ҚАЗАҚТЫҢ ТЫМ «ТОЙШЫЛДЫҒЫ» ҚАЙДА АПАРА ЖАТЫР?..
2017 ж. 26 мамыр
4919
4
«Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең»-деп, данышпан Абай айтса айтқандай, бір қараған адамға қазақтың өмірі негізінен тек қана «тойдан» ғана тұратын сияқты көрінетіні – тағы да жалған емес. Аз ба, көп пе, бір адамның ғұмырындағы осы «тойға» байланысты тек негізгілерін ғана қысқаша санамалап көрейікші:
1) шыр етіп дүниеге келген сәбидің «шілдеханасы».
2) сәбидің алғаш рет қаз-қаз басуы, оның «тұсаукесер» тойы.
3) алғаш мектепке баруына арналған «тілашар» тойы.
4) мектеп бітіру тойы.
5) реті келіп жатса, жоғары немесе орта техникалық оқу орнына түсу және оны ойдағыдай бітіру тойы.
6) үйлену тойы.
7) келін түсіру тойы.
9) қыз ұзату тойы.
10) құда түсу, сырға тағу, ұрын бару, т.б. «тойлар» тағы бар.
11) 50,60,70, 80, 90, 100 жасқа келу тойлары.
12) бұған қосымша, ол пенденің белгілі бір саяси партияға мүше болып өту, депутаттыққа сайлану, жоғары лауазымға тағайындалу, неше түрлі атақтар, сөлкебайлар алу, т.б. толып жатқан «тойларға» екі қолыңыздағы бар саусағыңызды қанша қайталап бүксеңіз де есеп жетпейді дер едім...
Қалай айтсақ та, басқа ұлттарды қайдам, мына біз қазақ үшін «тойсыз» өмір жоқ! Қазақ жағдайы болмаса да, қазіргі кезде қарыз алып, қауғаланып немесе банктерден несие алып дегендей, әйтеуір, қалай да той жасап қалуға қолдағы бар мүмкіндігін сарқа жұмсайды. Өйткені, «досқа - күлкілі, дұшпанға - таба болмауы» керек. Жаңағы аталған қуанышты жағдайларға біздің қазақтың шығынға белшесінен батып, оған мыңдаған адамдарды қонаққа шақырып, ұлан-асыр тойлар жасайтыны - өз алдына бөлек әңгіме...
Қазақ болған соң біздің де өзгелерден қалыспай, үлкен-кішілі тойларды өткеруге тырысып жүргеніміз өтірік емес. Жарайды, «сен, неге шашылып той жасайсың» деп ешкімді сөкпейік. Той – әркімнің өз еркі. Ал, қазақтың сол тойлары қалай өтеді? Міне, біздің айтайық деп отырған негізгі әңгімеміз осыған арналмақ: Соңғы кездері «тойға барсаң, тойып бар» дегендей, адам шаршататын қылықтарға сылқия тойып, шаршап-шалдығып қайтатын болып жүргеніміз тағы да өтірік емес. Қазіргі қазақ тойларын жүргізетін асабасымақтардың ауыздарына не келсе, соны көкіп, «мұнда үлкен отыр-ау, кіші отыр-ау» демей неше түрлі сұмдық қылықтар көрсететіні, қаптаған әншісмыақтардың фонограммамен өтірік ән айтқан болып, той иелерінің қалтасын қағып алатындары, ол аз десеңіз әдепсіз қазақ қыздарының тыр жалаңаш билеп, күйлеген сиырдай еркектерге асылып жататыны, ал, тойға келгендердің беттерін басып ұялудың орнына бұл жалаңаш қаншықтарға көзін сатып, мәз болатындары, жап-жас әйелдердің асабаның үйретуімен аласа орындықтарға талтайып мініп алып, итеңдейтіндері, екі бұттың ортасына қыстырылған бананды аузымен тістеп, небір ұятсыздыққа, арсыздыққа баратын қазақ қаншықтықтарының осыншама құлдырап кеткендеріне не айтарыңды білмейді екенсің...
Ана жалаңаш қаншықтарда ұят жоқ дейік, ал, осыны көріп, тамашалап отырған қалың тойшылдардың мұндай арсыздықтардан жиіркенудің орнына, ыржалақтап күліп, қол соғып, ду-ду күліп, бетсіздікке қошемет көрсетіп жататындарын қайтерсің? Сонда бүкіл қазақтан ұят кеткен бе деп айтуға аузымыз барар емес. Жоғарыда мен айтқан көріністердің барлығы ғаламторда өріп жүр. Сол арсыздықтарға куә болғандардың қызарып, жерге қарағанын көрмеппін. Жастарымыздың анандай жаман жолға түсіп жатқанын көздерімен көріп отырып, соған бірдеме деп айтпайтын ұлтымыздың «ақсақалдары» мен «көксақалдары», «кимешек» киген әжелеріне дейін ұлттық намыстарын жоғалтып алған ба деген ойға қалады екенсің еріксіз... Ашығын айтатын болсақ, еліміздегі барлық қалалардағы: қонақүйлер, моншалар, сауналар, ресторандар, притондар, жекелеген пәтерлер, т.б. орындар - өріп жүрген жезөкшелер екені өтірік пе? Оларға еркек атаулының бәрі бір: ол жас па, кәрі ме, дінсіз бе, тілсіз бе, кәпір ме, христиан ба, иуда ма, будда ма, негір ме, қытай ма, орыс па, кәріс пе, шошқа ма, басқа ма?.. Сол арсыздарға «әй!», дейтін - әже, «қой!» - дейтін қожа» табылмағаны ма? Соңғы кездері ел арасында ана аты жоқ бас қаланы - «Тоқалдар қаласы» деп атап жүргені – тағы да өтірік емес. Ақшаларын қайда қоярларын білмей жүрген ұры байлар, қалталы лауазымды шенеуніктердің дені «бәйбішелерін» елге қалдырып, өздерінің бірден немесе бірнешеуден тоқалдар алғаны өтірік пе? Елдегі мықты адамның туысының ақшасының көптігі сондай, оншақты белгілі әншіл қыздарды тоқалдыққа алып, олардың әр қайсысын жеке коттедж әперіп, кезек-кезек барып жүргені туралы ғаламторда ақпарат бар. Сонда на сахнада өздерін дарынды әнші көрсетіп, оңаша да қаптаған тоқалдардың бірі болып күн кешкен оларды кім деуге болады? Кім арсыз, кім ұятсыз? Тоқал алғыш па, жоқ, ана өз еріктерімен өзара күндес тоқал болып жүргендеріне титтей де намыстанбайтын белгілі танымал қазақ әншілері ме (қажет болса қаптаған тоқалдардың аты-жөндерін атап, атап беретін адам бар. Ол таяуда бір басылымда осылай деп өзі айтып салған)?.. Жаңағы тойда тыр жалаңаш билейтін арсыздардың немесе турасын айтқан да ар мен ұяттан жұрдай жезөкшелердің оларды тапқан, баққан, оқытқан, өсірген, «тәрбие» берген туған ата-аналары, ағайын-туғандары, ортасы, білім берген ұстаздары, ақыл берер көргенді адамдары, туған ауылы немесе қаласы, таныс-білістері жоқ па екен? Жоқ, олардың барлығы да бірдей қырылып қалған ба?..
Кешіріңіздер, намыстанған да басқаша не айтарыңды білмейді екенсің!.. Бүкіл қазақ атаулының тойларының барлығы тура осындай екен деген ойдан аулақ болайық. Жоғарыда мен баяндаған қазақ тойларының өмірде болғаны рас. Сенбесеңіз, ғаламторды ашып қараңыз. Мен ойдан шығарып отырғамын жоқ... Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін қатаң сақтаған, тәрбиелік маңызы зор қазақ тойлары да бар екенін жоққа шығармаймыз. Рас, «бір құмалақ -бір қарын майды бұзады» демекші жоғары да мен ашына суреттеген масқара әрі ұяттан безген «тойлардың» да қазақта баршылық екенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл, ащы да болса Ақиқат! Бұл, бет көрсе жүз ұялатын масқара «тойсымақтар»!
...Таяуда отбасымызбен досымыз, қазақ өнерінде өзіндік орны бар азамат Шаяхмет Имашұлы мен оның әйелі Жаңыл екеуінің бір тал қыздары Анарды ұзату тойына қатысып қайтқанымыз бар еді. Міне, той деп осындай тойды айту керек сияқты. Қыз ұзату тойында келсін, келмесін, той иелерін, ұзатылайын дап отырған олардың қыздарын жер-көкке сыйдырмай мақтау немесе мақтану, бөсу, есу деген атымен болған жоқ. Сөйлеген адамдар бұл тойда көргенді, білікті екендерін көрсетті. Артық ауыз сөз жоқ, қазақтың қыз ұзатуға байланысты барлық салт-дәстүрі қатаң сақталған. Өмірімде бірінші рет тойдан шаршап емес, дем алып қайттым десем болғандай. Түн ортасында тойдан қайтып бара жатып: «осындай қазақ тойлар көп болса екен!..»- деп тіледім ішімнен...
Жұмаш Кенебай,