Бітімгершілік - қазақтың төл тумасы
2017 ж. 12 маусым
2135
0
Елімізде дау-шарды шешудің қосымша әдісі ретінде 2011 жылдың 28-қаңтарында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы қабылданған болатын. Мағынасы дауды екі тараптың өзара ерікті келісімімен, бітімгершілікпен ресми сотқа жеткізбей шешу. Заңның қолдану аясын кеңейту мақсатында жақында елімізде 8 сала (мұрагерлік, отбасылық, т.б.) бойынша пилоттық жоба қолға алынды. Оңтүстік Қазақстан облыстық соты осы мәселеге арналған, қоғамға берері мол жиын өткізді. Кәсіби медиатордың біреуі «АҚШ пен Еуроодақ осыдан 20-30 жыл бұрын медиация қажет екендігіне көз жеткізді» деп өз пікірін білдірген кезде облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Ө.Мелдехановтың «олар бұндай қорытындыға қазақтардан мың жылдан кейін барып келді» деген сөзін көпшілік ду етіп, құптап қарсы алды. Біздің әңгімеміз де бұрынғы қазақтың сот жүйесі жайлы.
Шынында да, қай ұлт болсын санының аз-көптігімен емес, адамзат өркениетіне қосқан үлесімен бағаланады. Ал, қазақтың қосқаны аз емес. Адамзатқа ортақ сондай сүбелі сыйымыздың бірі – мыңдаған жылдар бойы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келген, соңғы сарқыншағы отызыншы жылдарға дейін жетіп, зорлықпен «қаза тапқан» Билер жүйесі еді. Теңдессіз жүйе еді!
Себебі, қазақ билері қазіргі соттар секілді тағайындалмайтын. Тіпті, төбе билер болмаса, төменгі билер сайланбайтын да. Олар билік айту хақына өздерінің шешендігімен, білімімен, тапқырлығымен, бала күннен «білсем, үйренсем, болсам» деп үлкендердің, ұстаздардың қасында еріп жүретін, естігенін, көргенін көңілге түйіп жүретін зерделігімен жететін. «Он бесінде бас болғысы» келетін бала (ал, ол кезде «он үште отау иесі» дейтін қазақтың ұлы ерте ержететін) аймаққа белгілі бір биден барып бата алатын. Бата алудың өзі әрқилы. Билер көбіне батаны Малайсарының сүрленген дауды шешіп келуге жас Сырымды жібергеніндей талапкерді алдымен сынақтан өткізіп барып беретін. Сынақ кейде Төле бидің тәліміндей ерекше бейнеге де ие болатын.
...Ұлы жүз бен Кіші жүз арасындағы бір дау ұзаққа созылып кетеді. Негізі кінәлі Ұлы жүз жағы екен, бірақ олардың кінәсін дәлелдеу оңай шаруа болмаса керек. Төле би қашан Кіші жүзден осыған өресі жететін жас пері келгенін күтіп, істі сөзбұйдаға сала береді. Сөйтіп жүргенде алқалы бір жиында Кіші жүздің ақсақалдары енді қашанғы созасыңдар деп Әйтекеге салмақ салады. Төле бидің ойын үйінде отырып-ақ оқып отырған шешен барғысы келмесе де, үлкендердің алдында бұның осындай сыры бар ғой деп жарылғысы келмей, келісуге мәжбүр болады.
Төле би өзі қонақтарды күншілік жерден қарсы алып, құшақтасып көріскен соң Әйтекеге:
– Жарлық сізден, жабдық бізден! – дейді.
– Би, мойын бұрмас па екенсіз? – деген Әйтекенің сұрағына:
– Қылышыңыз – мойнымызға, қызылымыз – қойныңызға, – деп жауап қатады.
Басқа әңгіме айтылмайды. Төле би қонақтарын бірнеше күн күтіп, сыйлап шығарып салады. Былай ұзағаннан кейін Әйтекенің қасындағы кісілер;
– Би аға, сіз дау шешеміз деп келген жоқ па едіңіз, ешқандай сөз болған да жоқ, үн-түнсіз елге қайтып бара жатқанымыз қалай? – деп сұрайды.
Сонда Әйтеке:
– Сөз болды. Дау шешілді. Төленің «жарлық сізден, жабдық бізден» дегені «кінә бізден еді, созып жүрген мен едім, енді өзіңіз келіпсіз, шешімін таппай қоймайтын нәрсеге сөзді шығын етіп қайтеміз, айыбымызды төлейміз» дегені. «Мойын бұрмас па екенсіз?» дегенім «сізді еліңіз «айтыспай ұтылды, бұл әділ шешім емес» деп наразы болса, уәдеден айнып қалмайсыз ба?» дегенім еді. Төле «айнысақ қылша мойнымыз талша, айнымаудың кепілі ретінде айыпқа жасауымен қыз қосып береміз» деді. Өздері артымыздан әкеліп тастайды, – деген екен. Билер өздерінің ізбасарларын осылай да тәрбиелеген!
Билер билік айту мәртебесіне бәрінен бұрын қара қылды қақ жарған әділдігімен жететін. Бірақ, бидің де бәрі бірдей емес қой, олар да алтын көрсе жолдан таюы мүмкін ғой? Келіншегінің бойына Шоң бітерде Едіге бидің «қарадан шығып хан болатын, бірақ бүркіт секілді барынша жемқор болатын бір бала дүниеге келе жатыр» дегені сықылды, олардың да ішінде ішінара болса да парақорлары да болуы тиіс емес пе? Қазақтың билер жүйесінің айрықшылығы да, артықшылығы да сол, ол биді әділ етуге мәжбүрлейтін, бидің күн көрісінің кіндігін дауды қалай шешуіне тікелей байлайтын, «данышпандық – қарапайымдылықта» деген қағиданың үлгісіндей өте қарапайым еді. Жүрегінен әділдік кеткен бидің алдынан дау кететін, дау кеткен соң есігінің алдынан мал кететін. Ең бастысы би шығарған шешімге немесе үкімге екі жақтың бірдей разы болуы бұлжымайтын шарт еді, кесікті сөз әділ айтылғанда бұл шарт өз-өзінен орындалатын, олай болмаған жағдайда басқа би ізделетін, анау бидің абыройы азаятын. Бүгінгідей вертикалдық тәуелділік жоқ. Шешімге разы болған екі жақ биге деп атағанын тастап кететін. Рас, кейде билер «мен кесіміме екеуіңнен мынаншадан ақы аламын» деп алдын-ала ескертетін. Бірақ, бұндай жағдай негізінен бидің атағы шартарапқа тарағанда кездесетін. Бұл біздің бүгінгі адвокаттарымыздың опыра қаламақы сұрайтыны тәрізді. Бірақ, соның өзінде қазақ билерінің әлдеқайда әділетті екендігі көрініп тұрған жоқ па – олар қаламақысын дау өзінің оң шешімін тапса ғана алады, ал адвокаттар іске тек араласқаны үшін алады ғой.
Екіншіден, кім билік айтқанда да қазіргідей апталап, апталап емес-ау айлап, кейде тіпті жылдап сөзбұйдаға салу деген болмайтын. Мәселе бір-ақ рет қаралып, ердің құны екі-ақ ауыз сөзбен шешілетін.
Бұрынғы өміріміздің бәрін мансұқ еткен кешегі кеңес дәуірінде біз осы бір жеке-дара жүйеден – халқымыздың ұлттық нышанынан көз жазып қалдық. Көз жазуға мәжбүр болдық. Бүгін де сол сарынмен кетіп барамыз. Бұдан біраз жыл бұрын сот жүйесін реформаламақшы да болғанымыз ел есінде. 2003 жылы көктемде күнгейге іссапармен келген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы марқұм Мақсұт Нәрікбаев М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде шымкенттік журналистермен кездесу өткізді. Сол кездесуде осы жолдар авторы оған қазақтың билер соты жүйесін қайта құруы қолға алынып жатқан отандық сот жүйесіне мүмкіндігінше молынан енгізу жайлы ой-пікірін айтуды өтінген болатын. Жауап онша көңіл көншітерліктей болып шықпады. Сол сәт қазақы қолтумамызға қайта оралуға мүмкіндік беретін керемет оңтайлы сәт еді, біз болсақ батыстық қате жүйені біржолата қабылдадық.
Қателік қай жерде? Қателік батыстық жүйенің сотты шешім қабылдарда о бастан әділетсіз болуға итермелеуінде, соған жағдай жасауында. Қалай, қайтіп жасалады ол жағдай? Қылмыстық, әкімшілік кодекстердің барлығында қазақтың «Жеті жарғысындағыдай» нақты кінә немесе қылмыс үшін нақты айып ия жаза көрсетілмейді. Айталық, біреуді ұрып мұрнын бұзып қойған адам шартты түрде бес мың теңге айыппұл төлеуден бастап бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот өзінің шешімін ия үкімін дарияның мына жағасынан ана жағасына дейін бұрып жібере алады. Және оны заңға сүйене отырып істейді. Облыстық сот тағы да сол заңға, әдетте оның басқа бабына немесе сол баптың басқа тармағына сүйене отырып бұл шешімді өзгертуі мүмкін. Жоғарғы сот та өзгертуі ғажап емес. Және бұлар да заңға сүйенеді ғой!
Қалайша? Мүмкін емес нәрсе емес пе бұл? Мүмкін. Себебі, судья өз шешімін заң талаптарына және өзінің ар-ұятына сүйене отырып шығаруы тиіс. Ар-ұяты бар судьялар жайлы сөз жоқ, ал, ол ар-ұяттан жұрдай жан болса ше?..
Екіншіден, заң талабына сәйкес «сот шешімі заңды, негізделген және әділ болуы тиіс». Алғашқы екі талапты судьяның орындайтынына талас жоқ, ал, үшінші және ең басты талап – әділдік – әрқашан орындала бере ме? Жоқ, әрине! Әрқашан орындалатын болса алғашқы сот сатысының үстінен қарайтын облыстық соттың, облыстық соттың үстінен қарайтын Жоғарғы Соттың апелляциялық және кассациялық алқалары керек те болмас еді!
Мысалы, бүгінгі күннің ең күйіп тұрған – несие алған кезде кепілдікке қойылатын үй (пәтер) мәселесін алайық. Сіз басыңыздағы жалғыз баспанаңызды кепілдікке қойып, несие алдыңыз дейік. Бірақ, түрлі себеппен оны уақтылы жаба алмадыңыз. Айыппұлдың «пенясы» сіздің негізгі қарызыңызға жетіп қалды немесе асып та кетті. Оны қайтарар қаржы сізде жоқ. Сіз енді не істейсіз? Сіз «менің бұл жалғыз баспанам, қарызымды қайтарамын, тек маған аяушылық көрсетіп, ай сайын төлейтін қарыз көлемін азайтып, қайтадан басқа кесте жасап беріңіздер» дейсіз. Банк оған өліп қалсын көнбейді. Үйіңізді сатуға шығарады. Сіз «құтқара көр!» деп сотқа жүгіресіз. Басқа үйіңіздің жоқ екенін, Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша адамды жалғыз баспанасынан айыруға болмайтынын алға тартасыз. Соттар түгелдей дерлік банктың сөзін сөйлейді. «Түгелдей» деуге де болады, тек Оңтүстік Қазақстан облысының бір аудандық сотының Конституция талабының басқа барлық заң атаулының талабынан жоғары тұратындығына сүйеніп, бір жалғызбасты әйелдің үйін сатуға шығартпаған шешімі – біз естіп-білген бір ғана дерек! – жаңағыдай кесіп айтқызбай тұр. Ол судьяның атасына мың рахмет, ал, басқа судьялар «сіз өзіңіз өз еркіңізбен банкпен солай шарт жасасқансыз» деп Азаматтық кодекске сүйенеді де, сізді банкке жығып беріп, қарап отыра береді.
Немесе өзі таяқ жеп қалған адамын жарақаттық (травматический) пистолетпен басынан қасақана атып өлтірген маскүнем қылмыскерді оның ешбір куәсіз «мені ол балағаттады, ар-намысыма тиетін ауыр сөздер айтты, мен содан қатты ашуланып кетіппін, өзімді-өзім ұстай алмайтын аффекттік жағдайға жетіп қалыппын, қылмысты қалай істегенімді білмей қалыппын» деген жалғыз сөзін негізге алып – жоғарыдағы ар-ұят пен әділдік жайлы баптар жөніндегі заң талаптары есіңізде мее? – қылмыскерді 1 (бір) жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарады.
Ия болмаса, 1 миллион доллар пара алып, аса ауыр қылмыс санатына – сыбайлас жемқорлыққа жататын баппен сотталған жанды «үлгілі тәртібі мен бұрын сотталмағандығын ескере отырып» бостандыққа шығарып жібереді. Бас прокуратура болса: «Қашан да соңғы сөз соттың еншісінде ғой, сондай шешім шығарған екен, демек, солай болуы тиіс, біз бұл жерде ешнәрсе дей алмаймыз» деп, наразылық көрсететін түк таппай, дәрменсіз бола қалады.
Міне, осылайша әділдік айдалада қалып кетіп жатады. Ең жаманы әділ сөзін айтпаған соттың қылшығы да қисаймайды, ол қызметін ары қарай жалғастыра береді. Барлық мәселеде соңғы сөзді сот айтатын болған бүгінгі заманда олардың жұмысы басынан асып жатыр. Қолы, ары таза емес судьяның бәрін бірдей жұмыстан шығара алмайсыз, шығарсаңыз өмірде хаос пайда болады. Бұны жақсы білетін соттар судағы жайыннан да еркін. Тым көп асағаны қақалып қана ұсталып немесе жұмыстан қуылып жатады, ал, басқаларын ел президенті елде жоқ ерекше сенім көрсетіп, тікелей өз жарлығымен тағайындайтындығы да, жалақыларының ең жоғары екендігі де алтынға қарап аузы қисаюдан ұстап қала алмай отыр. Ұстап қала алмайды да! Оған тағы да сол құқық бұзушылықты, қылмыстық әлемді құрықтауда дәрменсіздігін көрсеткен, өйткені жанама түрде сол әлемнің арбасын өзі айдайтын батыстық сот жүйесі куә.
Дегенмен, ерте ме, кеш пе, біз қазақы билер жүйесіне қайта оралатын боламыз. Әрине, бұрынғы күйіне емес, оның жетілдірілген, бүгін заман талаптары ескерілген түрі болар сөзсіз. Спиральдай дөңгелене, деңгейі көтеріле дамитын дүние бізді соған ақыры алып келеді. Сондықтан, неғұрлым ерте оралсақ, соғұрлым өзімізге жақсы. Медиацияның қолдану аясын кеңейту жөніндегі пилоттық жоба сол жүйеге алып барар баспалдақтың екінші сатысы. Ол сонысымен де құнды.
Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz