ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДЕ ҰЙЫМШЫЛДЫҚ ҚАЖЕТ
2017 ж. 14 мамыр
2726
1
Астанада «Ақжол» партиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қазақ тілін біртіндеп латын қарпіне көшіру туралы ұсынысына және жаңа графикадағы бірыңғай қазақ әліпбиін қалыптастыруға байланысты дөңгелек үстел өткізді.
Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері, сарапшылар, лингвис-ғалымдар қатысқан жиынды «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев ашты. Ол Елбасының мақаласында айтылған міндеттердің маңыздылығына тоқтала келіп, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатқанын атап өтті. – Бұл мәселе 2012 жылғы желтоқсан айында жария етілген «Қазақстан – 2050» стратегиясында, оның алдында Қазақстан халқы ассамблеясының 2006 жылғы сессиясында айтылды. 2007 жылы «Ақжол» партиясының саяси тұжырымдамасында да сөз болды. Сондықтан қазақ тілін латын қарпіне көшіру еліміз үшін жаңалық емес. Енді тек латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын терең түсініп, елдік істе ұйымшылдық таныта білуіміз керек. Осы орайда ел алдында беделі бар белгілі тұлғалардың, зиялы қауым өкілдерінің пікірлері біз үшін маңызды, – деді партия төрағасы. Жиында сөз алған белгілі журналист, ақын, «Ақжол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыруды қолдайтынын жеткізді. – 1924 жылы Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының құрылтайында Нәзір Төреқұлов латын әліпбиіне көшу туралы маңызды баяндама жасағаны тарихтан мәлім. Міне, ұлт зиялылары қажет кезінде халқына болысып, бас біріктіре алды. Қазір де бұл мәселеде ерік-жігер көрсетіп, ұйымшылдық таныта білуіміз керек, – деді Қазыбек Иса. Сондай-ақ ол латын қарпіне көшу барысында кездесетін қиындықтарды еңсеруге болатынын айтты. Мысалы, қазір қоғамда мемлекетіміз латын қарпіне көшсе көркем әдебиеттер, құнды кітаптар аударылмай қалады деген пікір бар. Қазыбек Исаның айтуынша, халыққа ең қажетті деген туындыларды ғана аудару керек. Бұл бір жағынан құнды шығармаларды іріктеп алуға септігін тигізеді. Екінші мәселе – қазақ мектептерімен қатар, орыс тілінде оқытатын білім ошақтарын да латын әліпбиіне көшіру керек. Себебі, бір ел болғандықтан бір алфавит, бір тіл болуы шарт. Бұдан кейін сөз алған белгілі жазушы Алдан Смайыл латын әліпбиіне көшу Қазақстан үшін өте күрделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл мәселе елімізде төртінші мәрте көтеріліп отыр. Бұрын да талай ғалымдар жиналып, мәселені жан-жақты талқылаған. Елімізде бұрыннан қалыптасқан тәжірибе де бар. – Кезінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі көтерілгенде ғалымдар дәл осылай жиналып, пікірлерін білдірген болатын. Тіпті осы жолдан өткен мемлекеттерге ғылыми экспедициялар да жіберілген. Сол тәжірибелер мен пікірлер жинақталып, жеті жоба болып жарық көрді. Соның ішінде кемі үш жобада қазір айтылып жүрген мәселелердің бәрі қамтылған. Бұл – ғылыми және мемлекеттік сараптамадан өткен жобалар. Демек, жұмыстың көбі кезінде жасалып қойғандықтан сол жобаларды қайта қарастырып, әрі қарай жаңғырту қажет. Жиында еліміздің латын әліпбиіне көшудегі ұйымдастыру жұмыстарының барысы, әдістемелік құралдардың жайы, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңдерінде кездесуі мүмкін мәселелердің бәрі талқыланды. Басқосуда айтылған ұлт зиялыларының пікірі арнайы құрылған комиссияға ұсынылатын болды.
Қымбат НҰРҒАЛИ,