МЫҢДАҒАН АДАМДАР БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ
2017 ж. 04 мамыр
1242
0
Оңтүстік Қазақстан облысында биыл «Нұрлы жол» бағдарламасымен 66 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ОҚО-ғы филиалының директоры Қасымбек Мәліков мәлім етті.
Оның айтуынша, облыста мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы екі бағыт бойынша жүзеге асырылып отыр. Біріншісі –жергілікті әкімдік арқылы салынатын үйлер болса, екіншісі – «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы арқылы салынатын тұрғын үйлер. «Мәселен, осы жылы әкімдік арқылы жалпы аумағы 31,6 мың шаршы метр болатын 558 пәтерлік көпқабатты 11 үй тапсырылады. Ал «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы бойынша 180 мыңнан астам шаршы метр болатын баспана тапсырылмақ. Ол 3086 пәтерлік 55 үй. Осылайша, 2018 жылға дейін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша банк желісімен облыста 226,2 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек», – деді Қ.Мәліков. Сонымен қатар, филиал директоры биылдан бастап мемлекеттің барлық тұрғын үй бастамалары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асатынын атап өтті. Аталған бағдарлама 5 негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Соның ішінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» кредиттік баспана бағытын жүзеге асырады және жеке тұрғын үй құрылысын несиелендіреді.
qazaquni.kz