ЖЕТПІС ЖЫЛ АРДАГЕР БОЛУДЫ АРМАНДАҒАН МАЙДАНГЕР
2017 ж. 02 мамыр
5143
5
(Досым айтқан сыр)
[caption id="attachment_68628" align="aligncenter" width="495"] Байжүніс ақсақал мен ұлы Əбен[/caption]"КЕБЕНЕК КИГЕН КЕЛЕДІ.."
- Мәлипа, сүйінші! Күйеуің келе жатыр! Сүйінші!
Анадайдан жүгіріп келе жатқан ауыл адамының айқайына сенер, сенбесін білмей ошақтың маңайында жүрген Мәлипа дірілдеп жерге отыра кетті. Байжүністен хабар келмегелi қашан. Соңғы рет Харьков түбінде соғысқа кіргелі тұрмыз деп хат жазған. Содан бері із -тозсыз кеткен. Соғыс бітіп, елдің еркегі елге қайтқанда да Байжүністің қарасы көріне қоймаған. Ауыл-аймақ өлдіге жорыды. Сыртынан жаназасын шығарып қойды. Мәлипа да жаман хабарға мойынсұна бастаған екен. Енді міне...Есін жиып, етегіне сүріне, қабына жүгірді. "Жесірліктің қамыты мойынға ілінді, жалғыз ұл - Әбенді қайтсем бағам" дегенге көндіге бастаған әйелге әлгінің айқайы аспаннан жай түскендей әсер еткені анық. Анадайдан ыржиып келе жатқан әскери киімді адамды алғашында күйеуіне ұқсата қоймады. Мүлдем өзгерген. Тек көзі ғана...Үнемі бір жылылықты сездіріп тұратын қоңыр қой көздер ғана соныкі сияқты. Жақындай бере жымиып күлгенде сол екендігіне күмәні қалған жоқ. Отыра қалып, еңіреп жылағысы келген. Бүкіл соғыс кезінде көрген қорлық өксік болып алқымына тірелгенi. Жүгіріп барып мойнына асылғысы да келген. Жоқ! Кеше ғана жесірліктің азабына көндім деген әйел бір сәтте қатайып шыға келді. Соғыс деген тажал бұларды қайсарлыққа, ер сияқты өр мінезге тәрбиелеп тастаған.Бір қауым елді артынан ергізетін, сөзін өткізетін етіп шыңдаған. Жылай алмай, мойнына асыла алмай тұрғаны да сондықтан.
- Өлді деп едім. Тірі екенсің ғой. "Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді"деуші еді. Келдің -ау,әйтеуір!
Байжүніс жұбатып, құшақтап жатыр. Солдат шинелінен оқ-дəрінің иісі сезілгендей. Тағы да сұм соғыс есіне түсті. Мына киімді көрсе ұйқысыз өткен түндер, жалғыз ұлға бір түйір дән табу үшін аңызақта аңырап жүріп істеген азапты жұмыс, ауылдан кетіп шейіт болған боздақтар өмір бойы көз алдынан кетпейтіндей көрінді. Күйеуінің құшағынан сытылып шығып, айқай салды.
-Шеш андағы киімді! Көргім келмейді!
Түк түсінбесе де күйеуі солдат киімін шешіп жатыр. Сәлден соң оқ -дәрі сіңген шинель ошақ астында лаулап жанып жатты...
...Үйге кіріп, туған -туысқан, көрші қолаң ортасында әңгіме айтып, шалқып отырған Байжүніс атып тұрып айқай салды.
-Ойбай, документiм!..Бүкіл қағазым төс қалтамда еді...
Мәлипа аттандап ошақ жаққа қарай жүгірген жоқ. Күйеуіне басу айтты.
-Тірі келгеніңе шүкір! Лағынеттің бәрі сонымен кетсін! Өлмеспіз. Соғысқа барып келгенің асырамай- ақ қойсын бізді. Бейбіт өмір болса болды... Өлмеспіз...
Байжүніс орнына қайта отырды. Дастархан басындағылар ләм-лим демеді. Бір ауылдың бас көтереріне айналған қайсар әйелге қарсы шықпағандары-келіскендерi болу керек.
...Ошақта соғыс исі сіңген шинель шоққа айналып, сөніп бара жатты...
АТАМНЫҢ МҰҢЫ
МЕНІҢ АТАМ - АРДАГЕР
...Атам тоқсан үш жасында өмірден өтті. Алла оған ұзақ ғұмыр сыйлады. Соғыста ауыр жарақат алғаны, тұтқында болғаны, партизандық өмір, майдан өтінде жаралы жауынгерлерді от пен оқтың арасынан сан мәрте алып шығуы денсаулығына әрине әсер етті. Алайда, кез келген қиындыққа қасқайып қарап тұра алатын қайсар мінезі -Байжүніс атамның тоқсаннан асып, ғұмыр кешуіне әсер етті деп ойлаймын. Бізге айтпаса да оның көңіл түкпірінде "етігімен қан кешкен ерлердің қатарында неге жүрмеймін, солар секілді неге ардагер болып, бүгінгі ұрпаққа өнегелі әңгіме айтпаймын"деген үлкен өкініштің жататынын сезетінбіз. Баяғы өртенген құжатты қалпына келтіруге біраз талпындық та. Мәскеудің, Алматының архивтеріне сұрау салынды. Нәтиже болған жоқ. Үміт үзілді. Атам да ардагерліктi армандамайтын болған. Бірде Қапшағайдың әскерге шақырылатын жастардың комиссиясына мүше болдым. Жанымда әскери комиссариаттың бастығы, ұлты орыс Колесников деген жігіт отырған еді. Соғыс жайында әңгіме қозғалып кетіп, атам жайындағы оқиғаның шет жағасын шығарғанмын. Құжаттарының Мәскеуден де табылмағанын да қосып қойдым.
-Не деген сұмдық! -деп майор күйіп кетті, -Әй, аңқау қазақтарым-ай! Әкел атаңның аты- жөнін! Құжаттары сөзсіз табылады. Майор сөзінде тұрды. Ай өтпей көктен іздегеніміз, жерден табылды. Мәскеу де емес, Алматы да емес, өзіміздің Кегеннен табылды. Атам соғысқа аттанғанда Кеген мен Нарынқол қазіргідей бір аудан болған екен. Құжаттарының көшірмесі сонда болып шықты.
...Ардагердің куәлігін қолына бергенде жас балаша қуанғанын көрсеңіз. Қайта, қайта оқып, сыйпалап, аударып, төңкеріп көре бергісі келеді. Тоқсаннан асқанда орындалған ата арманын көріп біз толқыдық. Енді менің атам- Ардагер! Әттең, кеш көрді. Өмірінің қалған бір - екі жылын куәлігін қалтасына салып алып, өзін нағыз ардагер сезінуге арнады десем қателеспейтін шығармын.
...Кеш батып қалған апақ-сапақ мезгіл. Атам Талдықорғандағы қызына қыдырыстап кеткен. Есікті біреу қағады. Ашсам ар жағында атам тұр. Жанында бір қойдың етін көтерген бейтаныс жігіт.
-Ардагер атамызды жолдан түсіріп кетуге ұялдым, -дейді әлгі жігіт, -Өзім автобустың жүргізушісімін. Басқа жолаушылар әне күтіп отыр. Жол қиыстау болса да ардагерді үйіне дейін апару керек қой!
Әй, атам-ай! Куәлігін көрсетіп, қалааралық автобустың өзін үйге бұрған ғой. Ардагерге бас иіп, айтқанына көнген жүргізуші де жігіт -ақ екен!
...Бір күні жұмыстан үйге келсем атам үйге жап- жаңа тоңазытқыш әкеліп қойыпты. Ондай техниканың қат кезі. Тек қана ардагерлер дүкенінде кредитке беріледі. Аздап ренжігендей болғанымызбен іштей қуандық. Енді бірде телевизор әкеліп тұр.Үндемедім. Ұрпақтарына аз да болса ардагерліктiң жақсылығын көрсетіп кеткісі келген шығар деп түсіндім. Жетпіс жыл күткен куәлігінің есесін осылай қайтарып, атам көп ұзамай көз жұмды...
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ