Ақтөбеде баспанасы суда қалған тұрғындарға 30 мың теңгеден берілді
2017 ж. 25 сәуір
2176
2
Тасқын су баспаналарын шайған 1200 ақтөбелік шаһардағы жеті эвакуациялық пункті бар мектептерге орналастырылған еді. Алайда, өткен сенбіде олар мектептерден жаппай шығарылды. Оған білім ордаларында оқитын оқушылардың ата-аналарынан түскен арыз-шағымдар себеп.
Оған қоса, санитар-эпидемиологтардың «мектептерге халықты паналатуға тек бір апта ғана уақыт беріледі» деген шешімі бар. Талап осындай. Білім мекемелерінің барлығы толық дезинфекцияланған, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
№15 мектептен өткен сенбіде 88 адам кетіп қалған. Білім мекемесі басшылығының айтуынша, судың беті қайтқан соң тұрғындар үйлеріне тарап кеткен.
«Сенбі күні халық үйлеріне тарады. Судың беті қайтқан соң. Мүгедек баласы бар екі отбасыға қалалық әкімдік пәтер жалдап берген. Ал, кейбірі туыстарына кетті»,-дейді №15 мектеп директорының орынбасары Аққали Балғалиев.
Үйлері су астында қалған жандардың барлығының бірдей баратын жері жоқ. Баспаналары құрғамаған. Кейбір үйлер су үстінде әлі тұр. Қазір дені туыстарын жағалап жүр. Ал, уақытша паналау пунктінен шығарылған 110 отбасыға Ақтөбе қаласы әкімдігі жанынан құрылған комиссия пәтер жалдауға 30 мың теңгеден берген. Алайда, тұрғындарды «бір айдан соң қайда барамыз» деген ой мазалайды.
«Үйіміз суға кеткен соң №10 орта мектепке орналастық. Комиссия мүшелері үйімізді көруге келген жоқ. Тек қалалық жер қатынастары бөлімінен «жер кезегінде тұрсыңдар ма?» деп келіп кеткен. Қазір үйімнің жағдайы мүлдем нашар. Адам тұруға келмейді. Мойынымызда несиеміз бар. Қашан келіп, шығынды есептейтіндері әлі белгісіз»,-дейді Айсәуле Дәулетқалиева.
7 мобильдік топ 1800-ден астам үйді аралап үлгерген. 77 баспананың қирағандығы анықталды. Ал, қалғандарын жөндеу қажет.
«Қолғанат Ақтөбе» қорына 11 миллион теңгеден астам қаржы жиналды. Ал, киви әмианға 1490 рубль түсті. 10 мың теңге есепшотқа аударылған», - дейді «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қорының төрайымы Гүлшат Масалимова.
Тасқын судың астында қалған ақтөбеліктерге өзге өңірлермен қатар шетелдерден де көмек келіп жатыр. Дегенмен, жергілікті билік пен өзге де құрылымдық бөлімшелер өкілдерінің басты үміті аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевта. Облыс әкімі жуық арада Астанаға жолға шығады. Өңірдің су тасқынынан кейінгі жағдайын үкіметтегілерге баяндау үшін. Себебі, су астында қалған үйлердің шығынын өтеуге қанша қаржы қажет екені әлі беймәлім.