Астанада жалпы құны 180 миллионды құрайтын әжетханалар орнатылған
2017 ж. 11 мамыр
2843
5
Астананың қоғамдық орындары мыңдаған туристі қабылдауға дайын емес. ЭКСПО көрмесі өтетін шаһар көшелерінде іске жарамды бірде-бір дәретхана жоқ. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Ал халықаралық көрмеге әлемнің түпкір-түпкірінен үш миллионға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Олардың "қажет кезде" қайда баратынына әкімдік бас қатырмайтын сыңайлы. Осыдан екі жыл бұрын, 180 миллион теңгеге Еуропадан алдырған 15 дәретхана болса сол күйі қаңырап тұр.
Сербияның сұр түсті әжетханалары Астанаға 2015-тің жазында орнатылған. Сантехникасынан бастап, сымына дейін сын тағылмайтын солардың сиқы қазір адам шошырлық. Оған жүз теңгесін сүңгітіп, қажетін өтей алмаған соңғы пайдаланушы Тимур Асылханов. Блогер бұл бассыздықты видеоға түсіріп жариялағаннан кейін әжетхана тоқтан ажыратылыпты.
Тимур Асылханов, блогер:
- Бұл кез-келген қаланың проблемасы. Айғайлатып тұрып, алыстан халық қамы үшін деп бірдеңе әкеледі, сосын ол істемей жатады. Ең бастысы, ақпарат құралдарында әкелді, орнатты, ашылды деген материал шықса болды. Оның одан кейінгі жағдайы әкімдікке керек емес.
Қалған еуропалық әжетханалардың да жайы белгілі болды. Астанада осындай 15 орынның бір де бірі жұмыс істемейді екен. Әу баста айналасында бейнебақылау бар делінген нысан тоналып, ашық-шашық жатыр.
Бекет Мұқашев, Астана қаласының тұрғыны:
- Бастықтардың барлығын осы жерге алып келу керек. Бір 5-6 сағат осы жерде ұстауға. Сосын көреміз не істейді олар.
15 әжетханаға 180 млн бөлінгенін ескерсек, біреуінің құны 12 млн теңге. Бұл ақшаға Астанадан іздесең екі бөлмелі пәтер табасың. Олқылықтың орнын сол баспанаға зәру жандардың өздері толтырыпты.
Әжетханалардың нақты құнын, оның неліктен қирап тұрғанын сұрап, өткен аптада әкімдікке хат жіберген едік. Бірақ шенеуніктерден сол күй жауап жоқ, - деп хабарлайды арна тілшісі.
Атап өтейік, бұған дейін Астана әкімдігі әрқайсысының құны 10 миллион теңге тұратын жылы аялдамалар орнатқан болатын. Сонда, әжетхана аялдамадан да қымбат болғаны ма?..