Ыстамбұлда Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Мұстафа Шоқай сурет көрмесі ашылды.

0
2647

Ыстамбұл Мимар Синан көркем өнер университетінде 2011 жылы 2-13 Мамыр күндері екі аптаға жалғасатын көрмеде Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының доценті, белгілі суретші Әбілқасым Сәрсенбаев пен қызы және сол академияның 4 курс студенті Айжан Сәрсенбаеваның суреттері орын алуда.

2 мамыр күні көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Ыстамбұл Мимар Синан көркем өнер унейверситетінің ректоры профессор Яльчын Караяғыз “бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық өнер арқылы, мадениет арқылы мызғымастық сипат алады” деді. Өзінің университеті мен Қазақстанның белді өнер академиясы Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы арасында ынтымақтастық келісім шарт жасалып отырғанын айта келіп, “Түркиядағы өнер саласының адамдары ретінде біз қазақтың әсіресе сурет, мүсін сынды өнерін және бұл саланың өнер адамдарын білмеген жердеміз. Сондықтан Мұстафа Шоқай көрмесі осы орайда бір бастама болып отыр. Келесі жылы ақпан айында Ыстамбұлда қазақтың бүгінгі таңдағы сурет және мүсін өнерін жан жақты Түркия халқына таныстыратын үлкен бір көрмені ашуды жоспарлап отырмыз. Осы орайда ынтымақтастығымызға үлкен қолда көрсетіп отырған Жүргенов академиясының ректоры, әріптесім Арыстанбек Мұхамедиұлына алғысым шексіз” деді.

Суретші Әбілқасым Сәрсенбаев Мұстафа Шоқай бейнесінің түрік жұртшылығына таныс екенін айта келіп 2008 жылдан бастап Мұстафа Шоқайдың жолымен деген жобаның аясында Мұстафа Шоқай болған 9 елді аралап көргенін, сол көргендерін суретшілік көзқараспен, алған сезімдерін суретке түсіріп жатқанын айтты. Бүгін тәуелсіздіктің арқасында осы көрменің ашып отырғандығына көрсеткен Сәрсенбаев Мұстафа Шоқай сынды бабаларымыздың ұлы күресі бүгінге бізді жеткізді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясат шараларының арқасында тәуелсіз еліміз халықаралық беделге ие болып отыр. Түрік елінде көрме ашып отырғаныма бақыттымын” деді.

Мимар Синан университетінің өнер саласында Түркиядағы орны ерекше екенін айтқан сол университеттің ғалымы, тарихшы, шоқатанушы Әбдіуақап Қара 1883 жылы іргесі қаланған университеттің сурет, мүсін, архитектура және дизайн салаларындағы өнердін Түркияда қалыптасуында рөлінін ерекше зор екеніне көрсетті. Сондықтан, – деген ол,- осындай іргелі өнер ошағында қазақ сурет өнерінің көрмесінің ашылуының мәні зор. Сонымен қатар мұнда Мұстафа Шоқай сурет көрмесінің ашылуының өзіндік мәні де бар. Өйткені Мұстафа Шоқай 1921 Батумиден шығып Ыстамбұлға келгенде осы университеттің өнер және мәдениет залы орналасқан Топхане ауданына көршілес Пера ауданында үш ай тұрған еді. Мұстафа Шоқай 90 жылдан кейін Сәрсенбаевтың салған суреттері арқылы Ыстамбұлға қайта келгендей болып отыр. Міне бұл өнердің құдыреті. Тәуелсіздігіміздің 20 жылы құтты болсын!”

Гүлмира Ақанқызы-Стамбул/Түркия

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз