ҚЫРҒЫЗ ҰШҚЫШЫНЫҢ ЕРЛІГІ ЖАСТАРҒА ӨНЕГЕ

Алматыдағы Азаматтық авиация академиясында Жер шарын жалғыз моторлы шағын ұшақпен айналып ұшып шыққан қырғыз ұшқышы Союзбек Салимовпен кездесу болып өтті. Қырғызстандық қонақтарды белгілі ақын Мархабат Ааматов бастап келді. Кездесуге ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Сәбит Досанов, академия оқытушылары мен студенттері, журналистер және қала тұрғындары қатысты. Жүздесуді жүргізген академия проректоры Шәміл Беришев бұл кездесудің болашақ ұшқыштар үшін маңызына тоқталып, жастарды ерлікке, мамандығын мақтан тұтуға ұмтылдыратынын ерекше атап өтті. Жер шарын жалғыз моторлы шағын ұшақпен айналып ұшып шыққан ұшқыштар көп емес. Союзбек Салимов бұл сапарға бірнеше жыл дайындалып барғанын әңгімелеп берді. Алдымен Америкада жасалған ұшақты сатып алып, жүретін жолдың жоспарын жасаған. Қаржыға қысылғанда баспанасын да сатуға мәжбүр болған. Ұшу барысында қалаға да далаға да тіпті иесіз аралдарға да қонуға тура келген екен. Литвалық серіктесі екеуі көптеген елдерде болып, ұшы-қиыры жоқ мұхиттар үстімен ұшып, теңіз тайфуны мен құмды даладан аспанға көтерілген дауылдар сияқты түрлі қиындықтарға тап болған. Екі айға жуық сапарды сөйтіп сәтті аяқтаған. Кездесу барысында ержүрек ұшқышқа көптеген сұрақтар қойылды. Болашақта ұшқыш болуды армандаған жастар көкейінде көп ойлар барын аңдатты. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген жазушы Сәбит Досанов Союзбектің ерлігін жастарға үлгі ете отырып, енді бұл туралы кітап жазу керектігін айтты. Сонда бұл ерлік келешек ұрпаққа да өнеге болады деді белгілі қаламгер. Кездесуде Қырғызстанның танымал ақыны Мархабат Ааматов ұшқыш жерлесіне арнаған өлеңін оқып берді. qazaquni.kz