Американың қамқорлық мекемесінде тұратын 101 жасар әже қазақ тілін ұмытпаған
2017 ж. 02 маусым
8681
13
Коммунистердің қуғындауына ұшырап, 10 жасында әкесімен бірге туған жерінен кеткен қазақ қызы қазір Американың ерекше қамқорлығына алынған мекемеде тұрады. Ғасыр жасаған қарт әжей кезінде қатарынан екі рет кеңес әскерінің қуғынына ұшырап, ақыры АҚШ асуға мәжбүр болған, - деп хабарлайды almaty.tv.
101 жастан асқан Әсия Сардарбекқызы егемендік алған қазақ елі енді қайтып жаттың жетегіне кетпесе екен деп тілейді. 14 жасында Ауғанстаннның патшалық династиясына келін болып түскен әжей қазір американың Виржини штатында тұрады.
Қарт әжей он жасында елден кетседе тілін, ділін, дінін, тіптен асыр салып ойнаған ауылын да ұмытпаған.
Тарихшылар Ауғанстан еліне қазақтардың жалпы тарихта түрлі себептермен небір азапты көре отырып, үш рет көшіп барғанын жазады. Солардың соңғы көші Қазіргі Жамбыл облысының Шу бойынан қолдан жасалған ашаршылық жылдары үдере қашқан қазақтар. Жасы жүзден асқан Әсия әжемізде кезінде кеңес үкіметінің ұжымдастыру сылтауымен қазақтардың төрт түлігін тәркілеп, жасанды ашаршылық пен байларды қудалау қасіретінің кесірінен кеткен жанның бірі. Айтуынша, әкесі Сардарбек Шу өңірінің белгілі байы болған. Коммунистер ауыл, ағайынның байлығын алып, ақыры әкесінің өмірін өлімге қимақ болғанда бір топ жан бір түнде қашуға мәжбүр болған. Осыдан тоқсан жылдай бұрын болған оқиғаны кейуана әлі күнге ұмытпаған.
«Жүрген жерім-ау. Туған жерім-ау. Жаным елім. Құрбан болған елім-ай. Ағаларым, туыстарым айналайын. Бәрі есімде бар. Қазақстанымды көп жақы көрем. Әкем-шешем сағынып, жылап-жылап өлді»,- деді Әсия САРДАРБЕКҚЫЗЫ.
Түркіменстан, Қарақалпақстан арқылы қашып, Әмудария өзенінен өткен қазақтарды Ауғанстанның Маймана өңірлік шекарасын бақылап жүрген әскербасы қарсы алады. Надир, Захир шаһ сынды сол кездегі Ауғанстанды билеп келген монархиялық патшаның әулетіне Әсия апамыз 14 жасында келін болып түскен көрінеді. Құдалыққа сөз салған ауғандықтарға ақыры Сардарбек қария жалғыз қызын беруге амалсыз келіскен соң 200 жылға жалғасқан карольдік династия әулетінен тараған әскери шенді Амири Мұхаммедке жас Әсия жар атанады.
«Менің анам көп балалы болғанмен, одан қазір бесеуіміз қалдық. Біз ол кезде жақсы өмір сүрдік. Жеке күтушілеріміз болатын. Мен анамның анасын көрдім, атамды көре алмадым. Ал менің шешем басқа жерден келген адам болсада жергілікті халық, тіптен сарайдағы қызметшілерде оны өте жақсы көретін. Өйткені ол өте мейірімді еді. Бірақ, коммунистер ауғанстанға басып кіріп, әскери тартыс басталғанда қудалана бастадық. Дәуіт хан отбасымен өлтірілген соң, біз он үш адам болып елден әреңдегенде қашып шықтық»,- деді Әсия әжейдің қызы, Амина АМИРИ РАХМАН.
Бір кездері өзіде Ауғанстандағы ең бай әулеттің келіні атанған Амина апамызда қазір жетпіс жасқа жуықтаған. Басқыншылар барлық байлық пен оннан астам сарайды тәркіледі дейді. Қудалаудан әупірімдеп аман шыққан патшалық әулеттің бір бөлігі 1982 жылы Түркия, кейін Германия арқылы америкаға жеткен. Қазір Әсия әжей Виржиния штатындағы қамқорлық мекемесінде тұрады. Ғасыр жасаған қарт әжейге жергілікті билік жеке күтуші, басына екі бөлмелі пәтер берген. Балалары ауқатты болсада қеліндерінің қолына қарап, кедергі келтіргісі келмейді. Коммунистерден екі рет озбырлық көрген Әсия Сардарбекқызы туған елі енді қайтып қиындық көрмесе екен деп дұға тілегін аузынан тастамайды.
«Барлық туыстарым қазақтарға сәлем сөйле. Назарбаев балам дұға қылып жатырмын. Балам сен мемлекетті жақсы қылып жатырсың. Апа сәлем айтып жатыр. Өміріңді ұзақ қылсын. Барлық туыстарым, қазағыма сәлем айт. Елім-ау, жерім-ау. Шу ауданы жерім-ау»,- деді Әсия САРДАРБЕКҚЫЗЫ.
Әсия апайдың осында тұрып жатқанына биыл 36 жыл болса, қазақ топырағынан кеткеніне 91 жыл толыпты. Әу баста қызыл жендеттерден бес баласын қалайда аман алып қалуды ойлаған абыз ананың арманы толық орындалды. Басынан өткен тарихты толғана айтқан қарт әжей бұдан былай әр қазақ жат жұрттық болмаса екен дейді. Өйткені оның 20 немере, 23 шөбересі қазақ емес, америкалық азамат атанды.
Тақырып бойынша:
http://www.qazaquni.kz/2017/01/18/63496.html http://www.qazaquni.kz/2017/05/04/68765.html