Тасқын судың құрбаны: 59 жастағы әйелдің денесі су басқан үйден табылды
2017 ж. 18 сәуір
3321
4
Ақмола облысында су кірген үйлердің бірінен әйел адамның денесі табылды. Бірақ, ресми органдар бұл өлімді тасқынмен байланыстырмайды деп хабарлайды 31 арна.
Жылда осы мезгілде Атбасар мен Сандықтау аудандарының тұрғындары "айтып келмейтін апат қайтып келмесе екен" деп жандарын шүберекке түйіп отырады. Қыс бойғы қалың қар еріп, қолдан жасалған бөгетті әп-сәтте бұзып әкеткен. Бұған арнасынан асқан Жабай өзені қосылып, маңындағы үйлер судың бел ортасында қалды.
Су тасқынының кесірінен Ақмола облысындағы Сандықтау және Атбасар аудандары зардап шекті. Қос аудан бойынша қазір 300-ге жуық үй суға кетті. Сондай-ақ, 59 жастағы әйелдің денесі су басқан үйден табылған.
"Күйеуім ауылға су кірген кезде, яғни таңғы 5 кезінде кіріп шыққанда ол аман болатын. Малдар мен заттарды қауіпсіз жерге шығарып болғаннан соң, сағат 11 - де үйіне кіргенде, оның өліп жатқанын байқадық. Тұншығып не үсіп қалған болу керек", - дейді марқұмның көршісі.
Ал Атбасар қаласында былтыр жазда ғана 63 миллион теңгеге Жабай өзеніне жақын үйлер ұзындығы 9, 5 шақырым бөгетпен қоршалған еді. Алайда бір жылға жетпей, тасқын тұрғын үйлерді қоршап тұрады деген бөгеттің бірнеше жерін бұзып өтіп, 30-ға жуық тұрғын үйдің іші "бассейнге" айналды.
Сорақысы, төтенше жағдай соңғы он жылда осымен төртінші рет қайталаныпты.