Елді-мекенде 43 үйді су басқан, оның бесеуін ендігі қалпына келтіру мүмкін емес.
Қарасу ауданына қарасты Зелёновка ауылын екі рет су басты - сәуірдің 15-17 және сәуірдің 18-19 аралықтарында. Ауыл тұрғындары жергілікті атқамінерлер "БАҚ өкілдеріне ештеңе айтпаңдар" деп халықты қорқытып отырғанын айтып жатыр.
"Бәріне өзімізді кінәлі қылды, - дейді ауыл тұрғыны Андрей Максимов. – Малдарымызды уақытында алып кетуіміз керек болыпты олардың ойынша. Бізде бұрын мұндай апат ешқашан болған емес. Менің үйім терезесіне дейін суға батты. Бір қабырғасы опырылып құлап түсті. Қаншама малым қырылды".
Андрейдің үйін қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Үй иесі оны тұтас сүріп қайтадан салуды жоспарлап отыр.
"Мен су тасқыны кезіндегі жағдайдың барлығын камераға түсіріп интернетке жүктеп отырдым. Алайда, оларды бұғаттап тастады. Бізді қорқытып жатыр. Ауыл әкімі келіп су тасқыны туралы тіс жармауымызды талап етті. Бірақ, мен ешкімнен қорықпаймын, онсыз да бар малымнан айырылдым", – дейді тұрғын.