МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ ҚАТАҢ ТАЛАП ҚОЙЫЛАДЫ
2017 ж. 02 мамыр
1905
0
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет беделін түсіретін әрекеттер санатына әдеп бұзушылықтардың жеке құрамын енгізбек. Бұл жайында аталған агенттік төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлім етті.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде өткен «ҚР-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында негізгі баяндама жасаған Шпекбаевтың айтуынша, елімізде Әдеп кодексін бұзған мемлекеттік қызметшілерге жаза жеңіл. Мәселен, олар қызметтік көліктерді жеке мақсатында пайдаланса, азаматтарға және қызметтестеріне дөрекілік танытса, көлікті мас күйінде басқарса немесе мас күйінде қоғамдық орындарда жүрсе ескерту алады не қатаң сөгіс алып құтылады. «Бірден қатаң шаралар қабылдау қажет деп отырғанымыз жоқ. Дегенмен, тым болмағанда қызметіне толық сәйкес келмейтіндігін жариялап, үш жыл бойы жоғары тұрған лауазымға жоғарылау құқығынан айыруға немесе лауазымын төмендетуге болар еді. Ары кеткенде, әдеп нормасын өрескел бұзғаны үшін жұмыстан шығару қажет», – деді ол. Осы ретте Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева агенттік басшысының орынбасарынан мемлекеттік қызметшінің азаматтарға дөрекілік танытқанын қалай дәлелдеуге болатынын сұрады. «Бізде жазба жүргізуге тыйым салынбаған. Әркімнің де мұндай мүмкіншілігі бар. Мұндай шағымдарды қараған кезімізде көпшілігі жазып алып, сонымен фактіні дәлелдеп жатады. Қазірдің өзінде 62 факті бойынша жауапқа тарттық. Мұндай фактілерге жол бергендердің басым бөлігі мемлекеттік қызметшілер», – деп жауап берді Шпекбаев.
qazaquni.kz