КӨШІ-ҚОН ЖОЛЫНДА КЕДЕРГІ БОЛМАУЫ КЕРЕК
2024 ж. 15 шілде
4160
3
«Көші-қон» деп маңызы мен мәні жағынан дәлме-дәл және нақты атауға ие болған осы бір ұғым бағзы заманнан бері қолданылып келгені белгілі. Қоныс аудару қай ғасырда, қай елде де орын алып отырған. Ел ішінде бір аймақтан екіншісіне көшуді айтпаған күннің өзінде, жыраққа, жатжұртқа қоныс аудару немесе қайтып оралу бұрындар да болған, әлі де бола береді. Оның бәрі егеменді еліміздің өз заңымен бекітіліп, белгілі бір ережеге сай жүргізілуі аса маңызды.
Көші-қон ешқашан себепсіз өздігімен жүрмейді, оған міндетті түрде белгілі бір саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдай түрткі болады. Бұл ақиқат. Арғы жаққа бармай-ақ, бергі кеңестік кезеңге көз жүгіртсек оны анық байқауға болады. Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдарда «кәмпеске» деген атауға ие болған мал-мүлікті тәркілеу кесірінен және сол кезде қалыптасқан белгілі саяси жағдайларға байланысты миллиондаған қазақтар шетелге ауып кетті. Олар Қытай, Индия, Түркия және сонау Еуропаға дейін жетіп, тұрақтап қалды. 1931-1933 жылдары аштық қысқан кезде тағы да жолай қырылып, көрші мемлекеттерге аман жеткен жүздеген мың қандастарымыз жатжұртты паналауға мәжбүр болғаны да белгілі. Қытай мен КСРО ортасындағы қатып қалған саяси сеңнің қабырғасы сөгілген 1956-1962 жылдар шығыс көршімізден қандастарымыз отанына қайтып оралуға мүмкіндік алды. Бірақ, бәрі емес. Солақай саясаттың салдарынан Алтайдың арғы бетіндегі ежелгі қазақ жері қытайлықтарға өтіп кетті. Кіндік қаны тамып, ата-бабадан қалған қасиетті жерін ешкім тастап кетпесі белгілі. Сөйтіп тағы да миллиондаған қандастарымыз қазіргі Қытайдың басыбайлы территориясы болып еріксіз есептеліп кеткен, бір мемлекет еркін сиятын ауқымды аумақта, ата қонысында қалып қойды. Қазір барлық елдердің шекарасы халықаралық деңгейде ресми бекітілген, енді оны он жерден тарихты қазбалап өзеуресек те өзгерте алмаймыз. Қарап отырғанымыздай осы бір тарихи деректердің өзі көп нәрсені аңғартады емес пе? Сондықтан бүгінгі саяси, кешегі тарихи жағдайға сүйене отырып, дұрыс көші-қон саясатын жүргізіп, берік бағыт ұстануға міндеттіміз. Өкінішке орай, көші-қон туралы қаншама заң қабылдасақ та оның шикі тұстары баршылық және қолда бар заңның өзі дұрыс орындала бермейді. Ал, оның салдары өте ауыр, бүкіл ұлттың тағдырына әсер етуі ғажап емес.
«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың басынан не өтпеді? Қырғын да, аштық та, жойқын соғыс та ұлтымыздың тамырына балта шауып, тағдырымызды қыл үстіне қойған аласапыран замандарды өткердік. Сонда да қасиетті жерімізді сақтап, ұлы ұлт екенімізді көрсеттік. Егемендік алып, тәуелсіздік туын көтере сала етек-жеңімізді қымтап, мемлекеттігімізді нығайтуға кірістік. Алдымен Ұлы даланы жайлаған жергілікті ұлт болашағы, оның ішінде қазақтар санының аздығы бірінші кезектегі мәселеге айналды. Республиканы мекендеген өзге ұлт өкілдері өздерінің тарихи отанына үдере көшуі де бұған әсер етті.
Сөйтіп алғашқыда қарқынды жүргізілген көші-қонның арқасында 1991-2000 жылдарда ғана Қазақстанға жалпы саны 176 мың адам көшіп келді. Миграция және демография агенттігінің мәліметтері бойынша дүниежүзіндегі қазақ ұлтының саны шамамен 13 млн. адамды құрайды.
Этникалық қазақтардың үштен бірі Қазақстаннан тысқары жерлерде өмір сүріп жатыр. Олардың шамамен 2 миллионы тарихи отанына қайтуға дайын. Қазақстан диаспоралары әлемнің 40 елінде тіркелген. Біздің қандастарымыздың көпшілігі Қытайда – 1,3 млн., Өзбекстанда – 1 млн., Ресейде – шамамен 900 мың адам өмір сүріп жатыр.
«Көші-қон туралы» заңдарымызда оралмандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, баспана сатып алу үшін ұзақ мерзімге несие беру мәселелері көрсетілген-ді. Көшіп келгендерге бірінші кезекте үй бөлу, қарыз ақша беру туралы «Тұрғын үй» Кодексінде де айтылған. Алайда мұндай шаралар баяу жүргізілуде. Жылда үкімет тарапынан квотаға бөлінетін қаржының жетіспеуінен бұл мәселелер әлі де толық шешілмей жатыр. Қаржы тапшылығы мен тұрғын үй қорының жетіспеуі, азаматтық алу тәртібі мен тіл мәселесіне байланысты кедергілер және жұмыссыздыққа байланысты қиындықтар әлі де баршылық. Жалпы қандастарымыз отанына оралу барысында о бастан көптеген кедергілерге тап болды. Кеденнен оралмандар дүние-мүлкін алып өтуден бастап, кеден салықтарының жоғарылығынан олар бүкіл мал-мүліктерін елімізге өткізе алмай қиналғанын білеміз. Жатжұрттан құжаттарын көптеген қиындықтармен рәсімдеп шығумен қатар отанына оралған соң да түрлі кедергілерге тап болды. Солардың қатарында – жіберген аймақтан кетіп қалса азаматтықтан айырылу, азаматтық алғанмен мекен-жайына тіркеліп, пәтер кезегіне тұра алмау, сол себепті медициналық және өзге де қызметтер қол жетімсіз болу, бір құжат алу үшін түрлі министрліктердің арасында жүріп табан тоздыру, өздеріне тиесілі жер телімін ала алмау сияқты созылып кете береді. Рас, бұл кемшіліктердің біраз бөлігі заңға өзгерістер енгізу арқылы түзетілді. Түзетуді қажет ететін баптар әлі де жетерлік. Осы жерде бізде неге заң қабылдағанда кездесетін қиындықтарды алдынала ескеріп, жобаны нақты сараламаймыз деген сұрақ туындайды. Әлде министрліктегілер мен депутаттарымыз қарапайым жұрттың қиналғанын көріп рахат таба ма? Әрине, өздері үшін қайда барса да жол ашық, бір қоңыраумен-ақ бар мәселені шеше салатынын білеміз. Қарапайым халықтың қамы алдымен қарастырылып, заң дегеніміз бұқараға қызмет етуі керек қой.
Өзбекстандағы көптеген қазақтар «өзбек» болып жазылып, қалың өзбектердің арасында өмір кешуде. Өзбекстан азаматтығынан шығу ісі осы күнге дейін қазақтарға оңайға түспейді.Әсіресе Моңғолия азаматтығынан шығу өте қиын, бұл осы елдегі қазақтардың отанына оралу үдерісін қиындата түсуде. Соған байланысты азаматтық ала алмай жүргендер де жетерлік. Қазақстан азаматтығының жоқтығы оралмандар жағдайын одан әрмен ауырлатады. Сондықтан бұл мәселе алдымен мемлекетаралық деңгейде шешілуге тиісті.
2020 жылға дейін халық санын 20 миллиондық межеге жеткізуді көздейтін Қазақстан үшін этникалық қазақтарды елге әкелу мәселесі аса маңызды стратегиялық міндеттердің бірі. Тәуелсіздіктен бері Қазақстанға оралған шетелдегі қандастарымыздың саны 1 миллионнан асқаны туралы мәліметтер айтылып жүр. Бүгінде елге оралған қандастарымыз Қазақстан халқының шамамен 10 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш әрине еліміздің қазіргі таңдағы күрделі демографиялық ахуалына да оң әсерін тигізетіндігі сөзсіз. Бұл өте құптарлық та қуантарлық көрсеткіш. Алайда, ежелгі ата қонысына оралған осынау қалың жұртшылықтың Атамекенге келіп орнығуы оңайға соғып жатқан жоқ. Десек те, олардың басым бөлігі қазіргі қазақ қоғамына араласып, сіңісіп үлгерді. Ендігі мақсат –Елбасы үндеген 20 миллионға жету үдесінен шығу болса, негізгі арқа сүйеріміз де осы шетелдегі қандастар болып отыр. Бұл бағыттағы шаралардың тізгінін босаңсытуға біз жол бермегеніміз жөн.
Көші-қон мәселесі мемлекетік деңгейде шешіліп жатыр десек те, біздің осы бағыттағы заңымызда оралмандарды әлі күнге дейін сергелдеңге салып келген баптар бар. Мәселен, Қазақстанда тұрақты тұрғысы келетін Қытай азаматтары ондағы тұрақты тіркеуден шығып келуі тиіс. Екіншіден, сотталмағаны туралы анықтама әкелуі керек. Бұл шетелдік азаматтар үшін бұрыннан келе жатқан талаптар. Бірақ, әрбір баптың соңында жақша ішінде «мұның этникалық қазақтарға қатысы жоқ» деген сөйлемдер болатын. Кейінгі редакцияларында осы сөйлем түсіп қалды да, этникалық қазақтар өзге ұлт өкілдерімен теңестірілді. Жоғарыда аталған екі құжатты Қытайдың Қазақстандағы консулдығына растату туралы талап тағы бар. Қытай консулдығы алғашында бұл құжаттарды еш кедергісіз растап беріп келді. Алайда бір жылдан кейін, аталған құжаттарды растау үшін бақандай төрт құжат талап ететін болды. Олар: банкте қарызы жоқ деген анықтама; егер, мемлекеттік қызметкер болса, қызметтен қол үзгені рас деген анықтама; сотталмағаны туралы анықтама; тұрғылықты тіркеуді өшіріп келу. Бұлардың соңғы екеуін алу өте қиын. Қытай сотталған азаматтарына шетелге шығатын төлқұжат бермейді, екіншіден, Қытай заңында ел азаматы екінші бір елге тұрақты қоныстанған немесе азаматтығын алған жағдайда арнайы нота арқылы хабар алып, оны өз есебінен автоматты түрде шығарып тастайды. Ал, тіркеуден шығу – Қытай азаматтығынан шығып келу деген сөз. Қытай өзге елдің азаматтығын қабылдамаған адамды еш уақытта өз елінің азаматтығынан шығармайды.
2013 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгертулер енгізуге мәжбүр етті. Осы Заңға сәйкес, оралман мәртебесі этникалық қазақтарға тек Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстанған оралмандарға ғана берілетін болды. Этникалық қазақтар барған еліміздің қалған өңірлерлерінде оларға оралман мәртебесі берілмеді. Тұруға ықтиярхат алу үшін олар өз төлем қабілеттілігін растауға тиіс болды (бұл ретте, отбасының әр мүшесіне екінші деңгейдегі банктерге шамамен 2,5 млн.теңге орналастыру міндеттелді). Оралманның азаматтық алу құқығы оралман мәртебесін алғаннан кейін 4 жылдан кейін туындайтын болды. Кейін азаматтық алу мерзімі 1 жылға шегеріліп, оралмандардың көшіп келу квотасы және тиісті әлеуметтік төлемдер алынып тасталды. Терең сараптама, жан-жақты талдау жасалмай қабылдаған осы тектес заңнама шет елдерден келетін қандастарымыздың көші-қонын күрт баяулатты.
Иә, көші-қон басталғалы заңдағы кемшіліктерге байланысты талай дау-дамай, пікірталастар болғаны белгілі. Ол туралы саясаткерлер өз ойларын білдіріп, ақпарат құралдарында тұрақты жазылып, айтылып та келеді. Ендеше бұл сүрленген тақырыпты несіне қозғап отырсыңдар деуі мүмкін біздің тұрақты оқырмандарымыз. Дұрыс айтасыздар, бірақ бұл тақырыпты тағы да көтеруге нақты себеп болып тұр.
Бүгінгі күні терроризм әлем бойынша адамзатқа қауіп төндіріп қана қоймай, кейбір елдердің саяси ұстанымын да өзгерте бастады. Терроризмді желеу етіп екінші бір елде соғыс отын жағу оқиғаларына да куә болып отырмыз. Соған байланысты көптеген мемлекеттер қауіпсіздікті
күшейтіп, қатердің алдын алу қамын жасап жатыр. Ол дұрыс. Енді біреулер осыны пайдаланып ішкі есептерін түгендеп алмақшы. Қандастарымыздың ең көп өмір сүретін Қытай еліндегі «терроризмге қарсы шаралар» туралы сол жақтағы қазақтардың әңгімесін естісеңіз төбе шашыңыз тік тұрады. Лаңкестікті сыныққа сылтау еткен Қытай үкіметі өзінің түпкілікті ойын жүзеге асыра бастаған. Олардың айтуынша әрбір үйге қытай туын ілгізіп, әрбір дүйсенбі сайын қытайлардың әнұранын айтқызады екен. Қазақтар тұратын Шеңгіл ауданына 40 мың қытайды әкеліп орналастырған. Алдағы уақытта қандастарымыз тұратын барлық аудандарға тағы да миллиондаған қытайлықтарды көшірмекші. Демек қара құрттай қаптаған қытай сол жердегі қазақтарды тірідей жұтып, ұлт ретінде қарусыз-ақ жоймақшы. Екі-үш жылдан бері үкімет өзге ұлт өкілдеріне үйленген қытайлықтарға қомақты қаржы бөліп, сыйақы жасайтын заң шығарып, ол нақты іске асуда. Халықтар достығын желеу етіп, жергілікті қазақтарға қараусыз қалған қытайлық қарияларды жуындырап, тырнақ-шашын алғызуға мәжбүрлеуін қалай түсінуге болады? Біздің елімізде мыңдаған Қытай кәсіпорындары жұмыс істейді, біз оларға осындай қысым көрсетіп жатқан жоқпыз ғой. Бұл өзге ұлтқа жасалған өктемдік емес пе? Ал, ұйғырларды қытайлықтар атау жауынан әрмен көреді. Оларды сөз айтпастан бірден атып тастап жүре береді. Бұрын кезекшілікке шыққан полицей он оқ алуға құқылы болса, қазір керегінше алып, қалағанынша ата алады. Осылай кете берсе ондағы қазақтардың күні қараң болары айдан анық. Сондықтан Қытайдағы қандастарымызды қайтару өткір мәселеге айналып отыр. Ал, біз болсақ көші-қон жолына кедергілер қойып әлекпіз. Онсыз да саны жағынан аз алашты көбейтудің орнына елге оралғысы келетін қазақтарды қайтадан айдаһардың аузына итеріп, кері теуіп жатырмыз.
Екінші мәселе – Қытайдағы қазақтардың қазіргі қауіпті жағдайы. Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси, экономикалық жағдай бірқалыпты болғанмен шығыс көршіміз өзінің жымысқы саясатын іске асыруда. Бұл олардың ғасырлардан бері келе жатқан айла-әдісі. Әрине, басқа мемлекеттің ішкі ісіне араласуға ешкімге құқық берілмеген. Дегенмен, екі ел арасындағы қазіргі жақсы қарым-қатынасты пайдалана отырып бұл мәселені мемлекеттік деңгейде көтеріп, Қытай үкіметімен келіссөздер жүргізіп, қандастарымызға қол ұшын беру біздің биліктің басты міндеті болуға тиіс. Ал, көш көлікті болсын десек оның жолындағы қолдан жасалған кедергілердің бәрін алып тастауымыз қажет. Бұл шараны шұғыл іске асырмасақ, ертең шетелдегі қандастарымыздан мүлдем көз жазып қалуымыз әбден мүмкін.
Зейнолла АБАЖАН,
"Қазақ үні" ұлттық порталы