«Біз енді ұстаздардың жылауына жол бере алмаймыз!»

48
11373

Біз соңғы бір-екі аптаның ішінде әлеуметтік желінің басты кейіпкеріне айналған шымкенттік ұстаз Сәлімбаева Гүлжан Айтбекқызы мен ол жұмыс істейтін №38 Н.Д.Оңдасынов атындағы мектеп-гимназияның 2003 жылдан бергі директоры Жүсіпова Айман Сұлтанбекқызы арасындағы дауға байланысты дәл осылай айтуға мәжбүрміз…

 

 

Дау неден басталды деген сұраққа келетін болсақ, Шымкент қалалық әкімшілігі әбден үйреншікті болған әдетпен қалалық оқу бөліміне хабар-ошарсыз жоғалған, жұмыс істемей жүрген, сот тергеуінен, жазадан жасырынып жүрген, т.б. да осындай тұрғындар жайлы ақпарат жинау жөнінде тапсырма береді. (Жалпы, бұл жерде тапсырманың не жөнінде екені маңызды емес, маңыздысы – оның мұғалімдердің қызметтік міндетіне жатпайтыны!) Әкімдікке тікелей бағынышты  оқу бөлімі, басқа амалы жоқ, тапсырманы мектептерге жібереді. Мектеп басшылығы «2017 жылдың 4-12 сәуір арасында бітіріп беріңіздер» деп, өзінің мұғалімдеріне тапсырады. Қәзіргі талапқа сай аптадағы сабақтан бос, өзіне тиесілі шығармашылық күні – 8-сәуірде, сенбіде аулындағы ауру анасының хал-жағдайын білуге кетіп бара жатқан, №38 Н.Оңдасынов атындағы мектеп-гимназияда 2009 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Гүлжан Сәлімбаеваға мектеп директорының орынбасары Айжамал Қозыбекова «Еңбекші аудандық әкімдігінен тұрғындар мәртебесін анықтау бойынша тағы да хабарлама түсті, жұмысқа шық» деп шақырады. Гүлжанның айтқан уәжін, тапсырманы орындап, өзіне өткізіп қойғанын да құлаққа ілмейді. Дүйсенбі күні сабағы 14.20-да басталатын Гүлжанды сол күні таңертең 10-нан кейін қоярда-қоймай шақырып алады-дағы, мектеп директоры Айман Жүсіповаға алып барады, ал директор бұған адамның ар-намысына тиетін сөздерді айтып ұрсады. Жауабын тыңдамайды да. Сол арада А.Қозыбекованың Гүлжанның өзіне тиесілі тапсырманы орындағанын растағанына да қарамайды. Директордың тағы бір орынбасары Асылбекова Дана Дүйсенбекқызы да осы оқиғаның куәсі болады. Ең соңында, «ендігі ісім сенімен болсын, сенің сабағыңа кіремін, енді сені көремін!» деп ашық қорқытқан директор мұғалімін кабинетінен қуып шығады. Қуып шығып жатып та,  тағы да оның өзінің ұстаздық міндетінен тыс тапсырма беруді ұмытпайды. Гүлжан оны 10,11-сәуір күндері сабағын беріп болғаннан кейін, кештетіп, түнделетіп жүріп орындайды…

Сол 10-сәуір күні А.Қозыбекова Г. Сәлімбаеваның сабағына кіріп, оқушылардың дәптерін жинап алып кетсе, 11-сәуір күні тағы бір директор орынбасары Зәуре Байзақова Г.Сәлімбаеваның орта буын сыныптағы сабағына кіріп, ол да оқушылардың дәптерін жинап алып кетеді. Гүлжан «бұл  екі кісі де менің сабағыма кірудегі мақсатын маған айтуы, ескертуі тиіс еді» дейді…

12-сәуір күні тапсырманы орындаған есебін қабылдап алған соң, мектеп директорының орынбасары Айжамал Қозыбекова мен тағы бір мектеп директорының орынбасары Гуляева Любовь Павловна екеуі «Г.Сәлімбаеваның 2017 жылы 8-сәуірде мектепте жұмыста болмағаны туралы» акт жасап қойғанын көрсетеді. «Бұл заңсыз акт қой, ол күн – менің шығармашылық күнім, тұрғындар мәртебесі жайлы қызметтік міндетімнен тыс тапсырманы орындап беріп кеткенмін, сонда бұл акт не үшін?» деген сұрағына «біз сенен ешнәрсе сұрамаймыз, актпен таныстым деп түсініктеме жазбасаң, сенің бұл әрекетің жайлы тағы акт жасаймыз» дейді. Гүлжан болған жайтты көрсетіп, түсініктеме жазып беруге мәжбүр болады…

Жазықсыз түсініктеме жазып шыққан Гүлжанның қан қысымы күрт көтеріліп, екі әріптесі отырған ең жақын кабинетке зорға жетіп, құлап қалады. Мұғалімдер басшыларды шақырады. Олардың ішінен директордың  орынбасары Дана Асылбекова бұған сенбейді, «Гүлжан, өтірік ауырмай, тұрсайшы!» деп, тізесімен теуіп көреді… Дананың не істеп жатқанына баға берер шама Гүлжанда болмайды. Көзін тағы бір ашқанында  Айжамал Қозыбекованың өзін ұялы телефонның камерасына түсіріп жатқанын көреді. Оу, бұл не үшін?..

Мұғалімдердің біреуі шалған қоңырау арқасында «Жедел жәрдем» келеді. Дана Асылбекованың оларға «бұл қызды тастап кетіңдер, өзіміз шай беріп, ауруынан жазып аламыз» деген сөзіне дәрігерлер көнбей, ауруханаға алып кетеді. Тек, «Жедел жәрдем» автокөлігіне көтеріп салысатын мұғалім табылмайды… Дәрігерлер Г.Сәлімбаеваны ауруханаға апарады. Болған жағдайды күндіз көрген №38 мектеп ұстазы Рыскүл Сыздықова жолдасымен бірге, мектеп басшылары «барыңыз, жағдайын біліңіз» демесе де, түнгі 22-де ауруханаға келеді. Сол жерден Г.Сәлімбаеваны үйіне әкеліп салады.

Ертесіне ауырып отырса да, ілік іздегендерге қосымша мүмкіндік бергісі келмей мектепке барған Г.Сәлімбаева соңғы сабағында орнынан тұра алмай қалады. Біраздан соң, үйіне қайту үшін мектеп ғимаратынан сыртқа шыға берген жерінде, есінен айрылып тағы да құлап түседі…

Сонымен, екінші күн қатарынан ауыр халде түскен оған ауруханадағылар «жағдай неврозы (ситуационный невроз)» деген диагноз қойып, стационарға жатқызады. Ол жерде Гүлжан табаны күректей 17 күн емделеді.

Ауруханада жатқан кезде, 20-сәуір күні Г.Сәлімбаева ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке басынан өткен жайды айтып шағымданып хат жазады. Гүлжанға бұл шағымы бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық Білім саласын бақылау департаментінің қызметкері Битемір Ләззат Алқарқызы  мектепке келіп жолығады. 10 минут қана ауызша сөйлескен соң, «мен бұл тексеруімнің  қорытындысын  ҚР Білім және ғылым министрлігіне жолдаймын, сіз де жауапты сол жақтан аласыз, сонымен қатар арызыңызды ОҚО Еңбек инспекциясына жолдаймын, ол жақтан да жауап келуі тиіс» деп кетеді. Сол кеткеннен мол кетеді…

Г.Сәлімбаева «Қазақстанның шағым кітабы» сайтына 28-сәуір күні екінші шағым хат жазады. Сайтқа шыққан бұл шағым астына бұрын №38 мектепте жұмыс істеп жүріп көрген зәбір, шеккен жапаның кесірінен қызметтен кеткен мұғалімдер пікір жазып, комментарийлер қалдырады. Міне, осы өзгелердің пікірі үшін мектеп басшылығы Г.Сәлімбаеваның өзін қысымға ала бастайды… Ал, Еңбек инспекциясынан жауап келмейді. Келмеген себебі – 3 мамыр үні Л.А.Битемірдің хатын қабылдап алған еңбек инспекторы Қуандық Нұрғали «бұл – маған қатысты мәселе емес екен» деп, ОҚО Ішкі істер департаментіне жолдайды. Неге десеңіз, Г.Сәлімбаева өзінің шағымында «Дана Асылбекова мені бүйірімнен тізесімен тепті» деп көрсеткен екен.

«Асылбекованың тепкенін көргенбіз, куәгер боламыз» деп күтіп жүрген мұғалімдердің де, Г.Сәлімбаеваның да үміті ақталмайды, тексеріп келеді деген департамент төбесін де көрсетпейді. Оның орнына мұғалім қызға жан-жақтан қысым күшейіп кетеді. Куәлер де келісіп қойғандай бәрі ешнәрсе көрмеген болып қалады… №38 мектеп басшылығы 26 мамыр күні мұғалім қыздың үстінен «Г.Сәлімбаева біздің ар-быройымызға нұқсан келтірді» деп сотқа арыз береді.

Бұның бәріне жаны төзбеген Г.Сәлімбаева 15 мамыр күні бейнетаспаға түсірілген өзінің ҚР Президенті Н.Назарбаевқа арналған өтінішін интернетке, ютубқа салып жібереді. Қалалық оқу бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева Г.Сәлімбаеваны кабинетіне шақырып алып, мектеп директорымен татуластырмақ болады. одан ешнәрсе шықпайды… 5 маусым күні бірнеше қоғамдық бірлестік төрағалары мен өкілдері мектепке келіп, ұстаздар мен оқушылардың ата-аналар қатысқан жиында мектеп директоры мен мұғалім Г.Сәлімбаеваны тағы татуластырмақ болды. Ол жиында мен де болдым. Бірақ, бұл әрекеттен нәтиже шықпады. Неге? Мұғалім директордан бұдан ары өзінің ар-намысына тиіп, орынсыз қысым көрсетпей, өзінің міндетінен тыс жұмысқа жекпеуі туралы кепілдеме хат сұрады. Директор оған келіспеді…

Одан соң Шымкент қалалық әкімі аппаратынан Абдуллаева Гүлзада Әбдіраманқызы бастап келген  «Зерделеу тобы» да Г.Сәлімбаеваға «ютубтағы бейнежазбаңды ал!» деген біржақты талап қоюына байланысты ол әрекет те сәтсіз аяқталды.

ОҚО ІІД өздеріне 4 мамыр күні Еңбек инспекциясынан түскен арызды 12 мамыр күні Шымкент қалалық Еңбекші ауданы Ішкі істер бөліміне жолдайды. Бөлім болса толыққанды тергеу, тексеру амалдарын жүргізбейді, мысалы, «Жедел жәрдем» дәрігерлерінен, Г.Сәлімбаеваның бауырларынан, туыстарынан, ол өз арызында көрсеткен қосымша куәгерлерден түсініктеме алмай, 01.06.2017 сот-дәрігерлік сараптама тағайындайды да, міне, қызық! – дәл  сол 1 маусым күні арызды Еңбекші аудандық сотына жолдайды. Ал, бұл жайлы хабарламаны Г.Сәлімбаеваға 29 мамыр күнгі шығыс хатпен 12 маусым күні өзі ізденіп барған Г.Сәлімбаеваның қолына ұстатады…

14 маусым күні мектеп басшыларының орынсыз іс-әрекеттеріне қарсы күресіп жүрген Алматы қаласынан Айман Сағидолла, Түркістан қаласынан Баян Сәбден мен  Сарыағаш ауданынан Меңсұлу Малдыбаева Шымкентке келді.  Олар және осы жолдар авторы тікелей әлеуметтік желіге шығып, Г.Сәлімбаеваға толық қолдау көрсететін мәлімдеп, өзге де әріптестерін  осыған шақырды.

Менің ойымша, мұғалиманың соңына шырақ алып түскен топ Шымкент қаласындағы алғашқы сот инстанциясында, 2014 жылғы Сарыағаш ауданында Меңсұлу Малдыбаеваны соттағандай, сот процесінің ертерек, тезірек, жеделдете басталып кетуіне қол жеткізіп алуды көздеп отырса керек. Сот процесі басталып кетсе, ешкім оған араласа алмай қалады, өйткені бұл кезеңдегі судья – тәуелсіз тұлға. Сот шешімі бір шығып кетсе, онда мұғалиманың жағдайы одан бетер қиындай түспек. №38 мектеп басшылығының 26 мамыр күні мұғалім қыздың үстінен «Г.Сәлімбаева біздің ар-абыройымызға нұқсан келтірді» деп, сотқа арыз беруінің астарында осындай қулық-амал жатыр деп күдіктенемін. Әсіресе, директор А.Жүсіпованың әкесі көп жыл аудан әкімі, т,б. лауазымды қызмет істеген біздің жағдайда…

«Күштінің дүмі диірмен тартатынын» Нидің кеше кеден басшысы боп тұрғанда 1 млн.доллар парамен ұсталып, сотталса да, ақталып кеткені тайға таңба басқандай анық етіп көрсетіп берген жоқ па…

Бізге енді мектеп директорымен, полиция өкілдерімен сотта сөйлесуге тура келеді…

Жаңабек Әбішев, заңгер

qazaquni.kz

 

 

 

 

 

 

48 ПІКІРЛЕР

  1. Мұғалімдерді қол бала қылып алу үрдісі биліктен басталады
    Мүғалімдеріміз өзі сауатсыз өкінішке орай

  2. Басшының бәріне күйе жағу қате көзқарас. Жалры ОҚО -да осындай келеңсіз жағдайлар көп кездеседі Мен оқып отырып таң қалып отырмын

  3. дəптер тексеру де жоспарлы болу керек, мақсатты болады, қалағанкүні, қалаған мұғалімдк тексере бермейді, мұғалімді (адамды)аяқпен тебу, ауырып ессіз жатқан адамды видеоға түсіру ең алдымен адамгершілікке жатпайды. Директор да бала тəрбиешісі емес пе?

  4. Мәселе сабаққа кіру, дәптер тексеру де болып тұрған жоқ. …
    Заңсыз жұмысқа жегіп, құқығын таптау мен қудалаудан шыққан дау. ….

  5. Шындығын айтқанда мектепте ақша жинау мұғалімдерден біресе анаған біресе мынаған әбден мезі етті. Одан қалса газетке бұйрықпен күштеп жаздыру т.б былықтар жетерлік.Сөздің қысқасы білім саласын қатаң бақылауға алу керек. Ел болам десең бесігіңді түзе деп бекер айтпаған ғой. Білім министрлігінің құлағына алтын сырға.

  6. Аққа құдай жақ деген білім министрлігі мынандай масқараны жауапсыз қалдырмайды деп үміттенмін рас мектеп директорлары бірінші өздерін тәрбиелеу керек тап бір мектеп меншігіндей қоқаңдайдау келіп мұндай жұгенсіз директорларды яғни этикадан жұрдай директорларды мүлдем мектепке жолатпау керек мына директорды орнынан алып мына әріптесіме моральдық шығынын өтеп берсін.

  7. Дұрыс шешім шығарына сенейік. Бір нəрсенің болғаны анық. Адам бекерден бекер жыламайды. Төзімі таусылып тұрғо .

  8. Білмеймін бізде құдай емес , əдіскер, көмекші, ақылшы. Оңтүстікте ақшамен тұрады. Сосын күң немесе құл болмағанда қайтеді. Оңтүстіктіктің мұғалімдерінің 90 пайызы ұлтарақтар ғой.

  9. Менің түсінбейтінім сабаққа кірсе немесе дəптерін тексерсе , ол не қысым көрсету ма? Мына мұғалім өзі мияу. Сабағын бере алмаған , дəптерлер уақытылы тексерілмеген ғой. Əйтпесе директор акт жасамайды ғой.

  10. Ондай атақ-мадақтардың сатылатыны бесенеден белгілі ғой.жап-жас әншісымақтарда,жас мұғалім,дәрігер,қызметкерлерде бесіктен белдері шықпай жатып қайраткер бола қалатындары.біреуі жазып еді,алдымен сен ал,мен сосын аламын деп;октябрят,пионер,комсомолға,ары қарай баспалдақтар жоғарылай дегендей.

  11. Таңғалмаймын. Үйреншікті жағдай. Осындай былықтан Астанамыз алдына шықпаса, соңында қалмас.Болмышы нəрседен ілік іздейді. Мекткеп директорлары өзара келген, кеткен адамдары туралы хабарласып отырады. Менен кетсең ешқайда жұмыс істетпеймін, звондап сен туралы жаман пікір айтамын деп қорқытады. Т.с.с

  12. Ал білім министрі қол астындағы қызметкерлеріңнің жағдайын жаса, білім реформасы мен үш тілділік күте тұрар. Жағдайы жоқ ұстаз қалайша жаңаша ұстаз аталады көрген күндері мынадай болса. Сондақтан қайталап айтам: Әуелі ұстаздар абыройы мен жағдайын жасаңыз, қалғаны өзі-ак болады

  13. дииектор-районо-гороно-барлығы сыбайлас жемқорлар алғандарымен жіпсіз байланып,шара қолдануға көмейден өтіп кеткендері,сый-сияпаттары мешать етіп отырда.

  14. Неменеге ол директордың алдында барлығы жата-жастанып,ұлтарақ болып жүр.тірегі жоғарыда мықты отырсада.тіпті бір ең керемет кемеңгер ,пысық,ерекше болып кетседе.өзінің білім,этика-эстетика жағынан түйтік-түсінігі қай шамада,аяқпен тебетіні қай сасқаны?..

  15. Мектеп директорлары мұғалімдерді ашса алақанымда, жұмса жұдырығымда ұстауым керек деп ойлайды, егер бір мұғалім тапсырманы орындамаса ертең басқалары солай шығады деп қорқады. Олар балалар білімін көтеруді ойлап жүрген жоқ, олар өз креслосынан қалай айырылып қалмауды ойлап жүр.

  16. Мұғалімнің жолдаған хаты Білім министрі мен Елбасына жетті ме екен, әлде жолда қалып қойды ма? Егер жеткен болса , осы кезге дейін осы оқиғаның ақ-қарасын ашатын жоғарғы жақтан яғни Астанадан арнайы комиссия неге шықпайды? Жергілікті органдарға қарауға ұсыну дұрыс емес, олар «қарға қарғаның көзін шұқымайдының»,- керін келтіреді ғой.

  17. Мұндай жағдай тек Шымкентте ғана емес, барлық жерде, барлық білім ордасында бар нәрсе. Ақтөбе қаласындағы балабақшаның бірінің меңгерушісі осындай қитұрқы әрекет жасағанын естіген едім.

  18. Бұл почти барлық оқу орнында болатын мəселе! Бірнəрсе десең жұмыстан қуылып, нансыз қаласың. Бірақ алған айлығыңның жартысы сол мектебіңде қалады…. неге екені,кімге екені түсінікті деп ойлаймын бəріне

  19. Мектеп директорын соттау кереккой басқалары на сабақ болар еді. Бұлар мына түрімен баланы қалай оқытады тәрбие қалай береді

  20. Мен мугалім болмасам да,туыстарымның ішінде муғалімдер бар.Былықтар жоғары жакта да бар сиякты,естуімше Қазақстанның Оқу ісінің уздігі т.б сол сияқты атақты алу сатылады екен.соған қарап ойлай беріңіз,ақшаң мен крышаң болса ойыңа келгенді істеуге болады деген сөз.

  21. бул жемкорлыктын тарбиеси горона катты ун шыгаралмаитын себеби директормен алды берди болган орталарында котиндеги курсиден аиырылып каламба деп отыр унсиз .мени косып бирге алып кетердеп .

  22. Жемқорлықтың тамыры тереңде жатқаны осы оқиға көремін отыр. Сабақ басталғанда баланың жүрегін ауыртып алмауды ойландыратын едік, қазіргі мұғалімдер тек ақша жасаумен басы қатады. Себебі директорлар бизнес лэдилер, олар Жоғарыдағы дардың көңілінен шығу керек. Сонда білім, бала тағдыры ешкімді ойландырмайды. Тілімізге таныс мен жемқорлық жетіп болды. Масқара! Видеодан директордың интонациясының өзі көргенсіз екенін көрсетіп тұр. Оны татуласуға шақырған Жоғарыдағы қызметкерлер мен Ақсақалдар Кеңесі мүшелері бір сөзді, бір ұйым.

  23. Осы ұстаздарды ренжітуге кімде ондай құқық бар? Ешкімде моралдық құқық жоқ. Ең адал адамдар, өз істерін білетін жандар. Мектеп десе жүгіретін, баланың қуанышы мен сәтсіздігін көтеретін асылдарым ұстаздарым.

  24. Ия, директор мұғалімнің жағдайын ойлау керек қой,бұл директордың істеп отқаны нағыз арсыздық .Тарбиесіз болса несіне білім орнын былғап отыр екен,басқа өзіне лайық жұмыс тауып алмай ма?

  25. Директорлар мен завучтерді біліміне қарай емес, қалтасына қарай сайлайды. Орынды сатып алады қысқасы.Сондықтан жогарыдағылармен аузы бір болған соң мектепте білгенін жасайды. Директорларды ғана емес орынбасарларын да ауыстырып тұру керек. Түркістанда осындай «бастықсымақтар» өте көп. Шаршадық….

  26. Өкінішті. Мектеп мемлекет саясатын қайталаушысы. Саясат түзілмесе мектеп түгілі Ел оңбайды.

  27. Бунин бари казахтарды оз жеринде курту,, бурынгы 30-жылгы колдан жасалган ашаршылыктай, тек казир бурынгыдай ашаршылык жасайалмасада, иштен курту, имансыз, мадениетсиздерди, Алладан корыкпайтын Ултандарды басшыетип коиып.

  28. Директорды орынынан босату керек жане гороно басшысын орнынан алу керек!Айел баскарган кош ешкашан онбайды!Гороно басшысы кезинде ер адам Ынтымак Мадиевтин кезинде бари жаксы еди тартип бар еди!

  29. Директорды орынынан босату керек жане гороно басшысын орнынан алу керек!Айел баскарган кош ешкашан онбайды!Гороно басшысы кезинде ер адам Ынтымак Мадиевтин кезинде бари жаксы еди тартип бар еди!

  30. Әкелерінен қалған мансап болсадағы,,3-жылдан артық отырмасын.былыққа белшесінен батпай.масқара.жағымпаздар бар,мертвые души тағы бар,туысы,жерлесі бар кеміріп,опырып жеп құнықпай тұрып,дәніккеннен құныққан жаман.

  31. Осындай былыққа,бассыздыққа кім жол беріп отыр,аудан,қала,облыс басшылары.сыбайлас жемқорлық,тамыр-таныс деп,басшылардың алдын орап,заңды белшесінен басып,мектеп болсын,аурухана болсын басыну,күш көрсету,ақшаларын жеу сияқты жағдайлар үнемі айтылады.өзі қорғансыздың күйін кешіп жүрген мұғалімдер қайтіп бала оқытады,қалай тәрбие береді.оларда қандай қадір-қасиет қалды.басы байлы робот құсап көрінген жерде,кез келген жұмыстарды тегін атқарып жүрсе.

  32. Білім министрлігі қайда қарап отыр? Ай қарап отыр ма, əлде қой бағып отыр ма? Ұстаздарды басшылары осылай қорласа,келешек не болмақ!

  33. Мектеп директоры деген ауылдык жерде -«кудай».. Тукириги жерге туспейди… Негизи мектеп директорларында белгили бир уакытта ауыстырып турган дурыс сиякты… Келеди де, «гасырлап»- отырып алады,,сол жерден пенсияга шыгатындары бар… Система дурыс емес, зан жумыс истемейди, тартип жок…

  34. 2-шіге. Бұл ұзтаздарды ұлтарақ көру тек «южандарда» ғана емес, еліміз бойынша жайылған вирус

  35. Сонда бастықтардың мақсаты не ? ай южандарай имені шымкент туралы ойлаудың өзі қорқынышты сені қорқытып ақша аламыз деп ойлаған ба? ешнəрседен қорықпа артқа шегінбе сазайларын бер

  36. Қысқасын айтқанда, Қазақтар Мал болып бара жатырсыңдар. Мектеп директорларында ешқандай тәртіп, мідинет жоқ, өздерінің жеке меншік мекемелері қылып алған. № 38 Орта мектепке жалпы ТЕКСЕРУ жүргізу керек. Мұғалімдердің айлығы қалай беріледі, отпускной ақшалары қалай беріледі, мұғалімдердің басын түгелдеу керек. Ей, Қазақтар мал болмасаңдаршы. Осындай біріңді бірің жеудің арқасында Қазақтың қыздары ұйғырлардың,өзбектердің кафелерінде официант, посуда мойка, уборщицалар болып істеп жүр өз ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ. Ей, ҚАЗАҚТАР МАЛ болмаңдар.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз