалуға дәрігерлердің мүмкіндігі жететінін дәлелдеген, осының өзінен-ақ дәрігерлердің жұмысының мандырымсыз екенін көруге болады. Әрине, бұл тек Алматы қаласындағы жағдай, басқа өңірлерде бұдан көп болмаса, аз емес екені айдан анық. Мәселен, ресми деректерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысында 2009 жылы өмірге сәби әкелгелі отырған 27 ана көз жұмған. Аналар өлімін жіті тексерген мамандар «олардың 26-сын аман алып қалуға болатын еді» деген шешімге келген. Биылғы жылы да Оңтүстік өңірде аналар өлімі жөнінен алдыңғы орынды бермейтін сыңайлы. Оған дәлел жыл басынан бері аталмыш аймақта 13 әйел перзентханада босану кезінде көз жұмған. Өкініштісі, мамандар тағы да олардың жартысынан астамының өмірін сақтап қалуға дәрігерлердің мүмкіндігі болғандығын айтуда. Осы орайда айта кетер жайт, дәрігерлер көп жағдайда «аналардың уақытысында келіп, дәрігерге тексерілмеуінен, өз денсаулықтарына немқұрайлы қарауынан аналар өлімінің артып отырғандығын» айтып, бар кінәні өздеріне жауып, дәрігерлер сүттен-ақ, судан-таза болып отыр. Бір жағынан бала өлімінің жоғары болуы еліміздің кейбір экологиялық аймақтарында, өндіріс көп өңірлерде бұл мәселе күрделі. Айталық, экологияның әсерінен бала шала туылып немесе іштен мүгедек, сал болып дүние есігін ашып жатыр. Оның үстіне әлеуметтік тұрмыстың әсерін де болары сөзсіз. Ол үшін денсаулық сақтау саласын батыстың озық жабдықтарымен толықтай қамтамасыз ету қажет. Өйткені, батыс елдерінде 500-600 грам болып туылған баланы сылап-сипап адам қатарына қосып жатыр. Ал, бізде мұндай жағдайда туылған балалар бірден шетінеп кетіп жатады. Тіпті, алты-жеті айлық баланың өзі әрең аман қалып, жіті бақылаудың арқасында адам болып жатады. Дәрігерлердің науқас өміріне селқос, немқұрайлы қарайтыны қазір көп айтылып та, басылым беттерінде тоқтаусыз жазылып та жүр. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Дәрігерлердің жұмысын ешкімде жоққа шығарып отырған жоқ. Иа, дәрігерлердің жұмысы ауыр. Оның қолында науқастың денсаулығы ғана емес, адамның өмірі тұрады. Сондықтанда о баста сол мамандықты қалап, ыстық-суығына төземін деген ниетпен оқуға түсіп, маман болғаннан кейін, абыроймен атқара білуі керек емес пе? Мамандардың пікірінше, біздің елімізде ғана емес, жалпы әлемде жылына миллиондаған адам дәрігердің қателігінен өмірлерімен қош айтысады екен. Сондай-ақ жыл сайын еліміздегі аналар өлімінің себептерін тексерген құқық қорғау орындарының қызметкерлері де «жыл сайын қайтыс болатын аналардың басым бөлігін құтқарып қалуға дәрігерлердің мүмкіндігі болғанын» айтумен келеді. Сонда мүмкіндіктері бола тұра, олардың жайбарақат қарап жүргенін қалай түсінуге болады. Білімдері жетпей ме, алде еріне ме? Сондықтан ендігі жерде дәрігерлердің осындай қателік жібермеуін бақылап, олардың не үшін селсоқ қарайтынын зерттеп, оның алдын алумен айналысу керек. Мұндай жағдайдың орын алып жатқанының бірден бір себебі, оқу орындарының дұрыс білім бермеуінен десем қателеспеймін. Мәселен, Оңтүстік өңірді алып қарасақ, Түркістан қаласында «Медколледжді» бітіріп, сол қалада немесе жақын маңдағы аудандарда дәрігер, медбике болып жұмыс істеп жүргендер қаншама. Төрт жылдық біліммен, медецина саласын меңгеріп алу деген құлаққа кірмейтін әңгіме ғой. Ауылға бара қалсаң, құды дәрігерлер құдай секілді. Алдына келген адамға шіреніп отырғаны анау. Жарайды шіренсін-ақ, бірақ бір нәрсені біліп барып шіренсе жөн-ақ. Осындай жағдайда, орын алып жатқан келеңсіздіктерді болдырмас үшін ең алдымен, дәрігердің біліктілігін арттыруға күш салу қажет. Дәрігерлеріміздің біліктілігі халықаралық стандарттарға сәйкес келуі үшін шетелмен тәжірибе алмасу жұмыстарын көбейтуге тиіспіз. Сонда ғана өлім-жітім азайып, халықтың денсаулығы жақсарып және шетелден көмек сұрап, шарадай басы шапшадай болып жүрген науқастарымыздың да саны азаяр еді. Бұл жерде бассалып, дәрігерлерді жамандап немесе жала жауып отырғанымыз жоқ. Тек көзімізбен көріп отырған, қоғамдағы жағдай. Онымен қоса, бүгінгі күні дәрігерлеріміздің айлығы да мәз емес. Алып отырған еңбекақысына көңілі толмайтын маман өз жұмысын жан-тәнімен беріліп істемейді. Соның салдарынан дәрігер пара алудың қамымен, науқастарға тегін көрсетілетін медициналық көмектің өзін қиындатқысы келіп тұрады. Мәселен, екі қабат әйел толғағы келіп ауруханаға түскеннен бастап, ақша сұрау басталады. Егерде, еш нәрсе бермейтін болсаңыз, сізді адам деп есептемейді екен. Кейбір ауылдарда ақша бермесе бірнеше аптаға дейін, ауруханадан шығармайтын көрінеді. Бұл дегеніңіз барып тұрған сорақылықтың көкесі емес пе? Дегенмен, билік басындағылар дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, қолына жеткілікті жалақы алып тұрса, мұндай іс-әрекетке барар ма еді?! Кім білсін? Өкінішке орай, елімізде бала туу көрсеткіші өскенімен ана мен бала өлімі де соғұрлым көбейіп отыр. Бұған еліміздегі дәрігерлердің ғана емес әйелдеріміздің және болашақ аналарымыздың, өсіп келе жатқан қыздарымыздың да денсаулығының нашар екені себеп болуда. Мысалы, соңғы мәліметтерге сүйенсек жас қыздардың 30 пайызының ғана денсаулығы қанағаттанарлық деп көрсеткен. Демек, қалған 70 пайызының денсаулығы төмен деген сөз. Оның ішінде 47,4 пайызы асқазан-ішек жолдарының дерттеріне шалдықса, 30,8 пайызын несеп, зәр жүйесі аурулары мазалайды. Сондай-ақ, 12,5 пайызы эндокриндік жүйе ауруымен ауырады. Бұндай сырқаттар әйел адамның бала көтеруіне кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Яғни, ананың бойындағы дерт іште жатқан балаға да тікелей зиян келтіреді. Сонымен қатар, ана мен бала өлімі көп тіркелетін аймақтарға Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстары жатады. Аталған өңірлерде жағымсыз жайттардың көп орын алуына халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі, болашақ аналардың өзін-өзі күтпеуі және қоршаған ортаның ластануы қатты әсер етуде. Мәселен бүгінде қазақтар тығыз қоныстанған Оңтүстік Қазақстан облысында бала туу да, сәбилердің шетінеуі де көп тіркеледі. Оңтүстіктегі өлім-жітімнің көп болуына әлеуметтік жағдай мен дұрыс күтінбеу себепші болып отырғаны жасырын емес. Ал Атырау мен Маңғыстауда қоршаған ортаның ластануы адам денсаулығын үлкен залалын тигізіп отыр. Бір жағынан экология қыспаққа алып, екінші жағынан дәрігерлер қауқарсыздық танытып отырғанда, қайдан дені сау бала дүниеге келсін? Елу елдің қатырына қосыламыз деп шабылып жүрміз алдымызға дес бермей. Қайдағы елу елдің қатары, алдымен халықтың жағдайын жақсартып, өлім-жітімді азайтуға күш салу керек емес пе? Осы мәселелерді басшылықтағылар қолға алып, заңсыз әрекеттерді бақылап, жіті қадағалау керек. Сонда ғана тәуелсіздігім тұғырлы болып, еліміз өркендей түседі. Әсел РЗЕАВА