Қазақстанда мұсылмандарға ортақ киім үлгісі тігілетін болды
2017 ж. 21 сәуір
4377
8
Қазақстанда жақын арада мұсылманның ортақ киім үлгісі пайда болады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Елбасы айта-айта әбден жауыр болған қауға сақал мен қара жамылғы дауына соңғы нүкте қоюға пәрмен берді. Тіпті болмай жатса, заңмен тыюды қарастырыңдар деп қатаң айтты. Назарбаевтан күні кеше тапсырма алған дінге жауапты министрлік іске кірісіп те кеткен екен.
"Сапсиған сақал, қысқа балақ арқылы мұсылманның сипаты насихатталғанда — бұл қоғамды үрейлендіреді. Мұсылмандық туралы қалыптасқан құндылықтар жойылады. Бұл жерде сөзсіз ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келеді. Сондықтан бұл үрдісті тоқтатар нақты шаралар қабылдануы керек", — дейді ҚР Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Құлекеев.
Шараның бірі мұсылманның сырт келбеті. Енді қап-қара боп алабөтен болған қыздардың киімі ашық түсті орамал, көйлекпен алмастырылмақ. Ең бірінші медресе шәкірттеріне тігілетін мұсылмандық киім үлгілерін қоғам құптаса, көпшілікке ұсынылады.
"Дәл қазіргі уақытта медреседе оқып жатқан қыздарымызға, шәкірттерімізге ашық түсті, көк түсті киім үлгілерін дайындап жатырмыз. Ол киім үлгілері шариғатқа да сай, дәстүрімізге де сай, жалпы қоғам алдында оғаш көрінбейтін киім үлгісін дайындап жатырмыз", — деп мәлімет берді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілі Ағабек Қонарбайұлы.
Мұсылман киімін бүтіндеуден бөлек, молдалар алдында тұрған одан зор міндет бар. Жамағатты ұйыта алмайтын, сөзі өтімсіз имамдарды мемлекет басшысы сынады. Бұдан былай шариғаттан аса алмайтын, сыңаржақ дүмше молда дін ісінен шеттетілуі мүмкін.