"Оралмандарды ұрғаны бар" Мамашев омалып отыра бере ме?
2017 ж. 20 маусым
6323
37
Мамашевтың орнында қалуы – қауымдастыққа жасалған қиянат
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Талғат Мамашевқа қарсы сын айтушылар қатары күннен күнге көбеюде. Отандық gu-gu.kz порталының редакторы Махамбет Ерғали "Мамашевтің жұмысына наразы оралмандардың көп екенін" жазыпты. Бізге жіберген ресми хатын еш өзгеріссіз назарларыңызға ұсынамыз:
Жақында өткелі отырған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайы әдеттегідей даудан басталды. Биылғы дау, бұрыңғы даудан өзгерек. Әбден запы болған қандастардың ашуы шет-шегіне жеткен бе, Мамашевқа қарсы мақала-хаттарды қарша боратып жатыр. Әлеуметтік желіде де Құрылтай туралы сөз бола қалса, "Даудың басы Мамашевтің көк сиырына" айналып шығады әңгіме.
Өткенде ғана Мәскеудегі «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдау қорының» президенті, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі Жарқын Өтешова фейсбуктегі парақшасында "Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы не үшін керек?" деп Елбасы Н. Назарбаевтың атына Ашық хат жаазған еді. Нақтылай кетейік, ол хатта Құрылтай емес, Құрылтайды иемденіп алған Мамашевтің мәселесі айтылған болатын.
- Елге оралған, бауырларға, оралмандарға тиісті қолдау көрсетілмей келеді, сондықтан болар олар қайта көшуге мәжбүр болуда. Оларға: «Оралмандарды ұрғаным бар ма..?» деп айту Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы басшысына лайықты ма? Сөйлеу мәдениеті жоқ адам Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын қалай басқарады? - деп жазған болатын Ж. Өтешова.
Ия, басы даудан арылмаған Мамашевтің мәселесі ушығып тұрғалы қашан. Әсіресе, оралмандар мәселесі бүгінгі таңда өте өзекті. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы елге оралған әр қандастың жағдайын жасау керек, шетте жүрген қандастарға қарайласу керек. Шынын айтайық, бүгінгі қауымдастық жұмысынан ондайдың ізін де көріп отырғанымыз жоқ.
Кезінде, қазақтың көрнекті жазушысы Қалдарбек Найманбаев осы қауымдастықты басқарғанда алғыс айтқандар көп еді, енді қарғыс айтқандар көп боп тұр. Қалдекең ол кезде Жазушылар одағын қатар басқарып отырған шағы. Екі қызметті қатар алып жүріп-ақ, Қауымдастықтың қазығын қақты, аяғынан тік тұрғызды, талай шаруаны тастай етіп тындырды.
Бүгіндері де ондай азаматтар арамызда баршылық. Мәселен, саңлақ саясаткер, танымал қоғам қайраткері Әлихан Бәйменовты осы қызметке неге сайламасқа? Қай кездері де елдің игілігі үшін қызмет еткен Әлихандай азаматтар қауымдастық қызметін гүлдендіріп жіберетіні сөзсіз ғой. Ел ішінде де беделі бар азамат.
Осы орайда, бұл Бәйменовтың сойылын соғып отыр демес үшін айта кетейік, қауымдастыққа кім басшы болса да, ең алдымен қандас бауырларымыздың мүддесін қорғау керек. Ал, басшының кім боларын халық шешеді. Біздікі тек ұсыныс. Оған қоса Бәйменов қазір Мемлекеттік қызмет саласындағы Халықаралық Хабтың басқару комитетіне төрағалық етіп отыр. Әрине, екі қызметті қатар алып жүру оның қолынан келері сөзсіз. Біздің бұл ұсынысымызға Әлекең ренжуі де мүмкін. Және өзі осы әңгіменің барлығынан хабарсыз болар. Бірақ бұл біздің өз пікіріміз.
Даудан арылмаған қауымдастық жұмысын ретке келтіретін уақыт жетті. Өйткені, Мамашевтың орнында қалуы – қауымдастыққа жасалған қиянат
Махамбет Ерғали,
Түпнұсқадағы тақырып: Мамашевтің орнында қалуы – қауымдастыққа жасалған қиянатНазар аударыңыз! "Қазақ үні" ұлттық порталы автордың пікірі мен мақалаға қатысты пікір қайшылықтарына жауап бермейді. Портал екінші тараптың да жауабын жариялауға дайын.