ҚАЗАҚ БОЛУ - СӘНГЕ АЙНАЛУ КЕРЕК
2017 ж. 03 мамыр
5178
3
Бізді басқа ұлыстар үлгі тұтардай болу үшін бір Димаш, бір Қанат жетпейді...
Пафостың қызуы шекеден ұрып тұр, ә? Бірақ, мына аудиожазбаны тыңдағаннан кейін қауашағымда туған ой осы еді. Татарстанның уатсабында кең таралыпты дейді.
Есіме түсіп кетті. Ресейдің ақсүйектері 18-ші ғасырдың басынан 19-ші ғасырдың ширегіне дейін тек француз тілінде сөйлегенін білесіздер. Қаймана халық пен билігі басқа тілдерде сөйледі деген осы. Франция сол уақытта басқа Еуропа елдерінің арасында тасы өрге домалап тұрған держава болды, бәрі үлгі тұтты оны.
Кім саяси лидер болса, оның идеологиялық лидер болуы да заңдылық. Сол үшін де Лионның тігіншілері әлемдік сәнді қалыптастырушылар, Вольтер мен Дидро - ең керемет данагөйлер, Версальдың сарайлары - ең жоғарғы салтанаттың көрінісі деп саналды. Сосын, әрине, француз тілі бекзаттықтың тіліндей көрінді, сол тілде сөйлеуге тырысты бәрі. Мысалы, Ресейдегі әйгілі декабристер көтерілісіне қатысқан декабристердің көбісі кейін сотта тек француз тілінде сөйлеген. Өмір-бойы Ресейде туып, өскен декабрист Бестужев-Рюмин орыс тілінде мүлдем сөйлей алмайтын болып шыққан. Соттың алдында орысша сөйлеуі үшін сөздікпен дайындалуға мәжбүр болған. Қызық, ә?
Оны қойшы, Ұлыбританияда 600 жылдан астам уақыт ресми тілі француз тілі болған. Тіпті Ағылшын парламентінде ағылшын тілін қолдану туралы Актінің өзі француз тілінде жазылған деседі.
Cонда Франция 18-19 ғасырларда бүкіл әлемге несімен сән болды дейсіз. Киім үлгісімен, тамақтану әдебімен, әскери тәртібімен, театрымен, әдебиетімен... бәрімен, қысқасы. Сондықтан, "қазақ болу - сәнге айналу керек" деп ұран салғанда, алдымен осы киім үлгісі, тамақтану әдебі, әдебиет-мәдениетімізге, жазу-сызуымызға қарайықшы. Бізді шекараның тысындағы жарайды, ішіндегі басқа ұлыстар үлгі тұтардай болу үшін бір Димаш, бір Қанат жетпейді.
Өркен Кенжебек, Facebook парақшасынан