Апат айтып келмейді, басшылар барып білмейді

0
1238

Соңғы жылдары елімізде табиғат апатынан зардап шеккендер санының күн санап артуы жан біткенді түршіктіріп отыр. Әсіресе оңтүстік пен солтүстік өңірлердің жағдайы тым нашар. Барлығымыз бірдей табиғаттың күрт өзгеруін, жауын-шашынның толастамауынан, ауа-райының нашарлауынан деп топшалап, жорамалдай салдық. Ия, су тасқыны тибиғи апат, дегенмен «табиғи апат» екен деп, қол қусырып қарап отырғанымызды қалай түсінуге болады. Қақаған қыс аязын алып, сай-саланың суы ерігеннен-ақ елді-мекендерді су басып, көптеген жандардың өмірлері қыршыннан қиылуда. Орны толмас оқиғаны ортақтасып, жапа шеккен жандарға қол ұшын беріп, көмектесудің орнына жергілікті билік өкілдері көп жағдайларды жасырып қалумен, сыртқа білмейміз деумен әлек.

Өйткені, олардың атқарып отырған жұмыстарына, жағымсыз көзқарас, теріс пікір қалыптасады мыс. Болған нәрсені болғандай жеткізу және жоғары жаққа халықтың жай-күйін хабарлап отыру олардың негізгі міндеттері. Өйткені, қаншама жандар жұмыстың дұрыс атқарылмағандығынан үй-күйсіз, жақындарынан айырылып, қайғы үстіне қайғы жамауда. Сондықтан, мұның барлығына тиісті адамдар жауап беріп, тиісті жазасын алуы керек. Әрине, аталған мәселенің барлығына жергілікті билікті кінәлаудан аулақпыз. Дегенмен жергілікті билік болсын, басшылықтағы азаматтар болсын өздеріне тиесілі жұмыстарын атқарып, сәл болсада халыққа бүйректерін бұруы керек емес пе? Мысалы, Қызылағаштағы жағдайдың басты себептерінің бірі, бөгеттің жекешеленіп кетуінен орын алған. Әрине, өз меншігіне өткізіп алған адамдардар үшін, халықтың тыныс-тіршілігі, мұң мұқтажы қайдан қызықтырсын? Өз бастары аман, малы түгел, бала шағасы алдында. Бір кездері мемлекеттің салғырттықпен қарап, жаппай жекешелендірудің нәтижесінде, бүгіндігей қасіретті күндерді басымыздан өткеріп қаншама аймақтар, қарапайым халық далада қалды.
Жуырда Батыс Қазақстан облысы, Жайық өңірін су басып кеткен. Соның салдырынан 1622 шыңырақ апаттың құрбанына айналып, екі адам қаза тапқан. Әрине, бұл тек сөз жүзіндегі дәйектер, ал шын мәнінде қанша адамның қара жамылғаны белгісіз. Ақпарат құралдарынан еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко бір үлкен іс тындырғандай етіп көрсетіп, тік ұшақпен бақылау жасап жүргенін айтып бағуда. Байыбына барып қарасақ, министр сымағымыз халықтың арасында, олар көрген нәубетті көзімен көріп емес, халықтың үстінен бақылап, мемлекет тарапынан 870 млн теңгені бөлгені жайында айтуға барғаны ма? Жыл сайын осы жағдай қайталанып, қайғының орны толар емес. Қазақта «Қыстың қамын жаз ойла» деген жақсы сөз бар, жаз бойына шетелдерде қыдырып, шырылдауық шегіртке ұқсап әр елде ыршып жүріп ән салды. Енді ел басына күн туғанда не істерлерін білмей «сен тиесең мен тиме бадырақ көз» деп отырғандары мынау. Жарайды мемлекет тарапынан қаржы бөлінді, бірақ осы бөлінген қаржыны басшы сымақтарымыз жырымшылап өз қалталарына тықпай, халықтың игілігіне жұмсауға тиісті.
Сонымен қатар, су қоймасындағы апатқа байланысты Шығыс Қазақстан облысының бірқатар ауылдары мен Алматы облысының, Ақсу ауданындағы ауылдарды да су басып, қырық төрт адам қазақ тапқан. Егерде осы іске жауапты адамдар су тасқынының алдын алу мәселесін жіті қадағалап, барлық су қоймаларды, бөгеттерді, өзге де ғимараттардың жағдайын тексеріп отырса, қайғылы оқиғалар орын алмас па еді. Мейлі, болар іс болды. Ендігі кезекте аталған істерді қолға алса да, халық разы, тек ел сенген азаматтар сенімді ақтай білсе. Әй, қайдам-ау, «ауру қалса да, әдет қалмайды» дейді, дана халқымыз, үйреншікті әдеттеріне салып, халықтың ақшасын жеуді доғармаса мұндай жағдайдың болғаны болған, халықтың қайғы жамылғаны жамылған. Дегенмен қатты қынжылатынымыз, сол басшылықта отырған азаматтар бір сәтке болсын, өздерін халықтың орнына неге қойып көрмейді екен? Маңдай термен тұрғызған үйі, тырнақтап жинаған дүниесі, бір мезетте суға ағып, бала-шағасының көз жасын көріп күн кешу әрбір кеудесінде жаны бар адамға оңай емес. Соны неге сезінбейді, неге көрмейді? Әлде жоғарыда отырғандардың көздері көрмей, соқыр болып қалған ба?
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді, мемлекет тарапынан қаржы бөлінбей жатқан жоқ, бөлініп-ақ жатыр. Бірақ бөлінген қаржымен апаттың беті қайтты деу бекершілік. Өйткені, су тасқынының қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Тіпті кейбір аймақтарға су тасуы туралы алдын-ала ескерту жасалса да, су тасқынанан келген зардаптардың көлемі аз болмай отыр. Әрине, бұл жергілікті биліктің қауіпті уақытында ескермей, өз міндеттеріне салғырттықпен қарап, жүрдім-бардым танытуы. Мәселенің мәнісін байыппен қарасақ, болып жатқан жағдай алдымен елдігімізге, содан барып басшылықтағы азаматтарымыздың, азаматтығына сын емес пе?

Әсел РЗАЕВА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз